Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жеке тұрғын үй құрылысы (ЖТҚ) үшін жер учаскелерін алуға кезекте тұрғандардың бірыңғай тізілімін әзірлеуді тапсырған болатын. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, учаскесін алуға кезекке қою процесін автоматтандыру мәселесін пысықтады. Ал әкімдіктер “Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры” жаңа ақпараттық жүйесінің жария кадастр картасына жүктеу үшін бұдан бұрын кезекте тұрғандар туралы жиналған ақпаратты ұсынды.
Бұған дейін жер учаскесін алу кезегіне тұру мақсатында қазақстандықтар əкімдіктерге қағаз жүзінде өтініш тапсыратын, онда кезек ретінің дұрыс жүргізілмеу қаупі болатын. Ол кезде кезекке тұру процесі 12 күнге созылатын. Бұл өтініштер 16 жыл бойы аудан, қала, облыс деңгейінде бөлек-бөлек сақталды.
Жаңа жүйенің нəтижесінде қазақстандықтар кезекке тұрып, “eGov.kz”-те оның қаралу барысын өз бетінше бақылап, жер кезегіне бұдан бұрын берілген өтініштің деректерін өзектендіре алады. Осылайша əрбір қазақстандық алуы тиіс 10 сотық жерді алу барысы барынша ашық болады.
– Əкімдіктер берген тізімді біз цифрландырып, электронды форматқа ауыстырдық. Жер теліміне кезекті цифрландыру – сыбайлас жемқорлықты жою жəне жерді игеру үдерісінде жасалған үлкен ілгері қадам. Енді кəмелет жасына толған əрбір қазақстандық үйден шықпай-ақ, 10 сотық жерге “eGov.kz” порталы арқылы өтінім бере алады. Тағы бір жаңашылдық – енді таңдаған аймақтың əкімдігіне бармай-ақ, еліміздің кез келген өңірінен жер теліміне өтінім беруге болады, – деп түсіндірді Цифрлық даму, инновациялар жəне аэроғарыш өнеркəсібі вице-министрі Əсет Тұрысов.
Қызметті пайдалану үшін “eGov.kz” порталына кіріп, “Жылжымайтын мүлік” – “Жер қатынастары” бөлімінен “Жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскесін (10 сотық жер) алуға кезекті қарау немесе кезекке тұру” қызметін таңдау қажет. Əрі қарай өтініш түрін таңдау керек. Бүгінде порталда өтініштің үш түрі бар:
– кезекке қою;
– деректерді өзектендіру;
– кезектен шығару.
Егер сіз жер учаскесін алу үшін кезекке алғаш рет өтініш білдіріп тұрсаңыз, онда өзіңіз жер алуды қалайтын аймақты таңдайсыз. Егер сіз бұдан бұрын жер кезегіне тұрған болсаңыз, бірақ ол туралы ақпарат таппасаңыз, онда “Өзектендіру” өтініш түрін таңдауыңыз қажет. Кезекке тұрғаныңызды растау үшін қолыңызда бар құжатты (талонның сканерленген нұсқасы, өтініштің, жеке куəліктің жəне т.б. көшірмелері) жүктеу қажет.
Сондай-ақ кезек ретін www.map.gov4c.kz/egkn сайтында ЭЦҚ арқылы авторизациядан өтіп, бақылап отыруға болады. Бұдан бұрын алған жер кезегінен бас тарту үшін “Шығару” өтініш түрін таңдау қажет. Егер азамат бұдан бұрын мемлекеттен тегін жер телімін алған болса немесе елді мекенде жер телімі болмаса, жер кезегіне өтініш бере алмайды.
Бос учаскелерді беру жөніндегі шешімді əкімдіктер қабылдайды. Учаскелер алаңдардың дайын болуына қарай немесе елді мекеннің бас жоспарына сəйкес, бос аумақтар болған жағдайда берілетін болады. Егер бұрын бір өңірде жер теліміне кезекке тұрған болсаңыз, ал қазір өзге аймақтан жер алуға ниеттенсеңіз, 10 сотыққа кезек реті ертерек келген өңірден жер бір рет қана берілетінін, қалған өтініштердің күші жойылатынын ескеру қажет. Жер кодексінің 50-бабына сəйкес, Қазақстанның əрбір азаматы жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін (10 сотық жер) тегін алуға құқылы.
Әсет ҚАНАФИН.