Петропавл қаласында бірлескен саптық байқау және облыс орталығы аумағында қоғамдық тәртіпті, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысатын полиция күштерінің гарнизондық жиыны өтті.
Саптық байқау кезінде бірден бес қызметкер кезекті арнаулы атақтарын алды, үшеуіне – капитан, екеуіне – полиция лейтенанты шені берілді. Барлық офицерлер Петропавл қаласында орналасқан полиция бөліністерінде қызмет атқарады. Қызметкерлерге жаңа погондарды әріптестерінің қошеметі мен оркестрдің сүйемелдеуімен өткен салтанатты шарада облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Айдын Қабдұлдинов табыс етті.
Патрульдік полицейлер, учаскелік полиция инспекторлары, мамандандырылған күзет қызметінің мамандары тәулік бойы құқықтық тәртіпті қамтамасыз етеді және полиция құзыретіне жататын шақыртуларға алғашқылардың бірі болып баруға әрдайым дайын тұрады. Аталған бөліністердің жұмыс тиімділігінің негізінде қалыпты емес жағдайларда шешім қабылдай білу ғана емес, қатаң тәртіп те жатады. Сондықтан полиция полковнигі Айдын Қабдұлдинов саптық байқау кезінде жеке құрамның заңды, жарғыны білуі, қызметтік құжаттардың болуы, сондай-ақ жаз бен көктем кезінде қызмет атқаруына дайындығын тексерді. Қазіргі уақытта облысымызда патрульдік полиция батальонының қызметкерлерімен қатар учаскелік полиция инспекторлары да жаңа үлгідегі киім алды. Жаңа киіммен кезең-кезеңімен қалалық және аудандық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторлар да қамтамасыз етіледі.
Саптық байқау соңында Петропавл полиция гарнизонының күштері ведомстволық оркестрдің сүйемелдеуімен салтанатты түрде саппен жүріп өтті. Тәртіп сақшыларының соңынан патрульдік полицияның арнайы автокөліктері өтіп, іс-шарадан кейін полицейлер бірден қызметіне – қоғамдық тәртіпті сақтауға кірісті.
Динара САҒЫНДЫҚОВА,
облыстық полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің аға инспекторы.