«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Үйлесімді әрекеттен ұтарымыз көп

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында: “Бүгінгі Жолдаудың мән-маңызы айрықша. Оның арқалайтын жүгі бір жылмен шектелмейді, ауқымы кең, мазмұны да бөлек. Біз алдымызға биік мақсаттар қойып отырмыз. Өздеріңізбен бірге Жаңа Қазақстанды құруға кірістік”, – дей келіп, мемлекеттік институттардың рөлін нығайту, азаматтық қоғам мен құзырлы органдардың ашықтығын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселелерін дәйектеп берді. Бұл орайда көздеген мақсаттан ауытқымаудың, еліміздің тұтастығын сақтаудың, жергілікті билік органдарына ахуалға тез бейімделіп, барынша үйлесімді әрекет етудің, шешімдерді жайбасарлықпен қабылдауға, шенеуніктік формализмге жол бермеудің маңызы зор.

Жолдауда жаңа Қазақстанның іргетасы саяси және экономикалық реформалардың тығыз байланысы негізінде қаланатыны ашық айтылып, экономика мен мемлекеттік басқару ісіндегі соны құрылымдық реформалар топтамасын әзірлеуге тапсырма берілді. Бұл, ең алдымен, азаматтардың барлық сындарлы өтініштеріне жедел және тиімді жауап беруге, билік пен қоғам арасындағы тұрақты диалог арқылы үйлесімді мемлекет құруға кең жол ашады деген сөз.

2025 жылға таман ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғы тұрақты өсімін 5 пайызға және одан да жоғары деңгейге жеткізу міндеті тұр. Негізгі асыраушымыз, ортақ байлығымыз – жер ресурсының әлеуетін толық пайдалана отырып, экологиялық таза өнімдер өндірудің мүмкіндіктері жергілікті жерлерде мол. Былтыр аудан бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 60,9 млрд. теңгені құрады. 2019 жылы 2,3 млрд. теңге субсидия төленген болса, 2021 жылы оның мөлшері 3,2 млрд. теңге болды. Президент диқандардың жер ресурстарын талапқа сай игеру мәселесі өте өзекті болып отырғанын ескерткен еді. Ауыл тұрмысының жақсаруы сол аумақтарда мал, астық өсіретін шаруашылықтарға тікелей қатысты. Есіл ауданындағы “Егін”, “Прометей-Агро”, “Ғасыр-Астық”, Табыс-Агро, “Дальнее”, “Рустикус”, “Дельта – Агромельпродукт”, “Агрофирма Есіл”, “Азия-Тарангул” серіктестіктері пай үлескерлеріне берген әлеуметтік міндеттемелерін үлкен жауапкершілікпен орындап жүр. Бұл шаруашылықтарда гектар шығымдылығы 17-22 центнерден төмендеген емес. Майлы дақылдар өсіруде “Ғасыр-Астық”, “Егін”, “Асхат-Агро”, “Заречное-Агро” агроқұрылымдары мақтаулылар қатарында. Бұл шаруашылықтарда технологиялар қатаң сақталады, егіс алқаптарын әртараптандырумен шұғылданады, цифрландыру сияқты озық технологияларды қолданады, минералды тыңайтқыштарды уақтылы сіңіреді. Әртараптандыру нәтижесінде соңғы 5 жылда майлы дақылдар алқабы 61 пайызға ұлғайтылып, 68,2 мың гектарды құрады. Соңғы үш жылда 12,8 млрд. теңгеге 869 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдығы сатып алынды.

“Қуатты өңірлер – қуатты ел” ұстанымының түпкі мәні қолжетімді инфрақұрылымды қалыптастыруға, яғни, тұрғындарды таза ауызсумен, сапалы жолмен қамтамасыз етуге, сонымен бірге әлеуметтік ауқымды жобалар арқылы шағын елді мекендерді өркендетуге қатысты күрделі проблемаларды шешуге келіп тіреледі. Ақтас, Бұлақ, Қаратал, Бірлік, Жарғайың сияқты ауылдардың жолдарын қалпына келтіруге сметалық құжаттар әзірленді. Тауағашқа кіре беріс 12 шақырым жолды жөндеуге конкурс жүргізілді. Бөлінетін қаржы – 424 млн. теңге. Жалпы ұзындығы 59, 9 шақырым болатын 7 ауылдың жолдарын орташа жөндеуге барлығы 2 млрд. теңге қарастырылған. Басты мақсат – автожолдар желісін сақтау, кезең-кезеңмен жақсарту.

Негізінен ауылдықтарды қинайтыны ауызсу жайы екені мәлім. Қазіргі уақытта 53 елді мекеннің 19-ы Преснов топтық су құбырына қосылған. 4,3 мың тұрғыны бар 9 ауыл жергілікті су көздерін пайдаланады. 3,7 мың адам тұратын 25 ауыл суды құдықтар мен ұңғымалардан алады. Ильинкаға сумен жабдықтау жүйесі орнатылды. Заградовкаға су тазарту стансасы сатып алынды. Ендігі кезекте Бұлаққа жалпы құны 826,7 теңге болатын сумен жабдықтау желісін тарту, 6,2 мың тұрғыны бар 13 ауылға су құбыры мен су бұру құрылысын салуды көздейтін жобалық-сметалық құжаттар ресімделмек.

Ауылдардың әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде шағын бизнес елеулі орын алатыны, тұрақты жұмыс орындарын құруға, жұмыссыздықты азайтуға әсері айтарлықтай екені белгілі. 2018 жылдан бастап мал өсірумен айналысатын шаруашылықтардың саны 41-ден 76-ға дейін көбейді, қазір олардың ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы үлесі 31,5 пайызға жуық. “Заградовское”, “Ильинское”, “Ебжанов және К” серіктестіктерінде 400 бас сиырға лайықталған тауарлы-сүт фермасы жұмыс істейді. “Красный Сибиряк” және “Есіл-Петровка” шаруашылықтарында шағын-фермалар құрылды. 2020 жылы 34305 тонна сүт сауылса, 5093 тоннасы жоғарыда аталған тауарлы-сүт фермаларының еншісінде. “Ебжанов және К” ЖШС 400 сиырға арналған сүт кешенін кеңейтуді аяқтап, Германиядан 187 бас симментал сиырларын әкелді. Енді мұнда жылына 2000 тонна сүт сауылатын болады. “Атамекен-Агро-Корнеевка” ЖШС 3,3 млрд. теңгенің тауарлы-сүт фермасының құрылысын бастады. Жылдық қуаттылығы – 3500 тонна.

“Атамекен-Агро-Корнеевка” ЖШС ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымын өңдейтін зауытты іске қосты. Жоба құны – 851 млн. теңге. Жылдық қуаттылығы 60 мың тонна. 15 адам жұмысқа орналасты. “Азия-Тарангул” ЖШС-да сыйымдылығы 10 мың тонналық астық қоймасының бірінші желісі бой көтерді. Жоба құны – 1 млрд. теңге. Жыл аяғына дейін 6 млрд. теңгенің 8 жобасын іске қосу жоспарланған. “Явленское МТС” ЖШС картоп пен көкөніс өсіру және 2000 тонна көкөніс сақтау қоймасын салу үшін суару алаңдарын 1800 гектарға дейін ұлғайтпақ. Бұл мақсат үшін тамшылатып суару жабдықтары сатып алынды. “Стрелец Экологическое земледелие” ЖШС сыйымдылығы 1000 тонна көкөніс сақтау қоймасының құрылысын жүргізбек. “Гримме” неміс фирмасынан 100 млн. теңгеге желдеткіш және тоңазытқыш жабдықтарын алуға шарт жасасты. Осындай жүйелі жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде ең көп инвестиция ауыл шаруашылығы саласына құйылып, 9,1 млрд. теңгеге жетті. Биыл 13 млрд. теңгеге инвестиция тартпақ ойымыз бар.

Мемлекет басшысы: “Біз қоғамда еңбекқорлық идеясын орнықтыруымыз керек. Турасын айтайық, бұл қазір ең өзекті мәселе болып тұр. Азаматтарымыз адал еңбекпен табыс табуды ең басты орынға қоюы қажет. Бақуатты ел болу биліктің жұмысына ғана емес, ол, ең алдымен, әрбір азаматтың еңбегіне байланысты. Елдің тұрмысын құрғақ сөзбен емес, нақты іспен көтеру керек”, – деген болатын сұхбаттарының бірінде. Орта және шағын бизнесті ауылды өркендетудің берік негізі мен табыс көзіне айналдыру адамдарды санаға сіңген масылдық пиғылдан арылтып, керісінше кәсіптен нәсіп табуға деген құлшынысын оятары сөзсіз. Бүгінде жұмыс істеп тұрған шағын, орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны – 842, оның ішінде жеке кәсіпкерлер – 456. “Бизнестің жол картасы 2025” бағдарламасы шеңберінде “Даму” кәсіпкерлікті қолдау қоры” АҚ арқылы 1,3 млрд. теңгеге 16 жоба мақұлданды. “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасы бойынша 3 жыл ішінде 926 млн. теңгеге 9 жоба қаржыландырылды. Өткен жыл кәсіпкерлер үшін қиын болса да, шағын және орта бизнес субъектілері белсенді жұмыс істегенін айта кеткен жөн. “Имидж” сұлулық студиясы, “Надежда” тұрмыстық техника дүкені, “Покровка” қонақүйі сияқты бизнес нысандары бой көтерді. А.Әлменов деген азамат Есіл өзенінің жағасына киіз үй құрып, “Этноауыл” демалыс аймағын ашуды жоспарлап, 5 млн. теңге инвестиция құйды. Жеке кәсіпкерлердің Мектеп ауылында 200 орындық дәмхана-асхана, Явленкада кондитерлік цех ашу идеялары қолдау тапты.

Халықты жұмыспен қамтамасыз ету бойынша жоспарланған іс-шараларға сәйкес, былтыр 1335 адам жұмысқа орналастырылды. Жаңа кәсіпорындарды іске қосу және кеңейту есебінен 540 адам жұмыспен қамтылды. Биыл 501 тұрақты және 196 уақытша жұмыс орнын құру межеленген. 2963 адам әлеуметтік қорғау шараларымен қамтылып, 73,9 млн. теңге жәрдемақы төленді. “Жаппай кәсіпкерлікті дамыту” бағыты бойынша 105,9 млн. теңге мөлшерінде 29 кредит, 51 млн. 392 мың теңгеге 88 грант берілді.

Президент тапсырмасына орай оңтүстіктен солтүстікке көшіп жатқан азаматтарға жәрдемақы бөлудің қолданыстағы тәсілдерінің қайта қаралып, бір жолғы өтемақының көбейтілуі, жол шығындарының өтелуі қоныс аударуды оңайлатып, көшті жеделдете түсті. Былтыр 67 отбасы, яғни, 280 адам келді. 83-і еңбек етеді. 13 адам грант алуға өтініш берді. Қалғандары – зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер, кәмелет жасқа толмағандар. 61,7 млн. теңге субсидия, тұрғын үйді жалға алуға және сатып алуға 31,1 млн. теңге төленді. Бизнеспен айналысқысы келетіндерге жер телімдері беріледі, баспана тұрғызуға мүмкіндік жасалады. Биыл 58 отбасын қоныстандыруға қам жасаудамыз.

Әлеуметтік-экономикалық салалардағы оң өзгерістер – мемлекет қолдауының, жергілікті атқарушы органдар мен тұрғындардың үйлесімді жұмысының нәтижесі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Азаматтардың мәселелерін тыңдап, көріп қана қою жеткіліксіз. Ең бастысы – дұрыс және әділ шешім шығару қажет. Азаматтар мүддесіне қызмет ететін мемлекеттің жаңа стандарттарын әзірлеу үшін көп жұмыс атқаруымыз қажет”, – деген талабы алдымызға күнібұрын шаралар қабылдап, барлығын жан-жақты ойластырып жұмыс істеу міндеттерін қойып отыр.

Медет ОСПАНОВ,

Есіл ауданының әкімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp