Мамлют ауданының диқандары көктемгі егіс жұмыстарына қызу дайындық үстінде. Егіс науқанын уақытылы әрі сапалы жүргізу – мол өнім алудың кепілі. Биыл мамлюттіктер 164,5 мың гектар жерге дән себуді көздеп отыр. Оның ішінде дәнді дақылдар 117,6 мың, майлы дақылдар 38,5 мың, мал азығы 13,9 мың гектар алқапқа себілмекші. Ал картоп пен көкөністі 1,2 мың гектарға егу жоспарлануда.
– Көпжылдық шөптерді егуді шаруашылықтар 3 мамырда бастайды. Майлы дақылдар 15-26 мамыр аралығында, бір жылдық шөптер 2-6 маусым аралығында, ал дәнді дақылдар 17 мамырдан 28 мамырға дейін егіледі. Жыл басынан ауыл шаруашылығы техникаларын жаңартуды қолға алып, биыл 773 млн. теңгеге 49 техника сатып алдық. Өткен жылы 189 техника алу үшін 9,2 млрд. теңге жұмсалған, – дейді Мамлют аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мұрат Қожаев.
Көктемгі егіс науқанының сәтті өтуінің тағы бір маңызды құрамдас бөлігі – шаруаларды жанар-жағармаймен қамтамасыз ету. Биыл көктемгі дала жұмыстары үшін арзандатылған дизель отынын жеткізуге “Эталон Регион”, “ПетроРетайл”, “Даймон Север” және “Солтүстік отын компаниясы” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері тағайындалды. Жанармайға деген қажеттілік 3300 тоннаны құрайды, бағасы литріне – 210 теңге. Бүгінгі таңда 2280 тонна дизельдік отыны немесе 66 пайызы жеткізілген.
Мұрат Мейрамұлының сөзінше, биылғы көктемгі дала жұмыстарына 936 трактор, 795 дән сепкіш, 61 жоғары өнімді егіс кешені, 270 жүк көлігі қатысады.
Өсімдік шаруашылығында жоғары сұрыпты тұқым маңызды рөл атқарады. Аудан тұқыммен толық қамтамасыз етілген. Ауыл шаруашылығы дақылдарының 19,6 мың тонна тұқымы бар, олар зертханаларда толық сынақтан өткізілген. Биылғы егіс үшін 580 тоннадан астам элиталық, бірінші және екінші репродукциялы ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымы дайын. “Боевчанка”, “Ликамера”, “Уралосибирская”, “Старт”, “Трисо”, “Алтай жница”, “Любава5” сияқты бидай сұрыптары бар.
Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,
“Soltüstık Qazaqstan”