«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Әр кейіпкері – жеке әлем

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әр жанр бойынша жемісті еңбек етіп, қазақ әдебиетінің дамуына өзіндік үлесін қосқан халық жазу­шысы Сафуан Шәймер­деновтің шы­ғармашылық тақырыбының сан қырлы екеніне магистратура­да оқып жүргенімде анық көз жеткіздім. Осы се­бепті магистрлік жұмы­сыма жерлесіміздің өзгеге ұқсамайтын стильдік ерекшелігін арқау еткенді жөн көрдім. Талант-дарынымен, қалам-қуатымен ерте та­нылып, ту­ған халқының рухани өсіп-өркендеуіне зор қызмет еткен қарымды қаламгердің шы­ғар­ма­­лары әлі талай зерттеулерге негіз болары анық.

Әлемдік әдебиетнама тарихы­на зер сал­сақ, ең таңдаулы роман-повестердің те­рең тартысқа құрыл­ғанын байқаймыз. “Өмір – кү­рес” деп есептесек, дәуірлік шындықтың сан иірім сыры жазушы бей­нелеген образдардың, оқиға­лар­дың өне бойынан жүрек лүпі­ліндей анық сезілген­дей болады. Заман тынысын тамыршы­дай тап басып, жағымды, жағымсыз бейнелер арасындағы шарықтау шегіне дейін ширықтырған күрделі мінездер қақтығысы құтты бір арна­сынан асып, сай-саланы қуа­лай ақ­қан өзен-ғұмырды көз алды­мызға әкеледі.

Тартыс – әдебиет пен өнер туын­дыла­рының негізгі діңгегі де­сек, оның бойына қан жүгіртіп, қыж-қыж қайнаған тіршіліктің нә­рін себетін суреткердің ұстанған пози­циясы мен өмірге деген көзқара­сы. Не­містің белгілі ақыны Иоха­нес Бехердің “Шы­ғарманы оқуға оқушының ынтасын арттыратын не? Тартыс. Көңілін аудара­тын не? Тартыс. Өмірде, әдебиетте неме­се білімнің қай саласында болмасын алға ұмтылуға себепкер бола­тын не? Тартыс. Тар­тыс неғұрлым терең, мәнді болса, ақынның да мықты болғаны”, – деген сөз­дері Сафуан атамыздың шығармашылық қолтаңбасына қарата айтылғандай.

Өзіндік жазу өрнегімен оқырман сана­сына өшпес із қалдыра алған қаламгердің қай туындысын алсақ та, заман, қоғам си­паты, ауыл тұр­мысы, жастар тәрбиесі, адам­гершілік мәселесі жайлы қомақты ой­лар айтылады. Әр кейіпкер – өзін­дік бір әлем. Осы арада мән берерлік бір жайт, жазушы дүниетанымы, көзқарасы, өзіндік идеялар шоғыры, ол өмір сүрген кезеңдегі елдің саяси-әлеуметтік жағдайымен ты­ғыз байланысып, астасып жатады. Бір-бі­рінен бөле-жару мүмкін емес. “Ит ашуы” по­весі сырттай қарағанда Марғау атты адамның төрт аяқты досының жан-жа­нуарларға тән тірлігін си­паттағандай көрі­нуі мүмкін. Шын мәнінде, қозғалған әлеу­меттік мә­селе атан түйеге жүк боларлық реа­листік шығарма екені даусыз. Сю­жет желісі шопан мен Марғаудың арасында ғана өрбігенімен, өмір сүр­ген ортаның те­рең шындығы айна-қатесіз ашылады. Сырт қа­рағанда бәрі тып-тыныш, тіршілік ағымы бірқалыпты жүрісінен жаңылмай­тын секілді. Алайда іш пыстырарлықтай мимырт сәт ты­мық күнгі дауылдай, ашық аспан төрінде ойнаған найзағай жарқылындай лезде өзгеріп сала береді. Лезбай қойшының басына түскен тауқымет, Қарға­бек сықылды жел­өк­пенің іс-әрекеті, мі­нез-құлқы ша­ңырақты шайқалтып, орта­сына түсіргендей болады. Тартыс күрделі қайшылыққа толы тіршілік ұясы айнала­сында дамып, өмірдің өз ортасынан ойып алынған ақиқат алдында амалсыз бас игендей бо­ласың.

Жазушы қиялының мол бояулы еле­гі­нен өтіп, көркем сипатталған образдар та­биғаты өмір, тіршілік құ­былыстарымен ты­ғыз астасып, адамдардың мінез-құлқындағы күн­гейлі, көлеңкелі тұстарының, за­манауи өзгеріс-жаңалықтардың алма-кезек берілу тәсілі ұтымды шыққан. Аза­маттық болмыс сурет­керлік шеберлікпен біте жымда­сып, ешкімге ұқсамайтын жазу қолтаңбасын ерекшелейді. Осы­дан-ақ әде­биетке биік талаптар тұрғысынан қа­райтын сырбаздығын, талғампаздығын бай­қаймыз.

Светлана ШӘУКЕРОВА,

“ЛОРД” мамандандырылған мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp