«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТІС АУРУЫ КӨБЕЙІП КЕТТІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тіс – адамның көркі, саулықтың белгісі. Жеген асың ағзаға сіңімді болуы үшін маңызды рөл атқарады. Алайда соңғы кезде тіс жегісімен ауыратындар көбейіп, тіпті жас талғамайтын болды, балалар да екі күннің бірінде стоматологияға баруға мәжбүр. Білікті стоматолог-ортопед Светлана Құрмашеваны әңгімеге тартып, тіс ауруларының көбейіп кету себебін сұраған едік.

– Светлана Қанатқызы, қазір қай жастағы адамдардың тісі көп ауы­рады?

– Қазіргі уақытта тісі бүлінген адамдар көбейді. Сырқаттар жаса­рып келеді, тіс жегісінің асқынған түрі – пульпит, перодонтит диагнозымен ке­ле­тіндердің арасында балалар да бар. Жастарына жетпей, тістері түсіп қалғандар да кездеседі. Көбіне нау­қастар тіс ауруын асқындырып ала­ды, тіс жүйкесі қабынып, аурудан жанын қоярға жер таппағасын ғана қаралады. Ал тіс ауруларының алдын алу үшін тексерілуге келетіндер өте сирек.

– Тісті дер кезінде емдетпеудің бір себебі – балалар ауыртады де­се, ересектер тіс салғанға дейін бел­гілі бір уақыт кетік болып жүру­ден қорқады. Осы туралы не ай­тасыз?

– Иә, адамдардың көпшілігі сто­матологқа қаралудан қорқады, соның ішінде егде жастағы адамдардың да үрейленгенін көрдім. Кеңес заманын­да тісті ауыртып емдейтін, қазір меди­цина дамыған, заманауи препарат­тарды қолданатындықтан ауырғаны сезілмейді.

Тіс дәрігеріне де көп нәрсе бай­ланысты. Әр науқаспен тіл табысу қажет, оның үрейін сейілтіп, өзін еркін ұстауына көмектесу керек. Сонда ғана емдеу шарасы сапалы атқары­ла­ды. Кешегі мен бүгінгі стомато­ло­гияны салыстыруға мүлдем болмай­ды. Бұрын тісі түскендерге негізінен алынып-салынатын әрі ыңғайсыз про­тез жасалатын. Онымен асты дұрыс шайнай алмайсың, сондықтан кей та­ғам түрлерінен бас тартуға тура келе­тін. Ал бұл денсаулыққа теріс әсер ете­ді. Қазір жағдай өзгерген. Тісті бір­ден жұлып тастамаймыз. Тіс жиегі ас­қынбаған жағдайда оны ба­рынша сақтап қалуға тырысамыз. Протездеу са­ласы да жетілдірілді, түрлі им­плант­тар қойылады. Елімізде де тіс имплантациясы жақсы дамып келеді.

– Тіссіз жүрудің ағзаға қандай зияны бар?

– Ауызда тістің болмауы денсау­лыққа кері әсер етеді. Ас қорыту жүйесі ауыздан басталатыны белгілі. Тамақты дұрыс шайнай алмайтын­дықтан, асқазан ауруларына алып келеді. Сол сияқты адамның келбетін де өзгертеді. Бір тіс түссе, тезірек орнына тіс салдыру керек. Өйткені басқа тістер қисайып кетуі мүмкін. Бұл кейін тіс салған кезде кедергі келті­реді. Кейде жұлып тастауға мәжбүр болып жатамыз.

– “Тәттіні көп жеме, тісіңді бүл­діресің” деп үлкендер балаларға жиі ұрсып жатады. Тістің бүлінуіне шынымен де тәтті зиян ба?

– Тіс ауруларының басты себебі – тәтті емес, гигиена. Ауыз қуысын таза ұстау керек. Бұл жерде тісті бірнеше рет жуу маңызды емес, ең бастысы са­палы тазалау. Әрине, жеген тамақ та әсер етеді, соның ішінде құрамында көмірсутегі қышқылы бар тағамдарды жиі тұтынудың зияны көп. Жастардың арасында тіс ауруының көп таралуы­на осы жайт себеп. Себебі фастфуд олардың сүйікті тағамына айналған. Сондай-ақ тіс өз қызметін қазір толық атқар­майды. Яғни, ішіп-жейтін та­ма­ғымыз бәрі жұмсақ, бұл да кері әсер етеді.

– Тұрғындар тіс күтіміне мұқият қарай ма? Дер кезінде емдете ме?

– Олай деп айта алмаймын. Тіс сау болуы үшін стоматолог-дәрігерге жар­ты жылда бір рет көрініп тұру қажет. Ауырмаса да. Өйткені тіс біртіндеп бұзылады. Бастапқы кезде тісті ем­деу оңай әрі арзан. Ал ауыра бас­тағаны – асқынғаны.

– Светлана Қанатқызы, өзіңізге қа­тысты бір-екі сауал қойсам деп едім. Сіз қалай тіс дәрігері бол­дыңыз?

– Мен Петропавлда туып-өстім, мек­­теп бітіргеннен кейін медицина са­ласын таңдадым. Бұл мамандыққа ден қоюыма әпкем себепші болды. Ол да стоматолог болып еңбек етеді. Сон­дықтан мен де сол жолды таң­дадым. “Астана” медициналық уни­верситеті­нің стоматология факульте­тінде білім алдым. 6 жыл оқыдым. Еңбек өтілім – 11 жыл.

– Тіс емдеу саласында түрлі қай­ғылы жағдайлар орын алып жа­та­ды, ал қызықты жайттар бола ма?

– Болады. Университетті бітірген кезім-ау деймін, біздің стоматоло­гия­ға тісін емдетуге бір адам келді. Оның ауруды сезбейтін ерекше қасиеті бар екен. Біз ер адамның тістерін анес­те­зиясыз емдедік. Клиентіміз қыңқ ет­кен жоқ. Таңғалдық. Тағы бірде қа­был­дауға 70-тер шамасындағы әйел келді. Ол алынып-салынатын протез тағады екен, жаңасына ауыстырмақ болды. Әйел бірдеңенің батып, ауыр­татынын айтты. Біз рентгенге түсіріп қарасақ, жастау кезінде түсіп қалған тістің орнына жаңасы өсе бастапты. Осындай да қызық болады.

– Оқырмандарымызға тістері ұзақ уақыт сау болуы үшін қандай кеңес берер едіңіз?

– Ең алдымен дұрыс тамақтану ке­рек, пайдалы тағамдарды тұтынуға ке­ңес беремін. Тәтті жеуді азайтып, оның орнына сүт тағамдарын, ет пен балық өнімдерін тұтынған жөн. Бұл тіс қана емес, түгел ағзаға әсер етеді. Ауыз қуысының гигиенасын сақтап, тіс­ті дұрыс тазалау қажет. Қазіргі уа­қытта тіс щеткасынан басқа да құ­рал­дар жеткілікті. Ысқыштар, ирригатор­лар, пасталардың көптеген түрі бар. Жарты жылда бір рет стоматологқа ба­рып, тісті тексертіп отырған дұрыс. Мұ­ның бәрін орындаған жағдайда әдемі тістеріңіз көпке дейін сақта­лады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp