«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

УӘДЕ ОРЫНДАЛУЫМЕН ҚҰНДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың Шал ақын ауданына жұмыс сапары Жаңажол ауылдық округі тұрғындарымен кездесуден басталды. “Президенттің Жарлығына сәйкес елді мекендерді аралап, тұрғындарды толғандыратын әлеуметтік мәселелермен жіті танысып, тиісті шешімдер қабылдап жатырмыз. Кездесулерге жұртшылықпен қоян-қолтық жұмыс істейтін шаруашылық жетекшілерін қатыстырып, есептерін тыңдау міндеттелді. Ондағы мақсат – қордаланған проблемалардың шешу жолдарын бірлесіп талқылау, көкейкесті жайттарға басым бағыт беру. Адамдардың тұрмысының жақсаруына мемлекет қана емес, жергілікті билік те, серіктестіктер де мүдделі болуы тиіс. Бүгін Жаңажол елді мекенінің болашағын айқындап, көпшілікті не толғандыратынын білетін боламыз”, – деген Құмар Іргебайұлы жиналғандарды өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерімен таныстырды.

Биыл облыс бюджеті 431 млрд. теңгені құрап отыр. Өткен жылға қарағанда, 61 млрд.теңгеге көп. Осыдан бірнеше жыл бұрын Президенттің тапсырмасы бойынша өңірді кешенді дамыту жоспары бекітілді. Оның бірінші кезеңі 2018-2021 жылдарды қамтыса, екінші кезең 2021-2025 жылдарға арналған. Республикалық қазынадан қаражат бөлініп, жол жөндеу, ауызсу тарту, әлеуметтік нысандарды қалпына келтіру, құрылыс, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп салалары бойынша атқарылған жұмыстар қомақты.

– Жасыратыны жоқ, шаруашылықтар жаппай егіншілікпен ғана айналысып, төрт түлік өсіру кенжелеп қалды. Сондықтан мал шаруашылығымен жүйелі түрде шұғылдану талабын қойып отырмын. Нәтиже жаман емес. 3 жылда 22 заманауи сүт фермасы іске қосылды. Бұл бастаманы өңірде алғаш рет “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігі қолға алды. Былтыр 10 сүт кешенінің құрылысы аяқталды. Биыл 11 нысанның құрылысы жүргізілуде. Осы қарқыннан таймауымыз қажет. Ең бастысы, қаражат жеткілікті. Тек ниет пен нақты қадам керек. Үкімет жылдық мөлшері 4 пайыздық жеңілдетілген несие береді. Жылына кемінде 10 сүт фермасын тұрғызуды жоспарлап отырмыз. 600 бас сиырға арналған ферма жылына 3-3,5 мың тонна сүт өндіре алатынын ескерсек, мүмкіндік өте мол. Елімізде бір адам жылына орта есеппен 300 литр сүт өнімін тұтынады екен. Мен мысалға келтірген кешен 10 мың адамды қамтамасыз етуге қауқарлы. Өкінішке қарай, Шал ақын ауданында сүт фермасы жоқ. Былтыр “Жарқын” серіктестігі салуға кірісті. Бұл аздық етеді, – деді өңір басшысы. Жыл бойы тұрақты жұмыспен қамтитын мал шаруашылығының маңызын жете түсінген абзал. Бұл – мәселенің бір жағы. Екінші міндет – сүт өнімдерін қайта өңдеу. Былтыр 15 млрд. теңге инвестиция құйылып, сүт өңдейтін кәсіпорындар қайта жаңғыртылды. Озық жабдықтар орнатылды. Осылайша сүт өңдеу 60 пайызға артты.

Егістікті әртараптандырудың арқасында майлы дақылдар көлемі 1 млн. гектарға дейін жеткізілді. Облыста елімізде баламасы жоқ майлы дақылдарды өңдейтін зауыт салынуда.

Оған 15 млрд. теңге инвестиция тартылады. Пайдалануға берілгеннен кейін 220 жұмыс орны құрылады. Осыдан бес жыл бұрын ашылған “Тайынша май” кәсіпорнын кеңейту жұмыстары жүргізілді. Қоспажем фабрикасы, сондай-ақ жылдық қуаттылығы 60 мың тонналық сапалы тұқым әзірлейтін кәсіпорын іске қосылды. Астық қоймаларының құрылысы жалғасуда. Шал ақын ауданында олардың саны – бесеу. Өңірде 6 мың тоннаға шақталған 2 құс фабрикасының құрылысы жүргізілуде. Биыл кірпіш, қағаз шығаратын фабрика және жылыжай пайдалануға беріледі. 5 жылдың ішінде өндіріс көлемі 198 млрд.-теңгеден 360 млрд.теңгеге дейін өсті. Биылғы меже – 410 млрд. теңге.

1,3 млн. шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді. 45 мың тұрғын жаңа баспанаға ие болды. Биыл 400 мың шаршы метр тұрғын үй салынады. Осы мерзім ішінде 5 мың шақырым жол жөнделді. Шал ақын ауданына 6,6 млрд.теңге қарастырылған. 12 ауылдың жолы қалпына келтірілді. Жаңажол ауылына 200 млн. теңге бағытталды. 220 ауыл орталық су жүйесіне қосылды. 6,6 мың үйге су тартылды. 900 адам тұратын Жаңажол, Бірлік, Кеңес, Жаңаталап ауылдарына су тарту жұмыстары басталады. Екі жылға арналған жобаға 1 млрд. теңге қарастырылған. Облыс мектептерінің 64 пайызы күрделі жөндеуден өтті. Кеңес мектебі қалпына келтірілді.

Шал ақын ауданында жұмыс істейтін агроқұрылымдар биыл жалақыны 30 пайызға көтеру туралы міндеттер алып отыр. Жиында есеп берген “Азко-Жаңажол” ЖШС-ның директоры Айдар Жанзақов та осы жайлы айтты. Өз жұмысын 2004 жылы бастаған серіктестік Жаңажол ауылдық округінде 5700 алқапқа дәнді дақыл өсіреді. Еңбек ететін 58 жұмысшының айлық жалақысы – 160 мың теңге. Пай үлескерлерінің саны – 278 адам. Пайшыларға 2021 жылы 276 тонна арпа үлестірілген. Жалпы шаруашылық былтыр гектарынан 14 центнерден өнім алған.

– Көктемгі егіс науқанына дайынбыз. 250 тонна жанар-жағармай қоры жасалды. Биыл машина-трактор паркін жаңалауға 300 млн.теңге бөлдік. Семиполка ауылдық округінде мал шаруашылығы кешені салынады. 3 мың тонналық астық қоймасы қалпына келтірілді. Монша мен асханасы бар 60 орындық жатақхана салынды. 14 млн. теңгеге Жаңажол мектебі жөнделді. 67 млн.теңгеге сауықтыру-спорт кешені бой көтерді. 15 отбасына қайырымдылық көмек көрсетілді. Жыл сайын 5 бүлдіршін “Аютас” лагерінде тегін тынығады, – деді Айдар Екпінұлы.

Кеңес ауылынан жиынға қатысқан тұрғындар шағын ауылдарға қамқорлықты арттыруды өтінсе, тағы бір тұрғын облыс әкімінің гранты бойынша оқитын немересінің жұмысқа орналасуына алаңдайтынын айтты. Құмар Іргебайұлы “Дипломмен – ауылға!” бағларламасы аясында жас мамандарға жеңілдіктер жасалатынын, сондықтан туған жерге оралуға кеңес берді.

Тұрғындардың сөзіне қарағанда Жаңажол ауылдық округіне “Жедел жәрдем” көлігі керек. Аудан орталығынан шақыртқан дәрігерлерді сағаттап күтуге тура келеді. Екі араға қатынау қиын. Автобус жүрмейді. Облыс әкімі аудан басшылығына бұл мәселелерді шешуді тапсырды.

Құмар Іргебайұлы ауыл шаруашылығы саласында еңбекақының төмендігін, сондықтан халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін шаруашылықтарға міндеттер жүктелетінін, берген уәделер орындалуымен құнды екенін атап өтті.

– Әңгіме көбіне пайдың айналасында ғана өрбіп, екі тараптың жауапкершілігі жайлы айтыла бермейді. Оны кездесулерде байқап жүрміз. Ауыл болашағы – бәріңіздің қолыңызда. “Кеңесіп пішкен тон келте болмас” деп бабаларымыз текке айтпаған. Осындай ашық форматтағы жүздесулерде кез келген мәселе бүкпесіз айтылуы керек. Әлеуметтік жауапкершілік алған екенсіздер, орындалуына мүдделісіздер, – деді қорытынды сөзінде өңір басшысы.

Құмар Ақсақалов жұмыс сапары барысында Мерген ауылында болып, екі нысанның ашылуына қатысты. Бұрын жастар тек шаңғы және жеңіл атлетикамен ғана шұғылданса, енді жаңа спорт кешенінің бой көтеруіне байланысты бокс, волейбол, кикбоксинг үйірмелеріне де қатыса алады. Оны 50 млн. теңгеге “Гермес-Агро” ЖШС директоры Сергей Окунев тұрғызып берген.

Мерген ауылының барлық көшелері асфальтталған, айнадай жарқырап жатыр. Ірі астық тазалау және кептіру кешенін тұрғызуға 1,5 млрд. теңге бағытталған екен. Сыйымдылығы – 15 мың тонна. Бір сағатта 46 тонна бидайды кептіреді. Басқару блоктары автоматтандырылған. Осыдан-ақ заманауи технологиялар дәуірінде адамның қол еңбегі азайып, цифрландыру барлық салада көшбасшылыққа ие болғанын аңғаруға болады.

Илья КУДРЯКОВ,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp