«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САЛЫНҒАН ҮЙ КӨП, ҚОНЫСТАНУШЫ АЗ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Солтүстік Қазақстан облыстық қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиында оңтүстіктен теріскейге қоныс аударған отбасылар мен шетелден оралған қандастардың мәселесі талқыланды. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, 2017 жылдан бері “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасы аясында өңірдегі 225 елді мекенге 9120 адам (2700 отбасы) келген. Олардың – 3784-і еңбекке жарамды азаматтардың санатында, 220-сы зейнеткер, 276-сы студент, 4289-ы бала.

Белгілі болғандай, еліміздің оңтүстігінен қоныс аударғандарға жалпы сомасы 1,9 млрд. теңге көлемінде субсидия төленді. Бүгіндері 3074 азамат тұрақты жұмыспен қамтылды. Олардың 2448-і жергілікті әкімдік арқылы екі қолға бір күрек тапқан.

– Облысымызға келгендердің 81 пайызы жұмыспен қамтылды. Олардың 626-сы жеке кәсіп ашып, өз ісін бастауға мүмкіндік алды. Оның ішінде 319 азамат мемлекет тарапынан қайтарымсыз грант иегері атанды. Бүгіндері 404 адам ауыл шаруашылығында, 356-сы білім, 176-сы денсаулық сақтау саласында еңбек етуде. Бұдан бөлек, бау-бақшамен айналысуға бел буғандарға жеміс пен көкөніс өсіруге 5 жылдық мерзімге 8,3 мың гектар жер берілді, – деді облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ринат Елжасов. 2016 жылдан бері шетелден оралған қандастардың қатары 850 адамды құрады. Басым бөлігі Қытай, Өзбекстан, Ресей мен Моңғолия елдерінен көшіп келген.

Өкінішке қарай, солтүстікке кешіп келгендердің бәрі бірдей жаңа мекенге үйренісіп, тұрақтай алмапты. Кейбірі кері қайтуға мәжбүр болған. Әрине, өңірде көшіп келгендерге мүмкіндігінше жағдайлар жасалуда. Дегенмен ұсынылған үйлердің бәрі сапалы емес. Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та жүрдім-бардым салынған нысан­дарды сынаған болатын. Бүгіндері қоныс аударушыларға арнап тұрғы­зылған 1206 баспананың 485-інде кемшіліктер анықталды.

– 2019-2020 жылдары “Еңбек” бағ­дарламасы аясында үйлерді тұр­ғызған азаматтардан баспаналарды сатып алу үшін 8,6 млрд. теңге бөлінді. Кейін тексеріс ұйымдасты­рып, 485-інде ақаулар табылып, 472-сі қайта жөндеуден өтті. Қазіргі күні 13-і әлі де қалпына келтіріліп жатыр. Олардың алтауы Айыртау, үшеуі Мамлют және төртеуі Тайынша аудандарында орналасқан. Бір үйдің бағасы 7 млн. теңгені құрап отыр. 2021 жылы Президент әкімшілігінің тексерісінен кейін әр үйдің салу құнын 8 млн. теңгеге көтеру қажет екені туралы шешім шығарылды, – деген облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Мұстафин кәріз желілерін тарту және шаруашылыққа қажетті қора-қопсы салуға аудандық және облыстық бюджеттен 800 млн. теңге бөлінгенін атап өтті.

Жиында сөз сөйлеген қоғамдық кеңестің мүшесі Павел Афанасьев тұрғызылған баспаналардың әлі күнге дейін бос тұрғанына қынжылыс білдірді.

– Ақжар ауданында 63 үй салын­ған. Сонын 25-і немесе 39,7 пайызы қолданысқа тапсырылды. Уәлиханов ауданында қоныстанушыларға деген 81 жаңа баспананың 32-сі ғана бері­ліпті. Тимирязев ауданындағы жағдай да мәз емес. Мұнда мемлекет мен­шігіне өткен 62 үйдің тек 6-уында ғана адамдар тұрып жатыр. Бұдан жер­гілікті атқарушы билік өкілдерінің мар­дымсыз жұмысын көруге болады. Олар оңтүстіктен және шетелден кел­ген қандастарға облысымызда тұруға жағдай жасамай, үгіт-насихат жүргіз­бей отыр. Салынған үйлер иесіз тұрғандықтан көп ұзамай жарамсыз күйге түсуі мүмкін, – деді ол.

Кеңесте қаралған екінші мәселе – облыстағы денсаулық сақтау және санитарлық-эпидемиологиялық жағ­дай. Сөз тізгінін алған облыстық ден­саулық сақтау басқармасының бас­шы­сы Нұрлан Аймановтың айтуын­ша, 2020 жылмен салыстырғанда кадр тапшы­лығы мәселесі 2 пайызға азайған. Дегенмен әлі де өңірдің ем­деу ме­кемелеріне 285 дәрігер қажет.

– Өткен жылы бізге 156 маман келді. 121 дәрігер 220,5 млн. теңге кө­лемінде көтермеақы алды. Олардың 150-і “Дипломмен – ауылға!” бағ­дарламасы аясында аудандық ауруханалардан қаржыландырылды. Биыл өңірімізге келетін жас дәрігер­лерге 250 млн. теңге қарастырылып отыр, – деді Нұрлан Айманов.

Былтыр елді мекендерді қолже­тімді медициналық көмекпен қамту мақсатында жылжымалы медицина­лық кешендер ауылдарды аралап, 35739 адамның денсаулығын тексер­ді. Биыл бұл қызмет түрі жалғасын тауып, нәтижесінде 33290 азаматты қамту жоспарланып отыр. Аталмыш ведомство өкілінің сөзінше, өңірде дәрі-дәрмек тапшылығы жоқ. Осы жылы жергілікті бюджеттен бөлінген 8,3 млрд. теңгеге 856 түрлі дәрі-дәр­мек сатып алынды.

Денсаулық сақтау саласында ше­шімін таппай келе жатқан мәсе­лелер де жоқ емес. Мұны қоғамдық кеңестің мүшелері айтты. Мәселен, иммун тапшылығы вирусына шалдыққандар қатары артып, қан айналымы жүйесі ауруларынан көз жұматындардың саны өскен. Тағы бір мәселе – Жұ­мысшы кенті, Ойқала, Заречный, Былғары зауыты мен “Жас өркен” шағынаудандарында емханалардың жоқтығы. “Берекеде” салынып жатқан денсаулық сақтау мекемесі әлі күнге дейін тапсырылған жоқ. Жиында жұқ­палы аурулардың дені сапасыз суға байланысты екені туралы да айтыл­ды. Мәселен, 636 елді мекеннің 357-сі су құбырларынан тұтынады, 263-і ор­талық су жүйесіне мүлдем қосыл­маған, 16 ауылға тіршілік көзі көлікпен жеткі­зіледі.

Қоғамдық кеңесте ауыл шаруашы­лығына пайдаланылатын минерал­дық тыңайтқыштарға бөлінетін суб­сидиялар туралы сөз қозғалды. Мә­селен, биыл бұл мақсатқа 11 млрд. теңгеден астам қаражат қарасты­ры­лып отыр. Сондай-ақ 14 млрд. теңге – пестицидтерді сатып алуға жұмсал­мақ. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқар­ма­сының басшысы Мейрам Меңді­баев­тің ақпаратына сүйенсек, биыл жергі­лікті диқандардан минералдық ты­ңайт­қыштар алуға 733 өтініш түскен.

– Республикалық бюджеттік ко­миссияның шешімімен тыңайтқыш­тар­ды субсидиялауға 4,7 млрд. бөлі­неді. Бұл сома облыстық басқарма­ның шотына түскенде шаруалардан өтініштер қабылдау жұмысы жандана түседі. Былтыр бөлінген 6,2 млрд. теңге толық игерілді. Сатып алынған пестицидтерді субсидиялауға 9,9 млрд. теңге қарастырылғанымен, қосымша тағы 4,3 млрд. теңге бе­рілетіні белгілі болды, – деді Мейрам Меңдібаев.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp