«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КҮРЕСКЕР ЖАЗУШЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қаламының қуатымен артына теңдессіз шығармашылық мұра қал­дырған халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, “Отан” орденінің иегері, Петропавл қаласының құрметті азаматы Сафуан Шәймерденовтің 100 жылдық мерейтойы облыс аумағын­да кең көлемде атап өтілді. Сондай игі шаралардың бірі жазушы­ның есімін иеленген қалалық классикалық гимназияда ұйымдастырылды.

Облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметовтің, қаламгердің туыста­рының, немере інісі Сайын Шәймер­де­новтің, М.Қозыбаев атындағы Сол­түстік Қазақстан университеті, білім беру саласы, зиялы қауым өкілдері­нің қатысумен белгілі меценат, “Да­йындық-Агро” ЖШС басшысы Біржан Шәймерденовтің демеушілігімен алыстан “мен мұндалап” көз тарта­тындай етіп үлкейтіліп, қайта жаңар­тылған мемориалдық тақтаға гүлшоқ­тары қойылып, қаламгер рухына құр­мет көрсетілді.

“Сафуан Шәймерденов мұрасы – ұрпаққа өнеге” атты әдеби-танымдық “дөңгелек үстел” отырысын білім оша­ғы­ның директоры Күлтай Мұқанова жүргізіп отырды. Ол жиынның мақса­ты ұлтының ар-намысын бәрінен жо­ғары қойған сыршыл суреткердің айшықты қолтаңбасы мен мағыналы ғұмырнамасын насихаттау, жастар жүрегіне ұялату екенін жеткізіп, бі­рінші сөзді Ғани Нығыметовке берді.

Ғани Сақтағанұлы облыс орталы­ғын­дағы тұңғыш ұлттық мектептің ашы­луына баға жетпес үлес қосқан проза шеберінің күрескерлік болмы­сына тоқталды.

“2015 жылы 25 ақпанда гимназияға заңғар жазушының есімі берілді. Со­дан бері мектеп өмірінде жаңа дәуір парағы ашылды десе де болады. Мектеп түлектері аталарының атақ-даңқына кір келтірмей, асқақтатып келеді. Жыл сайын 15 сәуір күні – туған күнінде жазушының есімін ұлықтау жақсы дәстүрге айналған. Биыл бұл күн ерекше мәнге ие. Сафекеңнің есімін көшеге беру жайын ойластырып жатырмыз”, – деді Ғани Сақтағанұлы.

Оқу жоспарына “Сафуантану қол­данбалы курсы 5-сыныптан бастап енгізілген. Жалпы білім беретін қазақ мектеп-лицейлері мен гимназиялары арасында “Көркем сөздің зергері” атты шығармашылық-танымдық бай­қау жүйелі түрде өткізіледі. Қазақ тілі мен әдебиеті пәндері бойынша үздік шыққан оқушыларға Сафуан Шәй­мер­денов атындағы арнайы сыйақы тапсырылады. Осынау игі істің одан әрі кеңінен қанат жаюына қолдау жа­сап келе жатқан қордың президенті Сайын Есмағиұлы өзі “әке” деп атап кеткен абыз ақсақалдың жұртшылық біле бермейтін адамгершілік қырла­ры жайлы айтты.

“Әкеміз өте қарапайым болды. Алау-жалау мереке-той өткізуге аса құлшынбайтын. Мерейтойын өмірін­де бір-ақ рет 70 жасқа толғанда ғана атап өтті. Оның өзінде облыс басшы­лығынан жоспарға енгізіп, жұртшы­лық құлақтанып қойған еді дегеннен кейін әзер келіскен. Әйтпесе көпке дейін көнбей жүрген. Өйткені еліміз енді ғана егемендік алып, саяси-экономикалық қиыншылықтармен тұспа-тұс келген еді. Бұл сапары, бір жағынан, туған жерге барып, аунап-қунап қайтайын, бұдан кейін жол түсе ме, түспей ме деген ниеттен туған болатын”, – дей келіп, 100 жылдығы ел деңгейінде ұлықталар деген үмітін жасырмады. Ол гимназияның бір топ ұстазына қордың атынан Алғыс хат табыс етті.

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессо­ры, филология ғылымдарының кан­дидаты Жанар Таласпаева проза, да­раматургия, сын, аударма жанрлары­на қалам тербеп, бауыры жазылған сәйгүліктей еркін көсілген мерейтой иесінің шығармашылық, стильдік ерекшілігін талдап берсе, гимназия­ның алғашқы директоры Жангелді Тәжин экономикалық қиындықтарға байланысты 1996 жылы Тәуелсіздігі­міздің тұмарындай, алғашқы қарлы­ғаштарының біріндей қолданысқа берілген төрт қабатты ғимараттың құ­ры­лысы бірнеше рет тоқтап қалға­нын, ата-аналар атынан Алматыға бар­ған делегацияның Сафекеңе жо­лы­ғып, сол кісінің ықпалымен рес­публикалық қазынадан қаражат бөл­дірткен ұлтжанды, азаматтық ерлігін, қала депутаттарының “қазақ мектебі­нің құрылысынан да маңыздырақ ша­руалар бар. Сондықтан қаржылан­ды­ру тоқтатылсын” деген сыңаржақ шешімін еске түсірді. Ардагер ұстаз, өңірде тұңғыш рет ашылған “Абайта­ну орталығының жетекшісі Қарақат Ша­лабаев аядай ғана Амангелді ауы­лы­нан түлеп ұшқан қазақтың қара­дома­лақ баласының өзіндік қолтаң­басы қалыптасқан даңғайыр қалам­гер дәрежесіне дейін көтерілген шы­ғармашылығынан, қара сөзді орып айтатын, кемел ақыл-парасатымен толқыта айтатын, озық ойлы өмірінен есте қалар естелік-сыр өрбітті. Жур­налистік қарым-қабілетімен де, әді­лін, ақиқатын тіліп айтатын мінезімен де бөлекше азамат Мәлік Мұқанов­тың жары Әдия Ахметова туған тілге деген құлшыныс азаттық таңы алдындағы дүр сілкіністі тудырып, ата-аналардың ұл-қыздарын жаппай ана тілінде оқытуға бет бұрғанын, осындай алмағайып сәтте қазақ жігіттері азаматтық ерлік көрсеткенін, оның ұшар басында бірнеше буын ұрпақты адамгершілік пен тазалыққа, ұлтжандылық пен ұлағаттыққа тәр­биелеген Сафуан ағамыз тұрғанын тебірене әңгімеледі. 1986 жылдың соңы мен 1987 жылдың басында Желтоқсан көтерілісіне қатысқан қазақтың өрімдей жастарын жаппай жазалау “науқаны” жүргізілгенде қы­лы­шынан қан тамған қызыл империя­ның қыспағынан тайсалмай, жаңадан сайланған Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Г.Колбинге ашық қарсылық көрсеткен ерлігі үшін ғана қазақ әдебитетінің дарабозына ескерткіш тұрғызуға болар еді, десті “дөңгелек үстелге” қатысушылар.

Алқалы басқосуда “ЛОРД” дарын­ды балалар үшін мамандандырылған облыстық мектеп-лицей интернаты қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұ­ғалімі, филология магистрі Светлана Шәукерова “Сафуан Шәймерденов шығармаларындағы тартыс таби­ғаты”, С.Шәймерденов атындағы қа­лалық классикалық гимназияның қа­зақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұ­ғалімі, “Сафуантану” курсының же­текшісі Әсем Қайырғалиқызы “Са­фуан Шәймерденовтің жалынды ұр­пақтары” тақырыптары бойынша жа­саған баяндамаларынан жиналған­дар жақсы әсер алды.

Шарада білім ошағының салынуы­на үлкен үлес қосқан бір топ тіл жан­ашыры Құрмет грамотасымен мара­патталды.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp