«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЛА ЖЫЛУСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Демалыс күндері облысқа жұмыс сапарымен еліміздің Энергетика министрі Болат Ақшолақов келді. Ведомство басшысы облыс әкімімен бірге Петропавлдағы №2 жылу-электр орталығына барып, жартылай опырылып құлаған мұржаны жаңарту мәселесін пысықтады. “Севказэнерго” акционерлік қоғамы өкілдерінің қатысуымен өткен шұғыл кеңеске қатысты.

Жиында жылу-электр орталығын қалпына келтіру жұмыстарының жоспары нақтыланып, Болат Ақшолақовқа нысанды жөндеуге арналған жол картасы таныстырылды. Белгілі болғандай, бұл мақсатқа 17,5 млрд. теңге жұмсалмақ.

Энергетика министрі Жастар сарайында өңір тұрғандарымен кездесіп, ведомствоның 2021 жылғы жұмысының қорытындысын жариялап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Болат Ақшолақовтың айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жанар-жағармай нарығын реформалау жөнінде алдағы жұмыс жоспары нақтыланды.

– Мұнай өнімдерін өндіру және бөлу саласында ашықтықты және транспаренттілікті қамтамасыз ету үшін арнайы шаралар қолданылады. Қазіргі таңда заңға өзгертулер енгізіледі деп күтілуде. Сондай-ақ “ҚазМұнайГаз” ҰК” акционерлік қоғамы базасында 150 мың тонна көлемінде және “ҚТЖ” акционерлік қоғамында 50 мың тонна көлемінде мұнай өнімдерінің резерві құрылады. Ел аумағынан автомобиль көлігімен мұнай өнімдерін сыртқа шығаруға 6 ай мерзімге дейін тыйым салынды, – деді министр Болат Ақшолақов.

Кездесуде Болат Оралұлы көктемгі егіс жұмыстарын уақтылы жүргізу үшін еліміздің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне арналған жанар-жағармай қоры жеткілікті екенін айтты. Бұл мақсаттарға мұнай өңдеу зауыттарында 400 мың тонна дизель отыны қарастырылған. Оның 71 мың тоннасы солтүстікқазақстандық диқандарға бөлінеді.

– Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің деректер базасы құрылуда. Онда фермерлер жайлы ақпарат, егістік жерлердің аумағы, қандай көлемде жанармай керек екендігі көрсетіледі. Электрондық-ақпараттық жүйе арқылы диқандар мұнай базаларынан немесе ресурс ұстаушылардан қажетті көлемде жанар-жағармайды тікелей сатып ала алады. Бағасы да арзанырақ болады, – деді Болат Ақшолақов.

Министр газдандыру мәселесіне де тоқталды. Бүгінде облыс бойынша сұйылтылған көгілдір отынды саудалайтын 18-ге жуық ұйым мен көліктерге құятын 108 газ станциясы бар. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі оның шекті бағасын бекіткен болатын. Облыста оның құны бір литрі үшін 70 теңгені құрады.

– Өзге өңірлермен салыстырғанда солтүстікте көгілдір отынды аз қолданады. Өткен жылдың статистикалық мәліметтеріне қарасақ, тек 57,6 мың тоннасы сатылды. Ал қаңтар-наурыз айлары аралығында оның көлемі 17,7 мың тоннаны құрады. Әрине, газдың бағасының себепсіз өсуіне жол бермеу мақсатында Энергетика министрлігі ұзақмерзімді сұйытылған газ нарығын реформалау шараларын қабылдап жатыр, – деп атап өтті министр. Жиында “Солтүстік Қазақстан электржелілік тарату компаниясы” акционерлік қоғамының жұмысы туралы да айтылды. Кәсіпорын иелігінде 13 мың километр болатын сым желісі бар. Тұрғындарға тұрақты түрде электр қуатын беретін 2376 подстанция жұмыс істеп тұрғанымен, солардың 76 пайызының тозығы жеткен. Энергетика министрі бұл мәселені монополист компания жуық арада шешуі қажеттігін ескертті.

Болат Оралұлы облыс тұрғындарының сұрақтарын тыңдап, оларға тұщымды жауап берді. Облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Павел Афанасьев жылу-электр орталығының жұмысын қадағалайтын бақылау органының жоқтығына шағымданды.

– Мұндай монополист компанияға кіріп, тексеріс жүргізетін мемлекеттік ұйым жоқ. Бұрын бұл міндетті Энергетика министрлігіндегі атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті атқарған. Кейін заң жүзінде бұл құзыреттілік алынып тасталды. Бүгіндері оны қайта енгізу туралы шешім қарастырылып жатыр, – деген Болат Ақшолақов өңірге газ құбырларын тарту жөніндегі мәселеге де тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі уақытта көгілдір отын “Сарыарқа” бағдарламасы арқылы Нұр-Сұлтанға дейін жетті. Көкшетау мен Петропавл қалаларына құбыр тарту қарастырылуда.

Петропавл қаласы әкімінің кеңесшісі Анатолий Мишинді жылу үшін төленетін тариф қызықтырды. Ол жылу-электр орталығындағы жөндеу жұмыстарына байланысты коммуналдық қызметтің бағасы өсіп кете ме деп алаңдаулы.

– “Севказэнерго” акционерлік қоғамы жүргізіп отырған жөндеу жұмыстары тарифтерге еш өзгеріс әкелмейді. Бірақ биыл жылудың тарифі қымбаттауы мүмкін. Оның негізгі себебі – көмірді жеткізетін компаниялардың отынды тасымалдағаны үшін бағаны көтеруі, – деді министр.

* * *

Облысқа жұмыс сапары барысында Энергетика министрі Болат Ақшолақов өңірлік коммуникациялар қызметінде ұйымдастырылған брифингке қатысты. Тілшілер қауымы көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды. Журналистерді негізінен №2 жылу-электр орталығындағы жартылай опырылып түскен мұржаның жағдайы мен алдағы күрделі жөндеу жұмыстары қызықтырды. Болат Оралұлының айтуынша, төтенше жағдай орын алған кәсіпорында тәуелсіз комиссия сараптама жүргізуде.

– “Севказэнерго” АҚ-ы тиісті жөндеу жұмыстарын өз қаражаттарына жүргізеді. Олар бұл мақсатқа 17,5 млрд. теңге жұмсамақ. Жол картасы бойынша жөндеу 5 кезеңнен тұрады. Алдымен күрделі жөндеуді қажет ететін нысандар қалпына келтіріліп, олар қалған екі мұржаға қосылады. Қыркүйек айында компания 7 қазандықпен жылыту маусымын бастайды. Қазан айының соңында тағы 2 қазандықты іске қосады. Осылайша тұрғындар қысты 9 қазандықпен өткізеді. Биыл құлаған мұржа толықтай бұзылады. 2024 жылға дейін оның орнына жаңасы салынады, – деді Болат Оралұлы.

Сондай-ақ министр облыста жаңа жылу-электр орталығын салу жоспары да қарастырылып жатқаны туралы айтты. Оның сөзінше, егер газ өңірге дейін жетсе, қалалықтарды газбен жылыту мүмкіндігі бар екенін жасырмады.

– Газ құбырлары 1,5-2 жыл ішінде салынады. Бұл оңай жұмыс емес. Қазіргі күні министрлік екі жобаны қарастырып отыр. Оның бірі – елордадан газ тарту, ал екіншісі – Солтүстік Қазақстан облысымен шектесетін Ресейдің өңірлерінен жеткізу. Өңірді көгілдір отынмен толыққанды әрі үздіксіз қамту үшін көп мөлшерде шикізат көзі қажет. Ол үшін тексеріс-сараптамалық жұмыс жүргізіп, газдың қорын анықтау маңызды. Алдағы аптада мен Мәскеуге барып, ресейлік әріптестеріммен бұл мәселені қараймыз. Ортақ мәмілеге келсек, екі жылда газ мәселесін шешеміз, – деген Болат Ақшолақов Тайынша және Айыртау аудандарында баламалы қуат көзін өндіретін жел станцияларын тұрғызу жоспарымен де бөлісті. Олардың жалпы қуаты 60 мегаватты құрайды.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp