«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СЕМСЕРЛЕСУ – КЕНЖЕ ҚАЛҒАН СПОРТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Балуандық, мергендік, қы­лыштасу, саятшылық, асауды тізгіндеу – ертеден келе жатқан спорт түрлері. Онсыз көшпенді халықтар қатаң өмір ағынында бәсекеге қабі­летсіз болар еді. Атам заманнан бері жалғасып келе жатқан жауынгерлік өнер, кейін спорттың бір түріне айналған – семсерлесу де бізге жат емес. Бірақ аталған спорт­тың дамуын тежейтін жайт­тар да жетерлік. Жалпы сем­серлесу спортының облысы­мызда дамуы қандай деңгейде? Бұл туралы “Жеңіс” олимпиадалық резервтегі маман­дандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мекте­бінің аға жаттықтырушысы Виталий Гладковпен сұхбаттасқан едік.

– Виталий Алексеевич, семсер­ле­су тобына қабылдау үшін балаларға қандай талаптар қоясыз?

– ­ Бұл спортқа келіп, айналысам де­гендерге басында ешқандай талап қойылмайды. Ынта болса жетеді. Кейін қабілетіне қарай меңгеріп ала­ды ғой. Алайда барлық жерде бірдей емес, мысал ретінде көршілес Ре­сейде және тағы басқа елдерде жаттықтырушылар балаларға бірден семсерді ұстатып, ұрыс алаңына жі­бе­реді де кімнің ыңғайы бар, соны таңдап алады. Ал өзін көрсете алма­ғандармен қош айтысады. Бұл – болашақта кімнің қандай нәтиже бере­тінін болжаудағы оңай жол.

Біз олай істей алмаймыз, ұстаны­мымызға сай емес. Біздің үйірмемізге келгендердің барлығы спорттың осы түрімен жақын танысып, жақсы көріп кетуі үшін көп жұмыс жасаймыз. Таң­нан-кешке дейін қолына семсер ұс­таудан жас спортшылар мезі болып кетеді. Сондықтан оларды жүгіртіп, басқа түрлі спорттық жаттығулар жасатып тұрамыз.

– Семсерлесу спортының басты ерекшелігі неде?

– Бұл спорт түрі, бірінші кезекте, әдептілік және адамгершілік қасиет­терге тәрбиелейді. Ал спорттық бә­се­келестік дайындықтың жоғары дең­гейіне көтереді. Жалпы әрбір спортта жалғыз физикалық дайындық аздық етеді, эмоция мен ерік-жігер де қажет. Адам өзін-өзі, қабілеттерін тани түсуі ке­рек. Көрсеткен нәтижелері мен өзі­нің ішкі сезімі және көңіл күйін са­лыстыра келе, адам ерте ме, кеш пе қателіктерінің себебін табады. Сем­серлесу немесе басқа да спорт түр­лері болсын, өмірдің қалтарыс-бұл­тарысында сөзсіз көмекке келеді. Бұл спорт түрінің де адамға пайдасы ұшан-теңіз.

– Сіздің және басқа да бапкер­лердің еңбегін жоққа шығарғым келмейді. Бірақ салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, басқа спорт түрлерінен кенже қалып қой­ған сияқты? Келісесіз бе?

– Иә, жасыратыны жоқ, біздің об­лыста басқа спорт түрлерінен семсерлесу өнері артта қалып қойғаны рас. Дегенмен шәкірттеріміз түрлі до­да­ларда, Азия чемпионаттарында өңір намысын лайықты қорғап келеді.

– Неліктен семсерлесуге қызы­ғушылар басқа спортқа қарағанда аз?

– Менің ойымша, жалпы барлық спортты екіге бөліп қарау керек. Бі­ріншісі – халықтық спорт түрлері болса, екіншісі – саяси. Футболды халықтыққа жатқызуға болады. Өйткені оны бүкіл әлем жақсы көреді. Ал саяси спорт түрлері дейтініміз жоғарыда отырған кейбір басшылардың қала­уы­на байланысты дамуында. Бүгінгі таңда күрестің сан түрі, тіпті қысқы спорттың барлық түрлері танымал. Семсерлесуді де балаларды қызық­тыратын спортқа айналдыруға бола­тын еді. Бірақ бұған мемлекет тара­пынан тұрақты түрде қолдау көр­сетілмеуде.

– Семсерлесудің біздің облыста қарыштап дамымауына не кедергі? Қажетті құрал-жабдықтар жеткі­лікті ме?

– Қазіргі уақытта бұл спорт түрі бойынша жаттығулар “Жеңіс” олимпиадалық резервтегі мамандан­дырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде өтеді. Спортшылар аядай ғана бөлмеде шұғылдануға мәжбүр. Былайша айтқанда, үлкен зал жоқ десе де болады. Оның үстіне ха­лық­аралық дәрежедегі жарыстарда лайықты өнер көрсету үшін жабдық­тар жеткіліксіз. Осымен қатарынан екі жыл бойы Алматы қаласынан кейбір заттарды арнайы сұратып алып жүрміз. Бұл спорт түрі тиісті деңгейде қаржыландырылса екен деймін.

Бүгінде семсерлесу секциясында 5 топта 50 спортшы шеберілігін шың­дауда. Олардың басым бөлігі – жеткіншектер. Бұл спорт түрінен чемпион тәрбиелеу оңай емес. Мәселен, спортшыға арнайы киім қажет. Спорт­тық саймандар бар. Олар да арзан тұрмайды. Семсерлерді сатып алуда да қиындықтар бар. 2020 жылы Мысырда өткен әлем чемпионатында болған жайтты айта кетейін. Бұл жа­рыста ел құрамасы солтүстікқазақ­стандық спортшылардан жасақталды. Бір спортшымыздың қажетті киімі болмағандықтан “Украина” деген жа­зуы бар киімді сұрап алып киген кезі­міз де болды. Осындай жайттар қайталанбаса екен деп ойлаймын.

Облыстық спорт басқармасы бұл қиындықтарға баса назар аударып, қаржыландыруды әлі де арттырса де­ген уәж айтамын.

– Виталий Алексеевич, қиын­дықтарға қарамастан спортшыла­рымыздың жеткен жетістіктері де аз емес дедіңіз. Соларға тоқтала кетсеңіз.

– Әрине, аз емес. 2020 жылғы Қазақстан кубогы, 2017-2020 жылғы жастар арасындағы Қазақстан чемпионаты, 2021 жылғы жастар ойындарынан алған жүлделеріміздің өзі – бір төбе. Биылғы жылдың ақпан айында шәкірттерім Артем Сенинг пен Софья Ақтаева Өзбекстанда өт­кен Азия чемпионатында еліміздің құрама командасының қоржынына 2 қола және бір күміс салды. 2010 жылдан бері еліміздің спортшылары рапирадан Азияда бірде-бір медаль алмағанын айта кеткен жөн. Былтырғы жылы Петропавл қаласында өткен Жастар ойындарында алғаш рет облыс қоржынына алтын жүлде салды.

– Алға қойған жоспарлары­ңызбен бөліссеңіз.

– Қазіргі уақытта команда Өскемен қаласында өтетін ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан чемпиона­тына дайындалып жатыр. Одан кейін Павел Гладков пен Бахрам Мамурзаев шілде айында Кореяда өтетін Азия ойындарына дайындықты бастайды. Спортшыларымыздан жақсы нәтижелер күтеміз.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp