Олимпиада ойындары бағдарламасына енетін су спорты елімізде қарқынды дамып келеді. Оған әлемдік, құрлықтық жарыстарда жерлестеріміз жеңіп алған жүлделер дәлел. 2016 жылы Риода өткен Олимпиадада Дмитрий Баландин алтыннан алқа тақса, мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасындағы Паралимпиадада Зүльфия Габидуллина үздік атанды. Олардың жеңісті жолы жас өрендердің су спортына деген қызығушылығын арттырғаны сөзсіз. Облысымызда да су спортымен айналысуға бел буғандар қатары қалың. “Дельфин” мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі тәрбиеленушілерінің жеткен жетістіктері де – бір төбе.
Петропавл қаласындағы “Дельфин” жүзу бассейнінің ғимараты 1972 жылдың желтоқсанында ашылған. 1979 жылы “Авангард” балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жанында жүзу бөлімшесі құрылып, оның негізінде кейінірек су спорты түрлері бойынша спорт мектебі ашылған болатын. 2006 жылы оған олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі атауы берілді.
Спорт мектебінде 10 жаттықтырушы жұмыс істейді. Олардың – үшеуі жоғары, екеуі бірінші және үшеуі екінші санатты бапкерлер. Жүзу бассейнінде ұзындығы 25 метрді құрайтын үлкен және 12,5 метр болатын кіші бассейін мен спорт залы бар. Төрт топта 7-18 жас аралығындағы 349 бала жүзу спортымен шұғылданып жүр.
– Жүзу спортының бір артықшылығы, дене мүшелерінің қызметін жақсартып, омыртқа сүйектерінің жанындағы кішкентай бұлшық еттерді шынықтырады. Сонымен қатар сабақтан шаршап, күйзеліске ұшыраған жасөспірімді жаман ойлардан арылтуға сеп. Суық су бойдағы жағымсыз эмоция мен негативті көңілді шайып әкетеді десе де болады. Баланың бойына қуат беріп, өзін сергек сезінуіне мүмкіндік жасайды. Суда жүзген баланың дене бітімі түзу, буындары иілгіш, қимылы шапшаң келеді, – дейді жүзу спорты бойынша облыстың аға бапкері Александр Савельев.
Аталмыш мектеп ашылғалы көптеген атақты спортшылар қанат қақты. Солардың қатарында халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Афиныдағы Олимпиада ойындарының финалисі, Катардағы Азия ойындарының чемпионы Владислав Поляков та бар. Азия чемпионы Ильдар Габтелмаликов, Омандағы ашық суда жүзуден өткен Азия ойындарының финалисі Александр Труш пен 2005 жылғы Азия чемпионатының жүлдегері Дмитрий Гапотченко да “Дельфиннің” түлектері.
Өткен жылы карантиндік шектеулерге қарамастан, спорт мектебінің тәрбиеленушілері 13 додаға қатысып, әр түрлі дәрежедегі 86 жүлдеге ие болды. Оның 29-ы алтын, 24-і күміс және 33-і қола медальдар. Спортшылар 4 республикалық додада бақтарын сынап, 24 медальға ие болса, соның 4-уі алтын, 10-ы күміс , қалған 10-ы қола.
Бүгінгі таңда “Дельфин” спорт мектебінің 23 тәрбиленушісі еліміздің ұлттық құрамаларына алынған. Ересектер арасында еліміздің намысын – 2, жастар арасында – 9, жасөспірімдер сапында 12 жеткіншек қорғап жүр.
– Сәуір айының басында біздің команда ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының ашық жазғы чемпионатына қатысты, аталған дода халықаралық жарыстарға іріктеу ретінде өтті. Жарыс қорытындысы бойынша қоржынымызда 2 күміс, 1 қола медаль бар. Егор Василенко 2023 жылдың қыркүйек айында Қытайда өтетін Азия чемпионатына қатысуға жолдама алды. Мирослава Пригоженко, Артем Казанцев, Егор Василенко Францияның Нормандия қаласында жалауы желбірейтін халықаралық жазғы мектеп ойындарына қатысу үшін ел құрамасының сапына алынды. Яна Лукьянчикова мен Егор Василенко “Азия балалары” халықаралық ойынына барады, – дейді “Дельфин” олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Серік Қасымов.
Қазіргі уақытта спорт мектебінің тәрбиеленушілері 2006-2007 жылдары туғандар арасында Нұр-Сұлтан қаласында өтіп жатқан ел чемпионатына, Шымкент қаласында болатын 2010 жылғы және одан кіші жеткіншектер арасындағы біріншілікке дайындалуда. Жалпы биылғы оқу жылының соңына дейін республикалық деңгейдегі 5 жарысқа қатысуды жоспарлап отыр.
Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.