«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

КӘСІПКЕРЛЕР ҚҰҚЫҒЫ ҚОРҒАЛУЫ ҚАЖЕТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов өңірде жұмыс сапармен болып, бірқатар кездесулер өткізді. Бизнес-омбудсменнің облыс әкімі Құмар Ақсақаловпен кездесуінде кәсіпкерлікке қатысты мәселелерді жедел түрде шешу жолдары қарастырылды. Облыс прокуроры Бағбан Тайымбетовпен және облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басшысы Жарқын Ғалымовпен кездесу кезінде кәсіпкерлерден мемлекеттік органдардың іс-әрекеттері бойынша түскен арыздар, өңірдің “Іс-керлік ахуал” рейтінгіндегі көрсеткіштері талқыланды. Бизнес-омбудсмен өңірдегі қоғамды жегідей жеген жемқорлық індетіне қарсы бірлесіп атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, жер учаскелерін бөлуде конкурстар өткізу санының жеткіліксіздігіне, мемлекеттік сатып алудағы заңсыздықтарға назар аударды.

Ол ерекше өзекті мәселе ретінде әлеуметтік маңызы бар қалаішілік маршруттарды субсидиялаудың жайын атап өтті. Айтуынша, бұл – барлық өңірлер тасымалдаушыларының ортақ проблемасы. Мәселен, “Semey Bus” компаниясы банкротқа ұшырап, 240 адам жұмыссыз қалған. Бизнес-омбудсмен облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасының қызметіне көңілі толмайтынын білдірді. Кәсіпкерлер тарапынан шағымдар жиі айтылады. Мәселен, 2021 жылы құрылыс объектілерін пайдалануға қабылдау актілерінің келісім мерзімдерін жүйелі түрде бұзған, заңсыз тексерулер жүргізу, нұсқамалар мен ұсынымдар беру фактілері орын алған. Сондай-ақ бизнес субъектілеріне қатысты тексерулерге өз бетінше бастамашылық ету фактілері де аз емес. Былтыр кәсіпкерлер палатасына 11 шағым түсіп, заңнаманы бұзу фактілері расталған.

Рустам Жүрсінов жауапты мемлекеттік органдардың ауыл шаруашылығы жерлерін беру кезінде конкурстар өткізу бойынша жеткіліксіз жұмыс атқаратынын, геопорталдың әлеуеті толық көлемде пайдаланылмайтынын атап өтті. Платформада қолжетімді қуаттар, инженерлік желілердің, коммуникациялардың схемалары, тағы басқа мәліметтер тиісті тәртіппен орналастырылмайды. Жер комиссиясы сауда-саттыққа шығаруға ұсынған бос учаскелер туралы деректер жоқ. Мұның бәрі, әрине, кәсіпкерлердің қызметін қиындатады және сыбайлас жемқорлық тәуекелін туғызады. Еліміздің астықты өңірінде ауыл шаруашылығы жерлерін беру бойынша конкурстар өткізу және геопортал жұмысы мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлер палатасының басты назарында болуы тиіс. Өңірлік кеңес бұл бағыттағы өз жұмысын ширатуы керек. Облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек қазіргі уақытта геопортал жұмысын орталық ақпараттық жүйелермен біріктіру үрдісі аяқталып қалғанын, жазда толықтай жұмыс істей бастайтынын жеткізді..

“Дөңгелек үстелде” бизнес-қоғамдастығының өкілдері бұрын қолданыста болған импорттық ауыл шаруашылығы техникаларын кедендік рәсімдеудің мүмкін еместігіне, құрылыс материалдары бағасының күрт өсуіне, қант тапшылығына, жұмысшы кадрлардың жетіспеушілігіне және басқа да мәселелер бойынша өз ойларын ортаға салды. “Основание” ЖШС-ның директоры, құрылысшылар қауымдастығының мүшесі Сергей Тимофеевтің айтуынша, баға жобаларды құру кезінде қалыптасады, содан кейін сараптама, тендерлік рәсімдеулер жүргізіледі. Мұның бәрі кем дегенде жарты жылға созылады. Осы мерзім ішінде баға өсіп кетіп, құрылысқа айтарлықтай кері әсерін тигізеді. Тығырықтан шығудың бір жолы – тоқсан сайын бағаны индекстеу. Тендерлерді өткізу кезінде жергілікті құрылыс компанияларына басымдық берілуі қажет.

Жеке кәсіпкер Мұрат Кәрбозов кәсіпкерлік қызмет субъектілері алдындағы шарттық міндеттемелерін орындамайтын “Коммунхоз” МКК-ның қызметіне шағымданды. Оның жетекшілігіндегі кәсіпорын бейнебақылау қызметтерін ұсынумен айналысады.

“Коммунхоздың” алты айдан бергі жалақы бойынша берешегі 2 млн. 160 мың теңгеге жеткен. Оның сауалына қалалық тұрғын үй-коммуналдық шарауашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі қаражат бөлінбей жатыр деген жауап қайтарған. Облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жеңіс Қазиев басқа кәсіпкерлерге қатысты да осындай жайт орын алғанын тілге тиек етті. Коммуналдық мекемеге қатысты 18 атқарушылық іс қозғалған, қарыз 400 млн. теңгені құрайды. Бизнес субъектілері сот тәртібімен өндіріп алу секілді қадамдарға барғалы отыр.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Дархан Әмірин мұндай фактілердің аз кездеспейтінін мойындады. Өкінішке қарай, тиісті орган басшыларының жауаптары бизнес-омбудсменді қанағаттандыра қоймады. Ол миллондаған қарызы бар “Коммунхоз” осы уақытқа дейін қалай келісімшарт жасап келгеніне қынжылыс білдірді. Жергілікті билік пен бюджет комиссиясына бюджетке кезекті түзету енгізген кезде берешекті өтеуге қаражат бөлу ұсынылды.

Бизнес-омбудсмен жиында атап өткендей, олқылықтар бюджет заңнамасында да бар. Осы мәселелер Үкімет деңгейінде көтеріліп, жұмыс тобы құрылған. Қолжетімді баға қалыптастыру, тапсырыстардың уақтылы орындалуы – басты талаптардың бірі. Сауда саласында жұмыс істейтін ауыл кәсіпкерлерінің сөздеріне қарағанда, тұрақтандыру қоры әлеуметтік маңызы бар тауарларды бір апталық лимит бойынша аудандарға жібереді, ал көтерме сауда орындарынан бір айлық тауар көлемін бірден алып кетуге мүмкіндік берілмейді. Ұтылатын – тағы да кәсіпкерлер. Мұндай тауарларға 10 пайыз ғана үстеме баға қосылады. Жолға және сатып алуға жұмсалған шығындар жалпы пайдадан едәуір асып түседі. Сондықтан кәсіпкерлер тұрақтандыру қорындағы айлық норманы бірден алуға рұқсат берілу керек деп есептейді.

Бизнес-омбудсмен кәсіпкерлер палатасына мемлекеттік органдармен бірлесіп, бұл мәселені шешуді тапсырды. Іскер топ өкілдерінің ұсыныстарын мұқият тыңдаған Рустам Жүрсінов оларды бизнес үшін маңызды заңдарды талқылауға белсене қатысуға шақырды.

Уәкілдің арнайы қабылдауына келген “КYZYLZAR BUSES” ЖШС-ның өкілі Наурызжан Исмаилов әлеуметтік маңызы бар қоғамдық көлік қатынастарын субсидиялау шартына сәйкес төлем мәселесін шешуге көмектесуді өтінді. Қалаішілік бес бағыт бойынша 211202920 теңге қарыз жинақталған. Өзге де тасымалдаушылар 140 автобусты лизингке алып, уәде етілген субсидияға қол жеткізе алмағандықтан, банкроттыққа ұшырауы мүмкін. Әзірге бір траншты ғана алған, қалған қарыздар жабылмаған.

Өңірдің бизнес-қауымдастығымен кездесуден кейін Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл “Солтүстік фанера комбинаты” және “Радуга серіктестіктерінде болды.

Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,

облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp