«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ДӘСТҮРЛІ ӘН – ҚАЗАҚТЫҢ ЖАНЫ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ерлан Рысқали – қазақтың дәстүрлі ән өнерінің көшін сүйреп жүрген танымал әншілеріміздің бірі әрі бірегейі. Ол – дәстүрлі ән өнерінің насихаттаушысы, республикалық және халықаралық байқаулардың жүлдегері. Жуырда өңірімізге келіп, қызылжарлық тыңдарманның құлақ құрышын қандырған онымен әңгілесудің сәті түскен еді.

– Ерлан аға, сізді дәстүрлі ән өне­рінің майталмандары “қазақтың екінші Ақан серісі” деп жатады. Бұл пікірді сіздің шығармашы­лы­ғыңыз бен талантыңызға берілген үлкен баға деп қабылдаймын өз басым. Өзіңіз қандай ойдасыз?

– Өнер адамы болған соң түрлі пі­кірлер айтылып жатады ғой. Олардың барлығын шынайы қабылдамауға ты­рысамын. Өйткені мақтанды сүйген кезде талант тасада қалады, өнер өле­ді. Менің әндерімді сүйіп тыңдай­тын халқыма қашан да разымын. “Қазақтың екінші Ақан серісі” деген пікірге келсек, бұл да бекер айтыл­ма­ған. Оны қазақтың айтулы тұлғалары менің операға ден қойғаныма тамса­нып айтқан шығар деп ойлаймын. Опе­ралық өнер қазақ даласына ал­ғаш келіп, сіңіп-бекуіне үлкен түрткі, бастау көзі болған тұлғалар – халық арасынан шыққан таланттар. Ол – Әміре Қашаубаев, Күләш Байсейіто­ва, Манарбек Ержанов, Жүсіпбек Еле­беков сынды қазақтың бұлбұлдары. Осы аталарымыздан кейін қазақтың әншілері опера саласында өнер көр­се­тулерін тоқтатқан. Ең соңғы опера сахнасында домбырасымен ән айт­қан Ғарифолла Құрманғалиев болды. Одан кейін операда домбырамен ән айтатын, ұлттық бояуы бар, қазіргі таң­да дәстүрлі әнші деп жүрген әнші­лердің ешқайсысы шыққан жоқ. Тә­уел­сіздіктің 30 жылдығына орай осы үзілген жолды қайта жалғау менің еншіме жазылған екен. “Қыз Жібек” операсында Шегенің рөлін сомда­дым. Бұл былтыр қараша айында болды. Үстіміздегі жылдың басында Еркеғали Рахмадиевтің “Алпамыс” операсында жыраудың образын салдым. Бұл менің шығармашы­лығымдағы үлкен бір белес, бақыт деп санаймын.

– Гастрольдік сапармен өңірлер­ді жиі аралайсыз. Қазіргі уақытта қайда қызмет атқарып жүрсіз?

– Бүгінде Роза Бағланова атын­дағы “Қазақконцерт” мемлекеттік кон­церттік ұйымында Халық қазынасы мемлекеттік өнер бөлімінің меңгеру­шісі болып қызмет етудемін. Бұл бөлім Президентіміздің қолдауымен ашылған. Сондай-ақ Қазақ ұлттық өнер университетінде ұстазбын.

– Бәрімізге белгілі, сіз қазақтың дәстүрлі және халық әндерін кеңі­нен насихаттап жүрсіз. Жалпы дәс­түрлі әншіліктің бүгіні мен кеше­гісін салыстыра отырып, қалай дамып жатқанына баға берсеңіз?

– Жалпы дәстүрлі өнер дегеннен гөрі қазақтың ұлттық классикалық өнері деген дұрыс деп есептеймін. Ке­ңес үкіметі уақытында қанша жерден саясат қазаққа қарсы тұрса да, ол кезде жүйе болды, өнер дәріптелді. Соның арқасында ән өнері бүгінге аман-есен жетіп отыр. Қазіргі таңда да мемлекет тарапынан қолдау бар. Алайда әлемдегі жаһандану мә­се­лесі біздің ұлттық руханиятымызға көлеңкесін түсіруде. Әлемнің түкпір-түкпірінен мәдениеттің сан алуан түр­лері құйылып жатыр. Соның барлығы ұлттық құндылықтарымыздың алды­на кесе көлденең тұруда. Билік мем­лекеттік ұйымдарға арнайы жүкте­ме­лер беруі керек. Осы қарқында жүре беретін болсақ, біздің өнер шеттен құйылып жатқан бөгде мәдениеттің тасасында қалып, ақыр соңында жұтылып кетуі де мүмкін.

Кезінде француз жыраулары бол­ған, оларды трубадур деп атаған. Фран­цияда ел кезіп жүрген ақындар қазақтың әнші-ақындары секілді өлең­дерін өзі музыкалық аспапта орын­даған, аракідік өзі де өлең шы­ғарған, сол шығарған өлеңін өз сазы­мен сүйемелдеп айтқан. Ол уақытта симфониялық, классикалық музыка әлемдік сәнге айналған болатын. Жұртшылық соған көңіл бөлеміз деп, өз жырауларына қарамады. Сөйтіп, классикалық музыканың француз мәдениетіне дендеп кіріп алғандығы соншалық, ақыры жырауларын түп-тамырымен құртып жіберді. Мұндай қайғы-қасірет біздің де басымызға тууы мүмкін.

Президентіміз Қасым-Жомарт То­қаев­тың соңғы Жолдауын оқып оты­рып, “Ұлттық өнердің келешегі жар­қын болады екен-ау” деген кеудемде бір үміт пайда болды. “Дала демо­кратиясына ұмтылуымыз, соған же­туі­міз керек”, – деді Мемлекет бас­шысы. Жалпы дала демократиясы­ның астары осы даланы мекен еткен қазақтың салт-дәстүрі, мәдениетінде жатыр. Сондықтан ұлттық өнерге көңіл бөлінуі керек.

– Роза Бағланованың 100 жыл­ды­ғына арналған концертте қы­зыл­жарлық көрермен қауым ыс­тық ықыласын білдіріп, “Молда­бай­дың әнін” қайталап орындап бе­руіңізді сұрады. Мұның өзі ұлттық өнерге деген сүйіспеншіліктің бір көрінісі емес пе?

– Құдайға шүкір, ел арасында өзінің ұлттық өнерін қадірлейтін тың­дарман жоқ емес, бар. Шыны керек, олардың қатары өте аз. Өрелі адам­дар ғана тыңдайды бізді. Мені аттай қалап алдыртып отыратын адамдар бар. Ондай кісілер Қазақстанның түк­пір-түкпірінен табылып жатыр. Сон­дай ұлттық өнерді құрметтейтін және менің шығармашылығыммен етене таныс жандар өздері құмартып “Қуа­нышымызда әнін айтып, ортамызда болса екен” деп, хабарласып шақы­ра­ды. Басқа жанрдағы әншілермен салыстырғанда, әрине, саны аз. Мұ­ның себебі көп. Ұлттық өнер – тобыр­лық мәдениет емес. Бұл – кемелдікке бастайтын даңғыл жол. Рухани қазы­на осы ән, жыр, күйде жатыр. Қазір, өкінішке қарай, ойланатын қазақ кем де кем, азайып бара жатыр. Көбіне ырғақтың етегіне желітіп, дұрыс ән тыңдауды да білмейді. Оған кінәлі адамның өзі, ортасы және бұқаралық ақпарат құралдарындағы насихат жүйесіз жасалып жатқандығы.

Тағы бір айта кететіні, мен Қызыл­жарға жиі келіп тұрамын. Жақын дос­тарымның бір шоғыры осында тұра­ды. Халықтың ықыласы ұнайды. Сах­на­ға шыққанда құрметпен тыңдайды. Дәстүрлі өнердің шынайы жанашыр­ларының бір нөпірі осынау киелі мекенде тұрады деп ойлаймын.

– Сіз шәкірт тәрбиелеу ісімен де айналысып жүрсіз. Қазақтың дәс­түрлі өнерін жастар арасында да­мытып, бәсекеге салудың жолы бар ма?

– Жалпы ұлттық өнерді жастардың арасында дамытып, қызықтыру үшін мемлекет тарапынан жағдай жаса­луы керек. Мысалы, ұлттық өнерге ар­налған бағдарлама, шоулар ашылса, нұр үстіне нұр болушы еді. Сол ар­қылы халық жаңа өсіп келе жатқан әнші, жыршы, күйшілерді көріп, біліп, таниды. Ұлттық өнерді ел болып сәнге айналдыруымыз керек. Сонда ғана жас ұрпақ оған қызығушылық танытады. Дәстүрлі әншілердің саны көбейген сайын сапасы жақсарып, бірі мен бірі бәсекеге түсе бастайды. Еңбектену, өзін-өзі шыңдау көбейеді. Ұлттық өнерді трендке айналдырсақ, оның келешегінің нұрлы болары хақ.

– Біраз уақыт Ұлыбританияда тұрып, сонда ұлы Абайдың өлең­дері мен бір топ қазақ сал-серіле­рінің терме-толғауларын күйтабақ­қа топтастырып шығардыңыз. Осы жинақ жөнінде айтып өтсеңіз.

– Ағылшындар мемлекетінде екі жыл тұрдым. Ол жақтың мәдениеті, тәртіп-тәрбиесі өте ұнады. Ұлт ретін­де қарапайым, ізденімпаз, кез келген дүниенің қадірін, парқын білетін текті халық. Сол елде “Маңмаңгер” деп аталатын ән жинағымды шығардым. Бұл – домбырамен ән салып, жыр жыр­лап, күй шертіп жүрген қазақ өнер­паздарының арасынан шетелде шыққан тұңғыш жеке альбом. Осын­дай бақытты менің пешенеме бер­геніне қуаныштымын. Ағылшынның үздік студияларының бірімен келісім­шартқа отырып, Алекс деген мықты музыкант маманмен танысып, жұмыс жасадым. Ол әндерімді тазалап, дыбыс сапасын жақсартып, күйтабақ­тың шығуына зор үлес қосты. Соның арқасында жинақ өте сәтті шықты. Дизайнына қазақстандық достарым, әріптестерім көмектесті. Негізі аль­бомда 50 ән болады деп жоспарлаған едім. Бірақ әндердің хроно­метра­жы­на байланысты күйтабақтың, дыбыс­тың сапасы жоғалмас үшін біраз дү­ние алынып тасталды. Сөйтіп, 38 ән енді. Тұсаукесері Кембридж универ­ситетінде музыкатану ғылымының докторы Разия Сұлтанова, көптеген продюсерлер, ұлттық өнерге қызы­ғып, айналысып жүрген ғалымдар­дың қатысуымен өтті. Барлығы алғы­сын айтып, жоғары баға берді.

Ағылшындар кез келген ұлттың, түрлі жанрдағы өнерін қабылдай бе­реді. Мәдениетті тыңдай, құрметтей біледі. Өнер көрсетіп болғаннан кейін, шынымен де мықты болсаң, жүрегіңнің қылын шертсең, сахнаның сыртына айналып келіп, тауып алып, орындаған шығармаңнан алған әсе­рін ерінбей-жалықпай түсіндіріп, рах­мет айтып кетеді. Онда жүрген кезім­де осындай бір ерекшелікті байқа­дым. Сондағы маған ең көп айтқан­дары мынадай: “Сіз ән айтқан кезде дауысыңыз мына қаланың зәулім ғимараттарын “қиратып”, біздің таулы аймақты тегіс жазық далаға айналды­рып жіберді. Өзімізді кең далада жүр­гендей сездік”.

– Алға қойып отырған жоспар-мақсатыңызбен бөліссеңіз.

– Алда мақсат көп. Ұлттық өнерге қатысты бағдарламалар шығарсам, “Халық қазынасы” мемлекеттік өнер орталығының аясын кеңейтсек, со­нымен бүкіл республиканы аралап шықсақ деген ой бар.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен

Рабиға ЕРАЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp