«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ПАЙДА ОЙЛАМА, АР ОЙЛА”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздіктің сақталуы, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының қорғалуы – ішкі істер органдары мен қызметкерлерінің алдында тұрған ең басты міндет екені белгілі. Сондықтан полиция қызметкері болу үшін білім-білікпен қатар, білек те керек. Төзім мен қажыр-қайрат, шапшаңдық пен жылдамдық, тез шешім қабылдап, әрекет ете білу қабілеті – полицейге қажетті басты қасиеттер. Қазіргі таңда тәртіп сақшыларының азаматтармен тіл табыса білуі, сыпайылық танытуы да аса маңызды рөл атқарып отыр. Осындай толып жатқан талаптардың үдесінен шығуға баса назар аударатын жандардың бірі – Ақжар аудандық полиция бөлімінің бастығы подполковник Еркін Болатұлы Махметовпен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Еркін Болатұлы, әңгімемізді өзі­ңізден бастағанды жөн көріп отыр­мын. Осы саладағы еңбек жолы­ңызды қашан, қайда бастадыңыз?

– Мен ішкі істер органдарында 2002 жылдан бері қызмет атқарып келемін. Осы Ақжар ауданының поли­ция бөлімінің бастығы болып таға­йын­далғанға дейін, көршілес Уәли­ха­нов ауданының полиция бөлімі бас­шы­сының орынбасары болдым. Әри­не, қызмет баспалдақтарымен жоға­ры көтерілу үшін білім ғана емес, тәжі­рибе де керек. Мен де көптеген әріп­тестерім сияқты учаскелік полиция инспекторы, аға тергеуші болдым, ал­дыңғы буыннан тәлім-тәрбие алдым.

– Тәртіп сақшысының бойын­дағы қандай қасиеттерді жоғары ба­ғалайсыз?

– Мамандықтың жаманы болмайды. Әр кәсіптің өз қиындығы мен қы­зығы бар. Ал полиция қызметкерлері­нің жұмысын оңай деп ойлайтындар қателеседі. Себебі біздің мамандар­дың басты ұстанымы – өз ар-ожданы­ның алдында таза болу, қандай қиындықтар мен кедергілер кездессе де шыдау. Ал бұл – кез келген жанның қолынан келе бермейтін іс.

Полиция қызметкерінің басты мін­деті – заңдылықтың сақталуын қада­ғалау, қылмыстың алдын алу. Сон­дықтан әр полиция қызметкері алды­мен өз ісіне адал болуы керек. Сол сияқты кәсіби шеберлігін арттыруға күнбе-күн көңіл бөлгені жөн. Тәртіп сақшылары қызмет барысында көп­теген қиыншылықтарға, күтпеген жағ­дайларға кездесіп жатады. Олар­ды тосып тұрған сын көп. Сол сындардан сүрінбеу үшін шымырлық керек. Де­нешынықтырумен мықтап айналысу қажеттігін айтып отырмын. Осы та­лап­тар деңгейінен көріне білген­дер­дің ғана өз ісінің хас шебері атана­тынына күмәнім жоқ.

– Сіздер таңдаған жолдың жа­уап­кершілігі зор екеніне ешкім кү­мәндана қоймас. Дегенмен жастар­дың көзқарасы қандай? Олар лек-лек сіздердің қатарларыңызға қо­сы­лып жатыр ма?

– Жаңа айтқанымдай, тәртіп сақ­шысы үшін адам қауіпсіздігі мен қо­ғамның тыныштығы бірінші орында болы керек. Себебі олар қызметтік борышы бойынша алдымен өздерін емес, халықты ойлауға, қорғауға мін­детті. Осы жөнінде біз мектеп түлек­теріне кәсіби бағдар беру мақсатында кездесулер ұйымдастырып тұрамыз. Соның нәтижесі болуы керек, жыл сайын аудан мектептері түлектері ара­сында біздің қатарымызға қосылғысы келетіндердің саны көбеймесе, аза­йып отырған жоқ. Іріктеу сындарынан өтіп, оқу орындарына түсіп, тамам­дап, елге оралып, қызмет атқарып жүргендері де баршылық.

– Ниет танытып, полиция қыз­мет­кері боламыз деп жүрген жас­тарға қазіргі таңда жұмыс атқарып жүрген қызметкерлердің әлеумет­тік-тұрмыстық жағдайы да қызық болар. Сондықтан осы жағына да тоқтала кетсеңіз.

– Егер қысқа ғана айтатын болсам, қызметкерлеріміздің әлеуметтік-тұр­мыстық жағдайлары жаман емес. Бү­гінгі таңда полиция қызметкерлері ар­найы формалармен, қызметтік авто­кө­ліктермен қамтамасыз етілген, бас­қа аудан, қалалардан келіп қызмет ат­қаратын қызметкерлер үшін пәтер­ақы­лары төленеді.

– Енді ауданымыздың крими­нал­дық жағдайына қарай ойыссақ, жыл басынан бері атқарылып жат­қан жұмыстарыңыздың нәтижесі­не көңіліңіз тола ма?

– Жалпы Ақжар ауданы бойынша жағдай тұрақты деуге болады. Күн са­йын аудан, ауыл көшелеріндегі қоғам­дық тәртіпті қамтамасыз етуге маман­дарымыз барынша атсалысуда. Жыл басынан бері аудан бойынша “Іздеу”, “Өрмек”, “Дәрмек”, “Транзит” жедел-алдын алу іс-шаралары өткізілді, рейдтер де жиі ұйымдастырылады. Нәтиже айтарлықтай, көшелер мен қоғамдық жерлерде жасалатын құқық бұзушылықтар азайды деуге болады. Айталық, биылғы жылы адам өлімі, мал ұрлығы, қасақана адам өміріне қауіп төндіру, бопсалаушылық сияқты аса ауыр қылмыс түрлері тіркелген жоқ. Қазір біз кез келген ұсақ тәртіп бұзу­шылықтың өзін назардан тыс қал­дырмаймыз, мұндай келеңсіздіктерге “мүлде төзбеушілік” ахуалы қалып­тас­қан. Сөйтіп, 195-тен аса түрлі тәр­тіп бұзушылық анықталып, қоғам ты­ныштығын бұзғандар әкімшілік жа­уап­кершілікке тартылды.

– Келесі сұрағым, қоғамда қызу пікірталас тудыратын өзекті мәсе­ленің бірі – мас күйінде көлік жүр­гізу жайы. Ауданымызда осы ке­селмен күрестің жайы қалай?

– Мас күйінде рөлге отырудың зар­дабы зор екенін жұртшылық жақсы біледі деп ойлаймын. Бұл – өте ауыр қылмыс. Елімізде 2020 жылдан бас­тап мас күйінде көлік жүргізгендерге қолданылатын жазаның қатай­тылға­ны да содан. Ауданымызда осы мә­селе бойынша жыл басынан бері төрт оқиға тіркеліп, тиісті шаралар қолданылды.

– Ауыл тұрғындарын қатты алаң­датып отырған тағы бір жағ­дай – мал ұрлығы. Осыған қашан тыйым салынар екен деп жүрген­дер аз емес.

– Дұрыс айтасыз, біреудің адал еңбекпен жиған малына көзалартатын­дар әлі де бар. Негізі өкініштісі мал жайылымнан жоғалады. Көп жағ­дайда оған тұрғындардың өздері де кінәлі. Өйткені олар малды баққаннан гөрі жайылымға еркін жібергенді жеңіл көреді. Ондай малдардың ит-құсқа ға­на жем болмайтынын көріп жүр­міз. Ақы­ры олар құқық қорғау ор­гандары­ның көмегіне жүгінуге мәжбүр болады. Осы арада бақылаусыз қал­ған мал­дар­дың көлік жүргізушілері­не зияны тиіп жататынын, тіпті жол апат­тарына әкеліп соқтыратынын айта кеткім келеді. Осындай қолайсыз­дықтардың алдын алу мақсатында бізде “Мал ұрлығы” жедел про­фи­лактикалық іс-шарасы ұйымдастыры­лады. Жергі­лік­ті атқарушы органмен бірлесе атқар­ған бұл іс-шаралар өз нәтижесін бе­реді деп ойлаймын. Мысалы, былтыр­ғы жылы салғырт­тықтары үшін173 мал иесі әкімшілік жазаға тартылса, биыл көктем айы жаңа басталса да 42 тұрғынның олардың қателігін қайтала­ғаны анықталды.

– Еркін Болатұлы, Президентіміз биылғы жылды “Балалар жылы” деп жариялады. Осы орайда бала­лардың өміріне қауіп төндіретін сын-қатерлермен күрес қалай ұйым­дастырылып отыр?

– Бұл мәселелер – біздің басты на­зарымызда. Әсіресе кәмелетке тол­мағандардың істері жөніндегі учаске­лік полиция инспекторлары талмай жұмыс атқаруда. Өткен тоқсанда осы бағытта “Жеткіншек”, “Балалар, назар аудар!” жедел профилактикалық іс-шаралары өткізілді. Қазіргі таңда “Мен және менің полицейім” атты ба­лалардың құқықтық сауатын арт­тыруға бағытталған республикалық науқан ұйымдастырылуда. Біздің инс­пекторлар барлық тәрбие орталық­тарымен, мектептермен бірлесе жұмыс жүргізуде. Тұрмысы төмен, қолайсыз отбасылардың балаларын үнемі назарда ұстауға тырысамыз. Олармен әңгімелер өткізу өз алдына, түрлі тақырыптарды семинарлар ұйымдастыру, дәрістер оқу, мектеп оқушыларының қатысуымен сайыс­тар өткізу дәстүрге енді.

– Жасыратыны жоқ, халық ара­сында полиция қызметкері “жаза­лаушы” деген көзқарас қалыптас­қан. Мемлекет басшысы полиция қызметкері қиын жағдайда азамат­тарды қорғаушы, көмек көрсетуші болуы керектігін айтты.

– Рас, Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде елімізде полиция қызметін ба­ғалаудың өзіндік өлшемдері қалып­тас­ты. Бұдан бөлек, соңғы онжылдық­та құқық бұзушылықтарды анықтау­дың статистикалық деректері негізін­де ғана жергілікті полиция қызмет­керлерінің жұмысын сүзгіден өткізудің тұрақты тәжірибесі қалыптасты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Халық бірлігі мен жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі” атты және биылғы Жол­да­уын­да да ішкі істер органдарының қыз­метіне қатысты бірқатар нақты тап­сырма берген болатын. Соның бірі әрі ауқымдысы-полицияның сервистік моделін құру. Қазіргі таңда бұл мо­дель қанатқақты жоба ретінде қол­данылуда. Бұл жерде ашылған қыл­мыстың саны емес, құқық бұзушы­лықтың анықтау көрсеткіші емес, оның жолын кесу, қарапайым жұртқа көмек көрсету және халықпен сенімді қарым-қатынас орнатуға дайын болу – ең басты талаптардың бірі ретінде қарастырылуда. Біз алдағы уақытта осы талап деңгейінен көрінуге барын­ша күш салатын боламыз.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан,

Алмагүл МАНАПҚЫЗЫ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp