«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕР АЛУ КЕЗЕГІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жеке тұрғын үй құрылысы (ЖТҚ) үшін жер учаскелерін алуға кезекте тұр­ғандардың бірыңғай тізілімін әзірлеу­ді тапсырған болатын. Цифрлық да­му, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Ауыл шаруа­шылығы министрлігімен бірлесіп, учаскесін алуға кезекке қою процесін автоматтандыру мәселесін пысықта­ды. Ал әкімдіктер “Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры” жаңа ақпараттық жүйесінің жария кадастр картасына жүктеу үшін бұдан бұрын кезекте тұрғандар туралы жиналған ақпаратты ұсынды.

Бұған дейін жер учаскесін алу ке­зегіне тұру мақсатында қазақстан­дық­тар əкімдіктерге қағаз жүзінде өті­ніш тапсыратын, онда кезек ретінің дұ­рыс жүргізілмеу қаупі болатын. Ол кезде кезекке тұру процесі 12 күнге со­зылатын. Бұл өтініштер 16 жыл бойы аудан, қала, облыс деңгейінде бөлек-бөлек сақталды.

Жаңа жүйенің нəтижесінде қазақ­стандықтар кезекке тұрып, “eGov.kz”-те оның қаралу барысын өз бетінше ба­қылап, жер кезегіне бұдан бұрын берілген өтініштің деректерін өзектендіре алады. Осылайша əрбір қазақстандық алуы тиіс 10 сотық жерді алу барысы барынша ашық болады.

– Əкімдіктер берген тізімді біз цифрландырып, электронды форматқа ауыстырдық. Жер теліміне ке­зекті цифрландыру – сыбайлас жем­қорлықты жою жəне жерді игеру үде­рісінде жасалған үлкен ілгері қадам. Енді кəмелет жасына толған əрбір қа­зақстандық үйден шықпай-ақ, 10 сотық жерге “eGov.kz” порталы арқылы өтінім бере алады. Тағы бір жаңашылдық – енді таңдаған аймақтың əкімдігіне бармай-ақ, еліміздің кез келген өңірінен жер теліміне өтінім беруге болады, – деп түсіндірді Цифрлық даму, инновациялар жəне аэроғарыш өнеркəсібі вице-министрі Əсет Тұрысов.

Қызметті пайдалану үшін “eGov.kz” порталына кіріп, “Жылжымайтын мү­лік” – “Жер қатынастары” бөлімінен “Жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскесін (10 сотық жер) алуға кезекті қарау немесе кезекке тұру” қызметін таңдау қажет. Əрі қарай өтініш түрін таңдау керек. Бүгінде порталда өті­ніштің үш түрі бар:

– кезекке қою;

– деректерді өзектендіру;

– кезектен шығару.

Егер сіз жер учаскесін алу үшін ке­зекке алғаш рет өтініш білдіріп тұр­саңыз, онда өзіңіз жер алуды қа­лайтын аймақты таңдайсыз. Егер сіз бұ­дан бұрын жер кезегіне тұрған болсаңыз, бірақ ол туралы ақпарат таппасаңыз, онда “Өзектендіру” өтініш түрін таңдауыңыз қажет. Кезекке тұрғаныңызды растау үшін қолыңызда бар құжатты (талонның сканерленген нұсқасы, өтініштің, жеке куəліктің жəне т.б. көшірмелері) жүктеу қажет.

Сондай-ақ кезек ретін www.map.gov4c.kz/egkn сайтында ЭЦҚ арқылы авторизациядан өтіп, ба­қылап отыруға болады. Бұдан бұрын алған жер кезегінен бас тарту үшін “Шығару” өтініш түрін таңдау қажет. Егер азамат бұдан бұрын мемлекеттен тегін жер телімін алған болса немесе елді мекенде жер телімі болмаса, жер кезегіне өтініш бере алмайды.

Бос учаскелерді беру жөніндегі ше­шімді əкімдіктер қабылдайды. Учаскелер алаңдардың дайын болуына қарай немесе елді мекеннің бас жос­парына сəйкес, бос аумақтар болған жағдайда берілетін болады. Егер бұрын бір өңірде жер теліміне кезекке тұрған болсаңыз, ал қазір өзге ай­мақтан жер алуға ниеттенсеңіз, 10 со­тыққа кезек реті ертерек келген өңірден жер бір рет қана берілетінін, қал­ған өтініштердің күші жойылатынын ескеру қажет. Жер кодексінің 50-ба­бына сəйкес, Қазақстанның əрбір аза­маты жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін (10 сотық жер) тегін алуға құқылы.

Әсет ҚАНАФИН.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp