«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Отан үшін отқа түскен

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Отан үшін отқа түс күймейсің” деп батыр Бауыржан Момышұлы айтқандай, бүгінгі таңда туған жерді сүю, елдің өркендеуі үшін қызмет ету, шекараны сыртқы жаулардан қорғау мәселесі өте өзекті тақырыпқа айналды. Оның бір себебі әлемдегі геосаяси жағ­дайға да байланысты. Ел мен жерді жаудан азат ету жолында аянбай шайқасқан екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерін жастарға үлгі етуіміз керек. Осы мақсатпен қан майданда жанқиярлықпен ерлік көрсеткен атам Көшербай Бай­тасұлы туралы жазуды жөн көр­дім.

Жер көлемі жағынан әлемде тоғы­зыншы орында тұрған, асты мен үсті бай­лыққа толы осынау ұлан-ғайыр жерді ержүрек бабаларымыз ақ бі­лек­тің күшімен, ақ найзаның ұшымен қор­ғап, бізге аманаттады. Олар ға­сыр­­лар бойы ентелеген жауға тойта­рыс беріп, қазақтың атын тарихта алтын әріппен қалдырды. Ал сол құн­дылық­ты қазіргі ұрпақ қастерлеп жүр ме? Са­уал көп, жауап аз. Бұрынғыны айтпа­ғанның өзінде, кешегі Ұлы Отан соғы­сында да ел басына қара бұлт үйіріл­меп пе еді? Алдыңғы шепте жау­дың оғын жалаңаш кеудесімен тосқан да біздің баһадүр аталарымыз бен әке­леріміз болатын. Аналары­мыз да бар­лық қиындықты мойнымен көте­ріп, тылда тынымсыз еңбек етті. Сол ба­тыр әкелеріміз бен қайсар ана­ла­ры­мыздың әрқайсысына бір-бір ес­керт­кіштен тұрғызсақ та артық бол­майды.

Биыл екінші дүниежүзілік соғыс­тың оты тұтанғалы да 81 жыл болып­ты. Тыныш жатқан елге 1941 жылдың 22 маусымында фашистердің соғыс ашқанына да бір адамның ғұмырын­дай уақыт өткен екен. Сойқан соғыс­тың салған жарасы әлі күнге дейін жазыла қойған жоқ. Атам Көшербай Байтасұлы 1910 жылы 10 қаңтарда қа­зіргі Тимирязев ауданы Жарқын ауы­лында қарапайым отбасында дүние­ге келген. Ұжымшар жұмысына ерте араласып, ауылдың гүлденуіне үлес қосқандардың ішінде алдыңғы қатар­да жүрген. Жігіттік жас – 20-дан асқан кезінде қолдан жасалған ашаршы­лық­тың ауыртпалығын көріп, орда бұ­зар 30-ында сұрапыл соғысқа тап бо­лады. Алайда жас жігіт еш мойымай­ды. 1941 жылдың тамыз айында май­данға аттанады. Соғыс ешкімді аяма­ған. Кімнің дәм-тұзы таусылатынын, ал кім үйіне аман-есен оралатынын бір Құдайдың өзі ғана біледі.

Батыстағы майдан алаңына жет­кен­ше, талай рет бомбаның астында қалады. Бірақ артқа шегінер жол жоқ. Әсіресе Беларусь маңындағы жорық жолдары ауыр болады. Көлік жүре алмайтын батпақты жерлермен жүріп атысу, әуеден жасалатын шабуыл­дар өте қиын жағдайға қалдырады. Атамның айтуынша, алғашқы кезде жау әскері әлдеқайда мықты болған көрінеді. Олардың қолдарында озық үлгідегі қару-жарақ, ал біздің жігіттер­дің дайындығы да осал, қару да же­тің­кіремеген. Сонда да ержүрек жігіт­тердің ерік-жігерінің арқасында неміс фашистерінің беті қайтып, Мәскеудің түбіне жеткенде тойтарыс берілгені белгілі. Сол шайқастың бел ортасын­да қатардағы жауынгер Кө­шер­бай Байтасұлы да жүрген. Ол жаяу әскер бөлімшесінде соғысты.

Соғыстан кейінгі жылдары жеңіс­тің қандай жолмен келгенін білгісі кел­гендерге атамыз бастан кешкен­дерін көзіне жас ала отырып, әңгімелеп бе­руші еді. Оның шайқаста көрсеткен ерліктері біздің есімізден әлі шыға қойған жоқ. Командирі: “Қайда бар­саңдар да қаруларыңды өздеріңмен қоса алып жүріндер”, – дейді екен. Бірде от жағатын құрғақ шырпы іздеп, тоғай ішіне енген кезде, бұғып отыр­ған неміс офицерінің дәл үстінен түседі. Әлгі жерде екеуі алыса кетеді. Ол да еңгезердей дәу біреу болса керек, мұны алып ұрып астына басып алады. Атамыз да оңай жау емес екенін байқатады. Жақтан бір салып есеңгіретіп, үстіне мініп алады. Көзді ашып жұмғанша қаруын тартып алып, қолын байлап үлгереді. Содан қару кезеп, алды-артына қаратпай, командирінің алдына алып келеді. Фашист қоршауда қалып, қашып үл­гермеген көрінеді.

Сталинград майданында болған бір оқиғаны ұмыта қойған жоқпыз. Әс­керлер төбешіктің басында кезекпен қарауылда тұрады. Бірде төбешіктің астынан әлдебір дыбыс шыққандай болыпты. Секем алған жауынгер жан-жағын байқап қараса, төменірек­те қуыс бар екен. Байқаса сол жерді фашистер паналап, тығылып жоспар құратын көрінеді. Атамыз бала күні­нен епті кісі ғой. Сыбдыр білдірмей, қуыстың аузында жатқан жаудың мылтықтарын жинап алыпты. Екінші қайта серіктерімен бірге барып, жиыр­мадан астам немісті тұтқын­да­ған екен. Оларда ұсталып қаламыз-ау деген ой болмапты. Атамыз осы сияқты үлкенді-кішілі жасаған батыл әрекеттері үшін “Ерлігі үшін” меда­лі­мен марапатталды. Көшербай Бай­тасұлы­ның басқа да марапаттары аз емес, соның ішінде “Праганы азат еткені үшін”, “Берлинді алғаны үшін” және “Германияны жеңгені үшін” ме­дальдарының орны бөлек. Атам көзі тірісінде: “Бұл – жай ғана беріл­ген сый­лық емес, қан мен тердің арқа­сында келген марапат. Мен үшін бә­рі­нен де қымбат. Маңызына көз жүгір­тіп ойланыңдар”, – деп айтып отыра­ды екен. Өйткені әрбір жауынгер бұл жеңісті өзіне берген сертінің орын­дал­ғаны, болашақ ұрпаққа бұйырған бейбіт күнді жақындатқанының бел­гісі деп білген.

Көшербай Байтасұлы соғыстан кейін ауылда мал бақты. Азды-көпті ғұмырында 4 баланы өмірге әкеліп, одан 17 немере, 34 шөбере, 20 шақты шөпшек сүйіпті. Бұл күнде немере-шөберелер атасының ерлігін мақта­ныш­пен бір-біріне айтып отырады.

Далабай ҚАБДУӘЛИЕВ,

майдангердің шөбересі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp