«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ауыл медицинасына — айрықша назар

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният келгенін газетіміздің өткен санында жазғанбыз. Министр сапарының екінші күні Петропавл қаласындағы Жастар сарайында өңір тұрғындарымен кездесу өткізді. Ол ведомствоның 2021 жылғы жұмысының қорытындылары туралы айтып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауда жүктеген міндеттерін орындау барысын баяндады.

Ажар Ғиният өз сөзінде денсаулық сақтау саласын дамытудың басым бағыттарына, нақтырақ айтқанда, алғашқы медициналық-санитарлық қызмет ұйымдары көрсететін медициналық қызметпен қамту көлемін және оның қолжетімділігін арттыруға, қаржыландыруды ұлғайтуға, ауылдық медицинаны дамытуға, жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетуге, ана мен баланы қорғауға баса назар аударды.

– Денсаулық сақтаудың негізгі көрсеткіштеріне қол жеткізу, ең алдымен, бастапқы буынның табысты жұмысына байланысты екені анық. 2025 жылға қарай 500 бастапқы медициналық санитарлық көмек нысанын салу жоспарланған. Солтүстік Қазақстан облысында 49 емдеу мекемесі бой көтереді. Сондай-ақ бастапқы медициналық санитарлық көмек ұйымдарында гериатриялық кабинеттер ашу жоспарда бар, өңірде мұндай 8 кабинет ашылады, – деді министр.

Қазіргі уақытта Солтүстік Қазақстан облысында барлығы 530 бастапқы медициналық-санитарлық көмек мекемесі жұмыс істейді – бұл республиканың барлық ұйымдарының 10 пайызға жуығы. Қалада – 4, ауылдарда 526 нысан орналасқан. Министрдің айтуынша, облыс тұрғындарын медициналық қызметпен қамтуды ұлғайту үшін мобильді бригадаларды, қашықтан көрсетілетін медицинаны, амбулаториялық хирургияны және оңалту шараларын енгізу жалғастырылады.

Мектеп медицинасын жетілдіру үшін жаңа стандарт жасалатын болады, бұл оқушыларды кәсіби тексеру тәсілдерін жүйелеуге және тірек-қимыл аппараты, көру жүйесі зақымданған балаларды ерте анықтауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ консультациялық-диагностикалық қызметтер 1,5 есе ұлғайтылады, бұл ауруларды ерте диагностикалаудың қолжетімділігін арттыруға және халықтың денсаулық сақтауға кететін жеке шығындарын төмендетуге мүмкіндік береді. Дәрілік заттардың қолжетімділігін арттыру мақсатында амбулаториялық дәрі-дәрмек тізбесін кеңейту және қайта қарау жөніндегі жұмыс жалғастырылатын болады.

Министр ауылдық жерлерде медицинаны дамытуға жеке тоқталды.

– Солтүстік Қазақстан облысында 526 ауылдық денсаулық сақтау ұйымы бар. Бұл ұйымдар ғимараттарының тозуы 74,8 пайызды құрайды. Осыған байланысты облыстың атқарушы билік органдары ауылдағы медициналық ұйымдардың инфрақұрылымын жақсарту бойынша шаралар қабылдауы керек, сондай-ақ оларды материалдық-техникалық қамтамасыз етуге күш салу маңызды, – деді Ажар Ғиният.

Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы алыстағы ауылдық елді мекендерге жылжымалы медициналық кешендер жіберу арқылы профилактикалық тексерулер жүргізу, пациенттерді мұқият және сапалы тексеруді қамтамасыз етуді ұсынды. Ажар Ғинияттың айтуынша, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында 2022 жылы ауылдық жерлерде 80 медициналық нысанның, соның ішінде Солтүстік Қазақстан облысында 18 емдеу мекемесінің құрылысы жоспарланып отыр. Бұл ретте ауылдағы медициналық ұйымдардың базасында дәріхана пункттерін құру қажет. – 2 млн. ауыл тұрғыны профилактикалық тексерумен қамтылады, оның ішінде Солтүстік Қазақстан облысында кемінде 33 мың адамды қамту жоспарланған, – деді Ажар Ғиниятқызы.

Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, ана мен баланы қорғау, шала туған нәрестелерге көмек көрсету сапасын арттыру, балалардағы патологиялық ауруларды ерте анықтауды қамтамасыз ету сияқты жедел шешуді талап ететін бірқатар міндеттер бар.

– Аталған міндеттерді шешу мақсатында шалғай аудандарда медициналық қызмет көрсету үшін 20 ауданаралық ауруханада перинаталдық көмектің үшінші деңгейлі перзентхана бөлімшелерін ұйымдастыру қарастырылған. Солтүстік Қазақстан облысында бір ауданаралық аурухана ашу жоспарлануда. Үстіміздегі жылы өңірде оңалту орталығын ашу жоспарланған және 140 мектеп “Денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мектептер” жобасымен қамтылады, – деді ол.

Министр облыс тұрғындарының дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, балаларды оңалту мүмкіндігі, мамандарға жазылу, медициналық сақтандыру шеңберінде дәрігерді таңдау туралы көптеген сұрақтарына жауап берді. Кездесу соңында министр ведомствоның ашықтығын, қоғаммен сындарлы диалогқа дайын екенін атап өтіп, қазіргі уақытта “100 күн – 100 мәселе” әлеуметтік жобасы аясында өтініштер қабылданып жатқанын еске салды.

* * *

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында өңірде бала туу көрсеткіші 3,5 пайызға төмендеп, өлім-жітім 13,4 пайызға өскенін айтты. Қанайналым жүйесі ауруларынан болатын өлімнің 7,35 пайызға өсуі де алаңдатып отыр.

Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, 2021 жылы 271 елді мекеннің 35 мыңнан астам тұрғынына 60 мыңға жуық медициналық қызмет (диагностикалық, зертханалық зерттеулер, бейінді мамандардың консультациялары, вакцинациялау) көрсетілді. 1331 науқас анықталып, 31 пайызы (411 адам) динамикалық бақылауға алынды. Үстіміздегі жылы жылжымалы медициналық кешеннің жұмысы жалғасады, 20 мыңнан астам ауыл тұрғынын қамту жоспарлануда.

Халықты үздіксіз дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді. Жыл басынан бері амбулаторияларға 3,25 млрд. теңгенің дәрілік заттары мен медициналық бұйымдары жеткізілді, бұл жылдық қажеттіліктің 43 пайызын құрайды, ал стационарларға 1,95 млн. теңгенің дәрілік заттары жөнелтілді, бұл жылдық қажеттіліктің 33 пайызын құрайды.

Облыста шамамен 7533 медицина қызметкері, соның ішінде 1694 дәрігер және 5839 орта медицина қызметкері жұмыс істейді.

– Салаға білікті мамандарды тарту үшін министрлік жыл сайын өңірдің қажеттілігін ескере отырып, медицина кадрларын даярлауға және олардың біліктілігін арттыруға мемлекеттік білім беру тапсырысын бөледі. 2021 жылы облыс үшін 89 білім гранты бөлінді. Министрліктің республикалық комиссиясы өңірге 56 түлекті, соның ішінде 20-ын ауылға жіберіп, жұмысқа орналастырды. Жергілікті жерлерде кадрларды ұстап қалу үшін жас мамандарды әлеуметтік жағынан қолдау қажет, 2021 жылы облыстық бюджеттен 22 жас маманға көтермеақы, тұрғын үй сатып алуға 9 несие берілді, – деді Ажар Ғиниятқызы.

Рабиға ЕРАЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp