«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Озғандарға жету керек, жеткендерден озу керек”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Халықтың тарихы мен тағдырын, ата жолы мен дәстүрін зерделілікпен қабылдап, көрегендікпен ой түйген ақы­лы мен тәжірибесі телегей дана бабаларымыз “қилы-қилы заман бо­лып, қарағай басын шортан шалып, жайқалған көк егінді көк шегіртке орып, өзен-көл, теңізді су аяғы құр­дым жұтып, тілеулестер азайып, бір-бірімен қас болысып, кәрілер жас болғансып, қара көже ас болып, жү­рек біткен тас болып, асықтай ұлда­рымыз, өріктей қыздарымыз ата атан­дырып, сүйек сындырып, жесіріңді жы­латпа, жетіміңді тентіретпе, Алла та­ға­ла патшамызға сабыр беріп, елің-па­наң, жерің-анаң екендігін ұмытып кет­песе екен!” деп тілейді екен.

Қазақ елі нешеме зұлмат-зоба­лаң­дарды, үркіншілікті, “ақтабан шұ­бырындыны”, ашаршылықты, сталин­дік қуғын-сүргінді, жеке басқа табыну­шылықты, тың игерудің пәлекет-сәлекеттерін, отаршылдық саясаттың зұ­лымдықтарын көріп, (“өзін-өзі биле­ген ел бақытты” дегендей) Мемлекет Тәуелсіздігіне ие болдық. Әлемнің төріне Ұлы Даламыздың даусы естіл­ді. Отыз жылдың ішінде мемлекет пен халық игілігіне орай ірі істер қанат жайды, ел мәртебесі асқақтады.

Алайда қоғам өміріндегі кедейші­лік, жұмыссыздық, жоқшылықты ту­дырды. Жоқшылық ар-намыс, ұят-иман, әдеп-сабырды тәрк еткізіп, ша­расыздыққа ұрындырды. Тұйыққа ті­релу жантүршігерлік қауіпті қайшы­лықтарға (ұрлық-қарлық, тонау, кісі өл­тіру, жең ұшымен жалғасу, парақор­лық) соқтырды. Бір жағынан, қоғамда дүниеқоңыздар, алармандар, ардан аттағандар, опасыздар шегірткедей қаптады. Әділетсіздік белең алды. Желге мініп, жер бетінен ғайып бол­ды. Атаның дәстүрлері аяқасты күйге ұшырады, бірлік-берекенің құты қаш­ты. Зиялылар күнкөрістің шылауында кетті. Елдің, халықтың, ұлттың шаруа­сын итжемеге қалдырып, өз бастарын күйттеп, “мықтылардың” сойылын соқ­ты, жел сөздермен желіктірді, ішкен-жегеніне мәз болды.

Халық атажұртын, алтын мекенін тас­тап, тентіреп қалаға жөңкілді, бай­лардың лашығын сағалады. Елге мә­лім, өзін-өзі өлімге байлағандар, өрт­ке оранғандар (мысалы, бес сәбидің жанып кеткені), нашақорлар, тәнін сатқандар көбейді… Мұның бәрі – ке­дейшіліктен. Қытай философы Мацзы (Моди): “Елдегі алапат тәртіпсіз­діктердің түп негізі – кедейшілік” деген (б.з.д. V-IV ғғ. 480-400 жылдар).

Біздің қоғамды қайшылықтар шыр­мауықша шырмады. Қаратаудай қа­дірлі естілерді дәрменсіз күйге түсір­ді, ала-құлалық естен тандырды. “Тыш­қанға мысықтан күшті аң жоқ” дегендей, билік басындағылар өзім білетін жан иесін пысқырмады.

Сонымен, не керек, немқұрай­ды­лық, тоғышарлық, менмендік, бой­күйез­дік, бейнетсіз байлық жинау, ен­жарлық арамшөптей қоғамды іштей шірітті.

Бұндайға бір нақты айғақ келтірсек, 1999 жылдың 12 сәуірінде Ақ үйде Но­бель сыйлығының лауреаты Эли Ви­зель “Немқұрайдылықтың қатері” дей­тін баяндамасында: “Немқұрайдылық әрқашанда жаудың досы, өйткені ол агрессордың қолында, немқұрайды­лық-жауапкершілікті сездірмейді”, – деген. (Речи, которые изменили мир. Москва, 2014. с.238-243).

Абайдың 32-сөзінде “ақыл кеселі де­ген төрт нәрсе бар. Содан қашық болу керек”. Соның ішінде “уайымсыз салғырттық деген бір нәрсе бар, зин­һар, жаным, соған бек сақ бол, әсіре­се әуелі – құданың, екінші – халықтың, үшінші – дәулеттің, төртінші – ғибрат­тың, бесінші – ақылдың, ардың – бә­рінің дұшпаны. Олар бар жерде бұлар болмайды”.

Маңыраған қойдай, жамыраған қо­зыдай шетсіз-шексіз Ұлы Дала Елі құ­лазыған бос кеңістікке айналды. Нуға, суға, аң-құсқа, топыраққа, өсімдіктер­ге (сенатор Мұрат Бақтиярұлының де­регінше, 2014-2017 жылдарда Сыр мен Түркістан өңірлерінен 64800 тон­на қызылмия Қытайға әкетілген) қы­ра­ғы көз, жанашыр жан болмады. Та­биғатымыздың қорғаушысы бола ал­мадық. Қоқысқа толтырып, “Бабаның өсірген бәйтерегі сая”, “көлеңкелі ағашты кескен көмусіз” қалатынын ес­кермедік. Ертедегі көлжұтарлар, тау­соғарлар тіріліп, ен даламыздың ұлы қазынасы тістегеннің аузында, ұста­ғанның қолында кетіп, жер түбіндегі аралдардың ішіне барып, ғайып болды. Сыбайлас жемқорлық, қома­ғай обырлар тайраңдап елді рухани және материалдық тұрғыдан діңке­лет­ті. Ақырында “қасіретті қаңтар” қан­төгісіне тап болдық. “99 пәле бар, 100 жақсылық және бар” деп дана ба­ба­ларымыз айтқандай, арты қайырлы болғай деп келер күнге үмітпен көз тіктік.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Ке­мел­ұлы Тоқаев “Жаңа Қазақстан: жа­ңару мен жаңғыру жолы” атты Қазақ­стан халқына Жолдауында мемлеке­тіміздің біртұтастығы мен тәуелсізді­гіне үйірілген қара құйынның, “қанды қылмыстың” түп себебінің ақиқатын былайша талдап, әділ түсініктемесін былайша жеткізді:

“Соңғы жылдары біз Қазақстанды түбегейлі жаңғыртуға, трансформация­лауға көштік. Түрлі салада ауқым­ды өзгерістер басталды. Бұл кейбір ықпалды адамдарға ұнамады. Олар жылдар бойғы заңсыз әрекеттерін одан әрі жалғастыра беруді көздеді. Неғұрлым жоғары билікке ие болуды көкседі. Сол үшін кәнігі қылмыс­кер­лер, қарулы бандылар мен опасыз шенеуніктер бірігіп, астыртын топ құрды.

Ішкі және сыртқы жауларымыз өзара ымыраласып, билікті басып алғысы келді. Олар халықтың наразылық шеруін басқа арнаға бұрып, жұртты қасақана арандатты. Лаңкестер мемлекеттік органдарға, стратегиялық нысандар мен бизнеске тиесілі ғима­раттарға шабуыл жасады. Билікке күйе жағу үшін бейбіт тұрғындарға оқ атты”.

Қаны сорғалаған шынайы шындық­ты қақырата айтуы – ұлт патриотының рухани келбетін толық айқындайды. Бұл – мемлекетіміздің қаскөй, арам күштерден мүлде тазарып, әділдіктің жолына біржола бет бұруға, ұлт мә­селесін, халық тағдырын шешуге та­рихи-мәдени құндылықтарды байы­туға айқын құбыланама іспетті. “Қан­ды қылмыстың” мән-жайына қанық ел Президенті:

“Президентті биліктен кетіргісі келді. Шын мәнінде, бұл мемлекетті­лігімізге төнген аса қауіпті сын-қатер болды. Бірақ қастандық жасаушылар­дың арам пиғылы іске аспады. Мен ең қиын сәтте, қандай жағдай болса да, ақы­рына дейін халқыммен бірге бо­ламын деп ашық айттым”, – деп өзінің гуманистік көзқарасын, елшілдік-мемлекетшілдік ұстанымын мәлімдеді.

Қиын-қыстау шақта алдаспандай жар­қылдап, қара қылды қақ жарып, ар-намыстың сөзін айтпаса, сөздің ата­сы өлетінін, жүйелі сөзге түйе шө­гетінін сезінген Қасым-Жомарт Кемелұлының мемлекеттік биліктің тұт­қасын мықтап ұстағандардың өзін дол­барлап, ишараттап емес, нақтылы көр­сетті. Мәселен, “Жоғары лауазым иелері мемлекетке сатқындық жаса­ды. Опасыздардың ішінде әскери және арнаулы органдардың басшы­лары да бар”.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халқымыздың мәртебесін асқақта­тып: “Отаншылдық рухының арқасын­да қасиетті Тәуелсіздігімізді сақтап қалды”, – деп тебіреніспен айтты. Ра­сында, мемлекет саясатының бело­мырт­қасы – Рух, Сана, Дәстүр.

Бұдан былай “Халыққа көпірме сөз, бос уәде емес, көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын оң өзгерістер керек”, – деп тағдыранықтағыштық мәселе­нің мәнісін ашты.

Жолдауда 1) мемлекет тәуелсіздігі, 2) территорияның тұтастығы, 3) ұлт­тық мүдде, 4) еліміздің саяси жүйесін кешенді жаңарту, 5) диалог пен мәмі­ленің жоғары мәдениетін қалыптас­тыру, 7) жалпыұлттық бірлік, 8) интел­лектуалдық құндылықтарды жетілді­ру, 9) Президент өкілеттігін ықшам­дау, 10) “Күшті Президент – ықпалды Пар­ламент – есеп беретін Үкімет” қа­ғидатын орнықтыру, 11) дала демо­кратиясының дәстүрін тірілту (бұл нағыз ұлт мәселесі), 12) мемлекет пен қоғамның яки билік пен қауымның келісімін көркейту, 13) билікті орта­лықсыздандыру, азаматтық қоғамды өркендету, 14) өңірлерді қаржылан­дыру жүйесін түбірінен қайта жасақ­тау, 15) жаңадан әкімшілік-аумақтық құ­рылым жасау, “Қуатты өңірлер – қуат­ты ел” ұстанымын қолдау, 16) Жаңа Қазақстан негізінде “түрлі көз­қарас, бірақ біртұтас ұлт” қағидатына жүгіну, 17) құқық қорғау органдарын кү­шейту, 18) Конституциялық Сот құру турасында тұғырнамалық білікті тұ­жырымдамалар, өрелі өркендемпаз идеялар ұсынылған. Лайым, мемле­кет пен халықтың игілігіне, береке-бірлігіне, Тәуелсіздігіне қызмет еткей!

Ел Президент Қасым-Жомарт То­қаевтың жаңаша ойлауы, жаңаша па­йымдауы, конституциялық қағидалар мен саяси-құқықтық жүйені жетік мең­геруі, мемлекет басқару тәжірибесі жеткілікті екендігін мынадан көруге бо­лады. Ол “Қазақстанда суперпрези­денттік басқару үлгісі” енді жарамай­тынын батылдықпен түсіндіргені. Мұ­ның нақты себептерін көрсетті. Атап айтқанда: “Біз “қасіретті қаңтардан” мы­надай маңызды сабақ алдық: мем­лекеттегі ең жоғары лауазымды тұл­ға­ның қолында барлық өкілеттіктің шо­ғырлануы оған жақын тұлғалар мен қаржылық-олигархиялық топтардың ықпалын орынсыз күшейтеді. Сосын олар мемлекетті жекеменшігі сияқты көре бастайды. Я болмаса: “Қай елде болса да тамыр-таныстық кадр іріктеу ісін бұрмалап, сыбайлас жемқор­лықтың тамыр жаюына әкеп соқтырады. Та­мыр-таныстық пен рушылдық құрдым­ға бастайтынын нақты ұғыну қажет.

Мұндай қарым-қатынас шағын ғана топтың шалқып өмір сүруіне жол аша­ды. Ал өзгелерді өмірінің ешқандай бо­лашағы жоқ екеніне біржола мойын­сұнып, тек өлместің күнін көру үшін ар­палысуға мәжбүрлейді”.

Өркениетті елдерде, әсіресе Жа­пония мен Қытайда ерлі-зайыптылар, ағайындылар бір мекемеде, бір ком­панияда істеуге құқы жоқ. Еліміздің мысалына жүгінсек, 1946-1954 жыл­дарда Қазақстан КП Орталық Коми­те­тінің бірінші хатшысы Жұмабай Шаях­метов балалары мен жақын туысқан­дарын жоғары лауазымды қызметке сүйремек тұрсын, көлігіне де мінгізбе­ген. Үстінде кителі мен темір кереуеті болған. Аңыз қайраткер Еркін Әуел­бековтің жеке көлігі де, дачасы да болмаған, бала-шағасының жайын ой­ла­маған. Атағы Алатаудай СССР-ге әйгілі классиктер Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқанов, мемлекет қайраткер­лері Ілияс Омаров пен Кенжалы Ай­манов, Кеңес Одағының Батыры Мә­лік Ғабдуллин мен Рейхстагқа ту тік­кен Рахымжан Қошқарбаев та сондай көргенді, көшелі қайраткерлердің елім жетілсе екен деген ой ғана бол­ған. Ай мен күннің аманында, ел Тә­уелсіздік туын желбіреткенде, билік­тегілердің бей-берекет, бейбастақ әре­кеттерге баруы тарих алдындағы әдепсіздік, жөнсіздік.

Мемлекет пен қоғамның мүддесіне орай – Жаңа Қазақстанды одан әрі гүлдендіру мақсатында: “Сондықтан Президенттің жақын туыстарына сая­си мемлекеттік қызметші болуға және квазимемлекеттік секторда басшы­лық лауазымдарды иеленуге заң жү­зінде тыйым салынады. Мұндай нор­маны Конституцияға енгізсек те артық болмайды деп санаймын. Прези­денттің өкілеттігі неғұрлым көп болса, ол соғұрлым шексіз биліктің иесіне ай­налады”, – деуі даналық шешім екені рас. Өйткені Конституция – қазыналы қағидаттарға негізделген киелі құжат. Ұлт байлығы, жер байлығы, халықтың атам заманнан бергі тарихи, мәдени, даналық, гуманистік құндылықтары, ғылыми-шығармашылық әлеуеті, ел басқару өнері мен өнегесі, тұрмыс-тіршілік жайы көрініс тауып, тұжы­рым­далған.

Әрі қарай: “Президентті тым көп өкі­леттігінен айыру еліміздегі саяси жаң­ғыру үдерісінің тек ілгері басуын қам­тамасыз етеді”, – деп саяси транс­формацияның жемісті нәтижесін көр­сетеді.

Мінеки, мемлекет мүддесіне орай туындаған ел құптарлық іс. Ата заң ту­ра­лы ой толғағанда 6-баптың 3-ші тармағында “Жер және оның қой­науы, су көздері, өсімдіктер мен жа­нуарлар дүниесі, басқа да табиғи ре­сурстар мемлекет меншігінде бола­ды. Жер, сондай-ақ заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жекеменшікте де болуы мүмкін?” – деп жазылған. (Астын сызған – С.Н.).

Ал енді 2009 жылы мемлекет қа­зынасына құныққан құзғындар теңіз түбін меншіктеуге тәуекелдепті. Маң­ғыстаулық әкім Каспий теңізінің тұң­ғиығынан 16 гектар аумақты бір кә­сіпкерге 50 млн. теңгеге сатып жібер­мекші болған. Әйтеуір, осы бір сора­қы­лықтың жолы болмапты-ау. Сонда заң екіұшты, солқылдақ болмау керек.

Конституциялық-құқықтық құжатта Ұлы дала жұртының, ой-санасындағы ғасырлық қасиетті даналық ұғымда­ры; ата тіл, ата жолы, ата-тек, ата дәс­түр, ата кәсіп, атақоныс, ата салт, ата­мұра, қара шаңырақ, қара қазан, киіз туырлықты, Алаш ұранды, ошақ, от және т.с.с. Бұлар – халық рухының рә­міздері. Ұлтымыздың философия­лық, стратегиялық, кемеңгерлік көзқа­расы, озық тәжірибесі, мемлекеттік ой­лау дәрежесі, тәлімгерлігі, әдебі Ата заңда тастүйін көрсетілсе, Жаңа Қа­зақстанның өрлеуіне серпін береді.

Ұлтымыздың бірегей нұсқалы, озық та озат қоғамдық-психологиялық мәні терең рухани-интеллектуалдық, гума­нистік құндылықтары және стратегия­лық, лидерлік, патриоттық идеялар – Жолдаудың негізін құрайды. Солар­дың кейбіреулеріне кезек берейік.

“…Ақыл мен сабыр, парасат пен ұстамдылық қажет. Біз әр шешімді мұ­қият саралап, әр істі байыппен жа­сауға тиіспіз. Отаншылдық рухы жоғары ел көздеген мақсатына қалай да жетеді”. “Мемлекет әр азаматтың үніне құлақ асады. Адал еңбек, озық бі­лім және үздік тәжірибе әрдайым жо­ғары бағаланады”. “Әрбір адам және бүкіл қоғам жаңғыруы қажет. Құнды­лықтарымыз түбегейлі жаңаруға тиіс”.

Нағыз өркениет биігіне жетудің, тө­тенше жаңарудың кілті осылар.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік, экономикалық, саяси-мәдени жүйесін кемелдендіру орайында жаңадан әкімшілік-аумақтық өңірлерді құру. “Ең алдымен, Се­мей аймағында Абай облысын құруды ұсынамын. Семей қаласы жаңа об­лыс­тың орталығы болады. Осы мәселені аймақ тұрғындары көптен бері айтып жүргенін білемін. Қазір ол жақта шешімін таппаған түйткілдер аз емес. Мысалы, аймақтың ішкі инфра­құрылымы әбден тозған. Кезінде Алаш арыстарының басын қосқан Семей қаласының жағдайы да мәз емес”, – дейді. Енді бұл аймақта жа­ңадан инфрақұрылымдар құрылады. Жетімсіреген жерге жан бітеді. Жері мал атаулыға қайысқан, егіншілігі, ша­руашылығы, өндірісі, өнері, демогра­фиясы дамыған дәулетті, сәулетті ел­ге айналады. Абай рухы асқақтайды.

Ендігі бір көкейкесті ел тілегін мық­тап ескергені Ұлытау жайында: “Ел тағ­дыры шешілген ұлы жиындар осын­да өткен. Сарыарқаның төрінде ор­наласқан бұл аймақтың туристік әлеуеті өте зор. Оның өндірістік қуа­тын, логистикалық мүмкіндігін ұтым­ды пайдалану керек. Бір сөзбен айт­қанда, біз Ұлытау аймағының да­муына жол ашамыз”. “Кең-байтақ қа­зақ жерінің дәл жүрегінде орналасқан Ұлытаудың төл тарихымыздағы орны ерекше”. Ұлытаудың қасиетін, тарихын, өркениетін жете түсіндірген. Қаң­бақ кезген Ұлы далаға құт, бақ құсы қонған, ақ түйенің қарны жарылған деген осы.

Біздің ойымызша, бұрынғы Жез­қаз­ған облысының территориясы не­гізге алынбаған дұрыс. Ақтоғай ауда­ны Жезқазғаннан 750 шақырым жер­де, Балқаш қаласы 800 шақырым жер­де. Ел тағы да азып-тозып шұбырмау үшін басқаша бір амалын ойлау ләзім.

Тағы бір айтайын дегенім, Қараған­д­ы облысының Қазыбек би ауданы Қарқаралы ауданымен кіріктірілген, енді осыны қалпына келтіру керек. Атақты күйші Тәттімбет, Қаздауысты Қазыбек бидің ұрпағы, ақын-ком­по­зитор, әнші Мәди, мемлекет қайраткері Нығмет Нұрмақов, Әлихан Бөкейхан­ға тілеуқор Ақайдың Хасені, қазақ хал­қының 700 әнін шырқаған Жүсіпбек Елебеков, сондай-ақ Қали Байжанов, Қуан Лекеров, Рахия Қойшыбаева, Ма­ғауия Көшкінбаев, театр актері Қалибек Қуанышбаев, көркемөнер ше­берлерінің білгірі Мақсатбек Майше­кин А.Затаевичті табындырған дүл­дүл әнші Ғаббас Айтбаевтар осы бір жері пүліш, суы күміс ұлы топырақта дүниеге келген. Даңқты Қоянды жәр­меңкесі ше!

Алматы облысынан Жетісу облы­сының бөлініп шығуы оң өзгерістерге даңғыл жол ашады.

Жолдауда қазақ қоғамын “түбегей­лі жаңғырту” орайында қаншама бас­тамалар көтерілген: “Оны жүзеге асы­ру үшін Конституцияның 30-дан астам бабына өзгеріс енгізу қажет. Сондай-ақ жылдың соңына дейін тағы 20-дан астам заң қабылдау керек”.

Шынайы Президент болмысы қан­дай дегенде, негізінен, ел басына күн туғанда шұғыл шешімпаздық ісімен, көрегендік, стратегиялық ойлау қабілетімен, отаншылдық рухымен, ақыл-сабыр, парасатымен, таза еңбегімен, халқымен мұраттас, пікірлес, тілектес қарапайым мінезімен ерекшеленген тұлға болуға тиісті. Асылы, сөзі мен ісі, кісілік өнегесі бір-бірімен үйле­сімді. Бұл ретте ел Президентінің мына бір түйінді пікірі: “Ең бастысы – еліміздің егемендігі! Шын мәнінде, біз үшін Қазақстанның Тәуелсіздігі бәрі­нен қымбат. Осы тұрақсыз, құбылма­лы әлемде Қазақстанымыз бізден бас­қа ешкімге керек емес. Сондықтан маған елімнің амандығы мен жерімнің тұтастығынан асқан ешбір құндылық жоқ”, – дегені мемлекеттік ойлауы мен жан тілегінің нақты көрінісі.

Сондықтан да Мемлекет басшы­сының “Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы” атты халқына арнаған Жолдауы – елімізді шындап көркейту­дің стратегиясы, саяси-құқықтық не­гіздемесі, Тәуелсіздіктің филосо­фиясы!

Бұл күнде әлемнің әлек-шәлегі шықты. Жер-Ананың мейірімін мен­меншіл адамзат ұмытып (әсіресе кө­семдер), келешектің тамырына балта шабуда. Геосаясат күрделі. “Жаңа Қазақстанның” алдында Алаштың ұранын жазған Сұлтанмахмұт Торай­ғыров толғағандай, “толған мақсат, тол­ғау таңдау”. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы 1913 жылдың 2 ақпан күнгі “Қазақ” газетінің №1 нөмірінде за­мана заңғарынан “Озғандарға жету керек, жеткендерімізден озу керек. Дү­ниенің төріне тырмысқандар төрден орын алып жатыр”, – деп айтқан ға­сырлық патриоттық ойы Ұлы дала ру­хын асқақтатып, асу-асу асқарларға шақыратындай!

Серік НЕГИМОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp