«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

Жас маман бәсекеге қабілетті ме?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бұрындары мұғалімдердің жалақы­сы төмен, түрлі қоғамдық жұмыстарға күштеп тартылады деген пікірлерді жиі еститінбіз. Қазір ондай қаңқу сөз­дер сап тыйылған сияқты. Оған бірінші себеп – “Мұғалімнің мәртебесі тура­лы” Заңның қабылдануы. Дегенмен мұғалімдік мамандықтың беделі тө­мендеді, қадір-қасиеті қалмай бара­ды. Бала-шағаның нантабар кәсібіне ай­налып кетті деген әңгімелер де аз айтылмайды. Бұл сөздер негізсіз емес, бәрін кінәлаудан аулақпын, бі­рақ ренжімесін, жастардың көбі ізден­бейді, сабақ берумен ғана шектеледі.

Тілді үйретуші де, аясын кеңейтуші де – мұғалім. Қай пән болмасын, мате­матика ма, физика ма – ұстаздың ше­бер тілі керек. Өйткені оқушыға білім тіл арқылы жетеді. Бұл бағытта ұйым­дастырылатын іс-шаралар жұтаңда­нып, жадағайланып бара жатқан се­кілді. Балаға титімдей болса да пайда­сы тисін дейсің ғой. Орайы келгенде, бір мұғалімнің сабағына қатысып, ең­сем езіліп шықты. Сылдыр сөз, сө­зуарлық басым. Тақырыпты ұғынықты тілде түсіндіре алмағанын оқушылар да сезгендей, сүттей ұйып тыңдаудың орнына әрлі-берлі қозғалақтай берді.

Бүгінгідей озық технологиялар за­манында кәсіби шеберлікті артыру­дың жолдары аз емес. Ізденген, алға ұмтылған жан есебін, амалын табады. Жоғары оқу орнын бітіріп келген дип­ломды маманнан тілді блоктап оқыту жүйесі жайлы сұрап едім, “не айтып тұр­сыз?” дегендей бетіме аңтарыла қара­ғаны бар. Тағы бір байқағаным, жас мұғалімдер жазуға шорқақ. Өзде­рінің жақсы тәжірибелерін дұрыстап жеткі­зе алмайды. Біздің тұсымызда алдың­ғы толқын ағалар мен апалар қолы­мызға қалам беріп, көрген, білген-түйгенімізді ақ қағаз бетіне түсірт­кі­зетін. Сөйтсе, жазуға, сөйлеуге машық­­тана берсін дегені екен ғой.

Жүрек қалауымен таңдап алған кә­сібін тыңғылықты меңгеріп, жан-тәнімен берілгендер ғана биік белес­терді бағындыра алады. Қазір талап күшті. Білім беру, тәрбиеге баулу – жет­кіліксіз. Баланың ішкі жан дүниесіне үңілу, жеке тұлғасын жан-жақты да­мы­ту – өте күрделі міндет. Өкінішке қа­рай, кей әріптестерімнің білім сапасы – елдің ертеңін айқындайтын, оның бә­секелестігіне ықпал ететін аса маңызды сала екенін ұғынудың орнына, руха­ни байлықтан гөрі материалдық игі­лікті бірінші орынға қоятыны қынжылтады.

Ата-аналар арасында ұл-қыздары нағыз ұстазға тән қасиеттерден жұр­дай екенін біле тұра, мәртебелі ма­мандықты зорлап игертуге тырысатындары кездесіп қалады. Соңғы кез­дері екінің бірі мамандық таңдауда мұ­ғалім болғысы келеді. Бұл – өте қауіпті құбылыс. Жалақы өсті екен деп, көте­ре алмайтын шоқпарды белге байлаудың соңы үлкен өкінішке соқтырары анық. Шығыстың бір ғұламасынан “Ор­таша мұғалім айтып береді, жақсы мұғалім түсіндіреді, үздік мұғалім көрсе­теді, ұлы мұғалім қанаттандырады, ша­быттандырады”, – деген ғибратты сөз қалған. Баланың бапкері – мұға­лім. Мектептің алтын діңгегі бола білу жоғары дәрежелі кәсіби шеберлікпен өлшенеді. Ортаңқол ұстаз ортаңқол шәкірт тәрбиелейді. Ақын Ғафу Қайырбеков жырға қосқандай, “Сезімнің ақындығы, жүректің батырлығы, мінездің күн шуағы, азбайтұғын адам­ның асылдығы” – осы төрт қасиет ұстаз тұлғасынан табылса, шәкіртінің қанатын қатайтып, білім мен ғылымның биік қиясына қондырады.

Әрине, интернеттің пайдасы ұшан-теңіз екенін ешкім жоққа шығармайды, мен де дауласа қоймаймын. Алайда дайын, көшірінді сабақтарды өзінікін­дей пайдалану мұғалімнің бойындағы барын жоқ етеді. Керісінше, әр сабақтың тақырыбына орай идеяны балалардан күту олардың ой-өрісін кеңей­теді. Өйткені оқушының есінде білім емес, мұғалімнің іс-әрекеті қалады. Кейде бәз біреулері оқушылар түгел­дей мені жақсы көреді, құрмет тұтады, тыңдамағандардың бағасын төмендетіп, ықтырып аламын деп асқақ сөй­леп жатады. Бұл – барып тұрған астамшылық. Мұғалім біткеннің бәрін оқушы жақсы көрмейтінін өз тәжірибемнен жақсы білемін. Жүрегіне жол тапқан ұстазды шәкірт өзі табады. Мұ­ғалім балаға тек шуақ нұрын төгуі ке­рек. “Қыран түлегіне қайыспас қанат сыйлайды, ұстаз шәкіртіне талмас та­лап сыйлайды” демекші, көп біраз уақыт өткен соң “Сіздің алдыңыздан оқыған едім” деген жылы сөзді шәкірттен есту – ең үлкен бақыт осы.

Соңғы кездері педагогтардың білік­тілігін арттыруға арналған түрлі ақылы курстардың көбейіп кеткені орын­ды сынға алынып жүр. Жылына бірне­ше қысқа мерзімді оқу бітіріп, серти­фикат алатындардың білімі толығып кететініне күмәндімін. Меніңше, уақыт­ты босқа алатын, мұғалімнің қалтасын жұқартатын пайдасыз оқуларға тоқтау салған жөн. Қазір не көп – пе­дагогикалық басылымдар көп. Жақсы тәжірибелер үзбей насихатталады. Ке­регіңді ал, шеберлігіңді жетілдір. Жо­ғары болмаса арнаулы оқу орнында жинаған білімің – өмірлік азығың. Үне­мі ізденбесе, ешқандай нәтиже шық­пайды. Сосын мұғалімдер арасында медаль, тағы басқа марапаттарды са­тып алу сәнге айналғаны соншалық, мұны ардан безгеннің сорақы түрі де­меске амалым жоқ. Әлеуметтік желі­лерде “сөлкебайларды” саудалаушы­лар өріп жүр. Сонда ұстаздан ұяттың кеткені, жалған атаққұмарлықтың құлы болғаны ма? Айтуға тіл жетпейді. “Ғасыр ұстазы” атағы – 3 мың, “Алаш ұстазы” – 10 мың, “Ұлт ұстазы” 5 мың теңге тұ­рады екен. Масқара!

Жүрекке тағы бір қатты тиетіні – қа­зақ мектептеріндегі оқушылардың бір-бірімен орысша сөйлесетіні, ойларын еркін жеткізе алмайтыны. Себебі оқу­шылар түгіл мұғалімдерде көркем әде­биет оқуға деген құштарлық жоғалған­дықтан, тілді дамыту, үйрету, дұрыс қолдану ұмыт қалды. Республикалық, облыстық ұлттық мерзімді басылым­дарға жазылмақ түгіл қолына ұста­майтын ұстаздар табылады. Интер­неттің арзанқол, жілігі татымайтын “өсек-аяңдарымен” милары уланған олардың санасына ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың “Газет – халықтың көзі, құлағы hәм тілі”, – дегенін ұғыну қиын. Бүгінгі үлкен трагедиямыз – осы. Бұған қазірден тыйым салмаса, ертең ас­қынып кетсе, алдын алу қиын.

Мектеп өмірінде бірінші басшының рөлі өте зор. Оқу сапасы да, шаруашылық мәселесі да директордың міндетінде. Өз басым мектепті төрт жыл­дан артық басқарған директорлардың орнын ауыстыру талабын толық құптаймын. Ротация ережелері де көңілге қонымды. Мәселен, бір білім ұйымында 4 немесе 7 жылдан астам уақыт жұмыс істеген басшылар басқа ұжымға ауысады. Ал мұғалімдерді жұмысқа қабылдау жаңа форматта, яғни, конкурс және нақты критерийлер бойын­ша жүзеге асырылатыны – жағымды жаңалықтардың бірі. Бұл өзгерістер мұ­ғалімдерді жұмысқа орналастыру кезінде ашықтықты қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою­ға, меритократия қағидаларын орнықтыруға бағытталған. Бұған дейін мектеп директоры кімді алуды жеке-дара шешіп келгені белгілі.

Сөз соңында мұғалімдердің білікті­лігін тексеру немесе аттестациялау туралы ой бөліскенді жөн көрдім. 30 жыл еңбек өтілі бар мұғалімдердің білімін анықтау тестіне қарсымын. Сонда олардың оқу орындарындағы білімі, біліктілік курстары, жинақтаған кәсіби шеберлігі қайда қалады? Жылдар өткен сайын ақыл-парасаты толысып, өз ісінің кәнігі шебері аталмай ма? Меніңше, біліктілік санатын еңбек өтіліне қарай белгілеу жеткілікті. Оның қалыптасқан дәстүрі бар емес пе? Мәселен, 5 жыл өтілі бар мұғалім – жас маман, 6-10 жыл – педагог-модератор, 15 жыл – педагог-сарапшы, 20 жыл – педагог-зерттеуші, 25 жыл – педагог-шебер. Оны өзгертіп, құбылта бергеннен мұғалімнің жүйкесі тозады, алтын уақыты зая кетеді.

Мен саналы ғұымырымды Әбу Дос­мұхамбетов атындағы дарынды ба­ла­ларға мамандандырылған облыстық қазақ мектеп-гимназиясында бала оқыту мен тәрбиесіне арнаған ұстазбын. 90 жылға тақау тарихы бар білім ошағында бастауыш сыныптар жабы­лып, тек бесінші сыныптан бастап қана қабылдайды дегенді естіп, қатты ренжідім. Қабырғам қайысқандай болды. Арманымның мол шағы, қызықты ұстаздық өмірім осы қарашаңырақта басталып еді. Орысы ормандай өңір­де ұлттық мектептер мен сыныптарды қайтсек көбейтеміз деп, жарғақ құла­ғы­мыз жастыққа тимей жүргенде мұн­дай шешім ешқандай ақылға сый­майды. Сонда жылына орта есеппен бірінші сыныпқа баратын жүзге жуық бүлдіршін өздері тұратын мекен­жай­дан алыс жерлерге қатынауға мәжбүр болады деген сөз. Немесе орысшаға ауысады. 2-4 сынып оқушылары қайтпек? 19, 20 шағынаудандарда қара­көз­деріміз көп тұрады, жыл өткен са­йын қатары толығып келеді. Борки кен­тінен, Солнечный шағынауданынан да балалар оқиды. Олай болса, тағы бір мектеп салудың мезгілі жетті. “Ма­мандандырылған” деген мәртебе алғаны жақсы, солай екен деп бүйректен сирақ шығарғандай, балалардың бі­лім алуға деген құқықтарын шектеуге болмайды. Сондықтан білім саласындағылар ойланар, ең бастысы, ұл-қыздарын ана тілінде оқытуға ниет еткен ата-аналар үшін тиімді шешім қабылдар деген үміттемін.

Әлия МАЛДЫБАЕВА,

Қазақстан білім беру ісінің үздігі, ардагер ұстаз.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp