Бұрындары мұғалімдердің жалақысы төмен, түрлі қоғамдық жұмыстарға күштеп тартылады деген пікірлерді жиі еститінбіз. Қазір ондай қаңқу сөздер сап тыйылған сияқты. Оған бірінші себеп – “Мұғалімнің мәртебесі туралы” Заңның қабылдануы. Дегенмен мұғалімдік мамандықтың беделі төмендеді, қадір-қасиеті қалмай барады. Бала-шағаның нантабар кәсібіне айналып кетті деген әңгімелер де аз айтылмайды. Бұл сөздер негізсіз емес, бәрін кінәлаудан аулақпын, бірақ ренжімесін, жастардың көбі ізденбейді, сабақ берумен ғана шектеледі.
Тілді үйретуші де, аясын кеңейтуші де – мұғалім. Қай пән болмасын, математика ма, физика ма – ұстаздың шебер тілі керек. Өйткені оқушыға білім тіл арқылы жетеді. Бұл бағытта ұйымдастырылатын іс-шаралар жұтаңданып, жадағайланып бара жатқан секілді. Балаға титімдей болса да пайдасы тисін дейсің ғой. Орайы келгенде, бір мұғалімнің сабағына қатысып, еңсем езіліп шықты. Сылдыр сөз, сөзуарлық басым. Тақырыпты ұғынықты тілде түсіндіре алмағанын оқушылар да сезгендей, сүттей ұйып тыңдаудың орнына әрлі-берлі қозғалақтай берді.
Бүгінгідей озық технологиялар заманында кәсіби шеберлікті артырудың жолдары аз емес. Ізденген, алға ұмтылған жан есебін, амалын табады. Жоғары оқу орнын бітіріп келген дипломды маманнан тілді блоктап оқыту жүйесі жайлы сұрап едім, “не айтып тұрсыз?” дегендей бетіме аңтарыла қарағаны бар. Тағы бір байқағаным, жас мұғалімдер жазуға шорқақ. Өздерінің жақсы тәжірибелерін дұрыстап жеткізе алмайды. Біздің тұсымызда алдыңғы толқын ағалар мен апалар қолымызға қалам беріп, көрген, білген-түйгенімізді ақ қағаз бетіне түсірткізетін. Сөйтсе, жазуға, сөйлеуге машықтана берсін дегені екен ғой.
Жүрек қалауымен таңдап алған кәсібін тыңғылықты меңгеріп, жан-тәнімен берілгендер ғана биік белестерді бағындыра алады. Қазір талап күшті. Білім беру, тәрбиеге баулу – жеткіліксіз. Баланың ішкі жан дүниесіне үңілу, жеке тұлғасын жан-жақты дамыту – өте күрделі міндет. Өкінішке қарай, кей әріптестерімнің білім сапасы – елдің ертеңін айқындайтын, оның бәсекелестігіне ықпал ететін аса маңызды сала екенін ұғынудың орнына, рухани байлықтан гөрі материалдық игілікті бірінші орынға қоятыны қынжылтады.
Ата-аналар арасында ұл-қыздары нағыз ұстазға тән қасиеттерден жұрдай екенін біле тұра, мәртебелі мамандықты зорлап игертуге тырысатындары кездесіп қалады. Соңғы кездері екінің бірі мамандық таңдауда мұғалім болғысы келеді. Бұл – өте қауіпті құбылыс. Жалақы өсті екен деп, көтере алмайтын шоқпарды белге байлаудың соңы үлкен өкінішке соқтырары анық. Шығыстың бір ғұламасынан “Орташа мұғалім айтып береді, жақсы мұғалім түсіндіреді, үздік мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім қанаттандырады, шабыттандырады”, – деген ғибратты сөз қалған. Баланың бапкері – мұғалім. Мектептің алтын діңгегі бола білу жоғары дәрежелі кәсіби шеберлікпен өлшенеді. Ортаңқол ұстаз ортаңқол шәкірт тәрбиелейді. Ақын Ғафу Қайырбеков жырға қосқандай, “Сезімнің ақындығы, жүректің батырлығы, мінездің күн шуағы, азбайтұғын адамның асылдығы” – осы төрт қасиет ұстаз тұлғасынан табылса, шәкіртінің қанатын қатайтып, білім мен ғылымның биік қиясына қондырады.
Әрине, интернеттің пайдасы ұшан-теңіз екенін ешкім жоққа шығармайды, мен де дауласа қоймаймын. Алайда дайын, көшірінді сабақтарды өзінікіндей пайдалану мұғалімнің бойындағы барын жоқ етеді. Керісінше, әр сабақтың тақырыбына орай идеяны балалардан күту олардың ой-өрісін кеңейтеді. Өйткені оқушының есінде білім емес, мұғалімнің іс-әрекеті қалады. Кейде бәз біреулері оқушылар түгелдей мені жақсы көреді, құрмет тұтады, тыңдамағандардың бағасын төмендетіп, ықтырып аламын деп асқақ сөйлеп жатады. Бұл – барып тұрған астамшылық. Мұғалім біткеннің бәрін оқушы жақсы көрмейтінін өз тәжірибемнен жақсы білемін. Жүрегіне жол тапқан ұстазды шәкірт өзі табады. Мұғалім балаға тек шуақ нұрын төгуі керек. “Қыран түлегіне қайыспас қанат сыйлайды, ұстаз шәкіртіне талмас талап сыйлайды” демекші, көп біраз уақыт өткен соң “Сіздің алдыңыздан оқыған едім” деген жылы сөзді шәкірттен есту – ең үлкен бақыт осы.
Соңғы кездері педагогтардың біліктілігін арттыруға арналған түрлі ақылы курстардың көбейіп кеткені орынды сынға алынып жүр. Жылына бірнеше қысқа мерзімді оқу бітіріп, сертификат алатындардың білімі толығып кететініне күмәндімін. Меніңше, уақытты босқа алатын, мұғалімнің қалтасын жұқартатын пайдасыз оқуларға тоқтау салған жөн. Қазір не көп – педагогикалық басылымдар көп. Жақсы тәжірибелер үзбей насихатталады. Керегіңді ал, шеберлігіңді жетілдір. Жоғары болмаса арнаулы оқу орнында жинаған білімің – өмірлік азығың. Үнемі ізденбесе, ешқандай нәтиже шықпайды. Сосын мұғалімдер арасында медаль, тағы басқа марапаттарды сатып алу сәнге айналғаны соншалық, мұны ардан безгеннің сорақы түрі демеске амалым жоқ. Әлеуметтік желілерде “сөлкебайларды” саудалаушылар өріп жүр. Сонда ұстаздан ұяттың кеткені, жалған атаққұмарлықтың құлы болғаны ма? Айтуға тіл жетпейді. “Ғасыр ұстазы” атағы – 3 мың, “Алаш ұстазы” – 10 мың, “Ұлт ұстазы” 5 мың теңге тұрады екен. Масқара!
Жүрекке тағы бір қатты тиетіні – қазақ мектептеріндегі оқушылардың бір-бірімен орысша сөйлесетіні, ойларын еркін жеткізе алмайтыны. Себебі оқушылар түгіл мұғалімдерде көркем әдебиет оқуға деген құштарлық жоғалғандықтан, тілді дамыту, үйрету, дұрыс қолдану ұмыт қалды. Республикалық, облыстық ұлттық мерзімді басылымдарға жазылмақ түгіл қолына ұстамайтын ұстаздар табылады. Интернеттің арзанқол, жілігі татымайтын “өсек-аяңдарымен” милары уланған олардың санасына ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың “Газет – халықтың көзі, құлағы hәм тілі”, – дегенін ұғыну қиын. Бүгінгі үлкен трагедиямыз – осы. Бұған қазірден тыйым салмаса, ертең асқынып кетсе, алдын алу қиын.
Мектеп өмірінде бірінші басшының рөлі өте зор. Оқу сапасы да, шаруашылық мәселесі да директордың міндетінде. Өз басым мектепті төрт жылдан артық басқарған директорлардың орнын ауыстыру талабын толық құптаймын. Ротация ережелері де көңілге қонымды. Мәселен, бір білім ұйымында 4 немесе 7 жылдан астам уақыт жұмыс істеген басшылар басқа ұжымға ауысады. Ал мұғалімдерді жұмысқа қабылдау жаңа форматта, яғни, конкурс және нақты критерийлер бойынша жүзеге асырылатыны – жағымды жаңалықтардың бірі. Бұл өзгерістер мұғалімдерді жұмысқа орналастыру кезінде ашықтықты қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға, меритократия қағидаларын орнықтыруға бағытталған. Бұған дейін мектеп директоры кімді алуды жеке-дара шешіп келгені белгілі.
Сөз соңында мұғалімдердің біліктілігін тексеру немесе аттестациялау туралы ой бөліскенді жөн көрдім. 30 жыл еңбек өтілі бар мұғалімдердің білімін анықтау тестіне қарсымын. Сонда олардың оқу орындарындағы білімі, біліктілік курстары, жинақтаған кәсіби шеберлігі қайда қалады? Жылдар өткен сайын ақыл-парасаты толысып, өз ісінің кәнігі шебері аталмай ма? Меніңше, біліктілік санатын еңбек өтіліне қарай белгілеу жеткілікті. Оның қалыптасқан дәстүрі бар емес пе? Мәселен, 5 жыл өтілі бар мұғалім – жас маман, 6-10 жыл – педагог-модератор, 15 жыл – педагог-сарапшы, 20 жыл – педагог-зерттеуші, 25 жыл – педагог-шебер. Оны өзгертіп, құбылта бергеннен мұғалімнің жүйкесі тозады, алтын уақыты зая кетеді.
Мен саналы ғұымырымды Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған облыстық қазақ мектеп-гимназиясында бала оқыту мен тәрбиесіне арнаған ұстазбын. 90 жылға тақау тарихы бар білім ошағында бастауыш сыныптар жабылып, тек бесінші сыныптан бастап қана қабылдайды дегенді естіп, қатты ренжідім. Қабырғам қайысқандай болды. Арманымның мол шағы, қызықты ұстаздық өмірім осы қарашаңырақта басталып еді. Орысы ормандай өңірде ұлттық мектептер мен сыныптарды қайтсек көбейтеміз деп, жарғақ құлағымыз жастыққа тимей жүргенде мұндай шешім ешқандай ақылға сыймайды. Сонда жылына орта есеппен бірінші сыныпқа баратын жүзге жуық бүлдіршін өздері тұратын мекенжайдан алыс жерлерге қатынауға мәжбүр болады деген сөз. Немесе орысшаға ауысады. 2-4 сынып оқушылары қайтпек? 19, 20 шағынаудандарда қаракөздеріміз көп тұрады, жыл өткен сайын қатары толығып келеді. Борки кентінен, Солнечный шағынауданынан да балалар оқиды. Олай болса, тағы бір мектеп салудың мезгілі жетті. “Мамандандырылған” деген мәртебе алғаны жақсы, солай екен деп бүйректен сирақ шығарғандай, балалардың білім алуға деген құқықтарын шектеуге болмайды. Сондықтан білім саласындағылар ойланар, ең бастысы, ұл-қыздарын ана тілінде оқытуға ниет еткен ата-аналар үшін тиімді шешім қабылдар деген үміттемін.
Әлия МАЛДЫБАЕВА,
Қазақстан білім беру ісінің үздігі, ардагер ұстаз.