«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Әкеме ұқсағым келмейді…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Әке – асқар тау, ана – мөлдір бұлақ, бала – жағасындағы жасыл құрақ” деген тіркеспен үшінші сыныпта оқып жүргенде Ана тілі сабағында танысқаным есімде. Ананың мөлдір бұлақ екенін осы күнге дейін сезініп келемін. “Ана” деген құдірет – мен үшін өмірдегі теңдесі жоқ сұлулық, баламасы жоқ тылсым күш! Анам мен үшін не істемеді? Күннің ыстығына күйді, суығына тоңды. Аш-жалаңаш қалмасын деп қолынан келгеннің бәрін жасады. Ашқұрсақ жүрді, артық ұйықтаған жоқ. Жас кезіндегі көрер көп қызықты мен үшін құрбандыққа шалды.

Арман Жарқынұлы.

28 жаста

Мен де ержетіп, студент атандым. Анамның кішкентайымнан дұрыс жолға баулып, оң бағыт көрсетіп, жетелеп жүріп оқытқанының пайдасын енді көре бастағандаймын. Құдайға шүкір, өз күшіммен емтихан тапсырып, колледжке грантқа түстім. Кішкентайымнан армандаған мамандығымды таңдап, өзім қалаған оқу орнының табалдырығын аттадым. Менде қазір бәрі бар…

Бірақ… Өмірімде бір нәрсенің кемдігі ара-кідік байқалып қалады. Ол – асқар тауға балайтын әкемнің жоқтығы! Ол қайда? Осы бір қарапайым ғана бір сұрақ бертінге дейін мазалап келеді. Мөлдір бұлақ асқар таудың басындағы мұздақтардан еріген судан нәр алмаушы ма еді? Ал ол нәр жағадағы құрақты жайқалтатын еді ғой. Асқарымыз неге сонша аласарды екен?

Анамның айтуынша, мен анамның құрсағында жатқан кезде екеуі ажырасып, ол өзге отбасының тірегі болып кетіпті. Араларында не болғанын қайдам, әйтеуір, мен өскенше “Мен сенің әкеңмін” деп ешкім келіп, маңдайымнан сипаған жоқ. Баламын ғой, анамның ыстық мейіріміне бөленіп, өзгені керек етпей өсіппін. Анамнан:

– Менің әкем бұл өмірде бар ма? – деп сұрайтынмын кейде. Анам менің сұрағыма жауап бергісі келмей қипақтайтын.

– Ол алыс шетелге көшіп кеткен. Бізді қайдан керек қылсын? Қазір балалы-шағалы болу керек. Мен де ол жайында қанық білмеймін. Әйтеуір, шетел асып кеткенінен хабардармын, – дейтін қысқа ғана. Мен анамның жүрегін ауыртып алмайын деп сөзді басқа арнаға бұра салатынмын. Ойлап қарасам, анама бұл сөздерді айту ауыр тиеді екен ғой.

Ол мені бағып-қағып осы күнге қалай жеткізгенін ұмытқандай, енді өмірі көрмеген әкемді іздеп отырғаным мынау. Мұным дұрыс емес екенін білемін. Тек достарыммен бірге отырғанда:

– Сенің папаңды көрмейміз ғой, әкең қайда? – деген сөздері жүрекке қанжар болып қадалатыны болмаса, өмірде оны керек ететін, көмегіне зәру болатын басқа жайттар кездескен емес.

Бірінші сыныпта оқып жүргендегі бір оқиға әлі есімде. Үй жұмысына “Ата-анаң туралы жаз” деген тапсырма берілді. Мен анамның барлық қасиеттерін ақ қағазға маржандай қылып тізіп шықтым, енді әкем туралы не деп жазарымды білмей, амалсыздан анамнан көмек сұрағаным бар. Сонда ол маған:

– “Менің әкем ең керемет жан, ол бізді асырау үшін шетел асып жұмыс істеп жүр” деп жаз, – деді. Осы сөздерді айтты да мені құшақтап жылағаны есімде. Ертеңіне мектепке барғанда дәл осылай баяндап бердім. Сыныптастарым сол күннен бастап менімен санаса бастады. “Оның әкесі шетелде екен”, “елші екен”, “министр екен” деген сөздер желдей есті. Бастықтың баласы болсаң, құрметтілердің қатарында болатын едің ғой сол бір жылдарда. Аз уақыт сондай абыройға кенелдім мен.

Бірақ көп күткен әкем “шетелден” мен мектеп бітіргенше келген жоқ. Енді қайтып оралмайтынын білсем де үзілмес бір үміттің ұшқыны бойымды шарпып, көңілді көкке самғатып әкететіні бар. Содан қиялдан жылу, нәр алатынмын. Анамның дәтінің беріктігі, бойындағы қайсарлығы мені осы күнге жеткізуге үлкен түрткі болды деп ойлаймын. Анамның мына жалғанның қызығын мен үшін тәрк еткен қайсарлығын өзіме үлгі етемін. Ерліктің өлшемі тек соғыспен ғана өлшенбейді ғой, менің анам сияқты тірлік кешіп жүргендер бұл күннің батыры десем еш артық болмас. Осыншама жылдар анамның маған берген өлшеусіз нығметін қайтару үшін қолымнан келгеннің бәрін істеуге дайынмын. Оқуымды аяқтасам анам үшін еңбек ететін боламын.

Анам мені қайда барса да қасынан тастамай ертіп алатын. Бір жағынан үйде жалғыз қалдырғысы келмейтін шығар. Бесінші сыныпта оқып жүрген кез ғой деймін. Бір жолы жақын туысқанымыздың үйіне тойға бардық. Анам жақында көлік алған болатын. Қаладан туыстарымыз келді деп бізді асты-үстімізге түсіп, қошеметпен қарсы алды. Іштік, жедік, тойдың қызығын көрдік. Кетерде ағайын туыс өздері отырып тағы шай ішті. Балалар төргі бөлмеде ойнап отырғанбыз. Үлкендердің әңгімесі еміс-еміс құлағыма шалынады. Дастарқан үстінде туысқан апамыздың анама:

– Ұлың болса өсіп келеді. Құдайға шүкір, жағдайың жақсы. Біреудің қолына қарап жәутеңдеп отырған әйелдердің қатарынан емессің. Оған өзіңнің қайсар мінезің мен еңбегің жеткізді. Қанша дегенмен адам бөлшектерін майлап қойса жүре беретін техника емес қой. Адам көңілі жаман сөзден азып, жақсы лепестен семіреді. Жалғыз жүре бергенің жараспас. Жалғыздық Құдайға ғана тән деген сөз бар. Оның үстіне ұл баланы әкенің көзқарасы мен іс-әрекеті тәрбиелейді. Өзің де қартайып тұрған жоқсың, әлі де үріп ауызға салғандай-ақ түрің бар. Менің ақылымды тыңдасаң, қосақ тауып алғаның жөн сияқты. Арғы жағын өзің біл, – деп жатқанын құлағым шалып қалды. Сол күннен бастап әкемнің шетелден келмейтінін, бірінші сыныпта жазған үй тапсырмасының жалған екенін ұқтым.

Әншейінде көлікте отырғанда ауыз жаппайтын мен ауылдан қайтар жолда тілімді жұтып қойғандай тұнжырадым да қалдым. Анам менің жайсыз әңгімені естігенімді іштей сезген сияқты, бірақ сыр білдірмей, әңгімеге тартумен әлек болды. Үйге келгесін маған басынан өткен барлық оқиғаларды жайып салды. Мен ол кезде көп нәрсені түсінетін жаста едім.

Осы кезден бастап қиялымның төрінде сақтап жүрген “әке” деген асылымды жоғалтып алдым әрі іштей өшпенділік пайда болды. Осы күнге дейін жеткен үміттің болар-болмас жібі жалғыз сәтте үзіліп тынды. Ондай әкенің болғанынан болмағаны жақсы екен ғой деген ойға бекідім. Енді оны “әке” деп айтуға аузым бармайды.

Бәрінен анамның тағдырын талқандағаны жаныма батады. Танымайтын қызды алып қашқаны несі? Надандық қой. Бұл үрдіс қазірге дейін бар. Тіпті бәзбіреуер “қыз алып қашуды” өнер көретін сыңайлы. Анам байғұс “біреудің табалдырығын аттаған” деген жаман атқа қалғысы келмепті. Сөйтіп, тағдырға мойынсынған екен.

Алайда бір жылға зорға шыдаған ол мен құрсақта жүргенде төркініне қайтып оралған. Қазіргі қабағындағы тыртық сол кездің куәсі болса керек. Бірақ ол жайлы айтқан емес. Анам күн ара таяқ жеймін деп барған жоқ қой. Әкем болар-болмас дүниеге керісіп, төбелес шығарады екен. Екі күннің бірінде удай мас. Үйдің берекесі кеткен. Ата-анасы, туған бауырлары да қой демепті, керісінше “еркек деген сондай болады, қатынды күнде ұрып тұрмаса несі қатын” деген сыңайда әңгіме айтатын көрінеді. Сондай топас болар ма еді?

Туыстарының ішінен әділдікті айтып, ту көтеріп шыққан біреу болмаған соң не үміт, не қайыр? Бүйтіп өмір сүрудің еш мәні жоқ екенін бағамдап, төркініне кету туралы шешім қабылдағаны. Нағашы әжемнің айтуынша, анам тумысынан қайсар, алған бетінен қайтпайтын, масылдыққа жаны қас жан. Кезінде оқуын үздік бітіріп, университетке де өз күшімен түскен. Білімін әрі қарай жалғастырмақ ойы болған екен. Алайда бұл арманы орындалмапты.

Осылайша мен нағашыларым жақта дүниеге келіппін. Көрген жұрт анасынан аумай қалған, тіл-көзден сақта деп жерге түкіріп жатады. Ылайым солай болса екен. Әкеме бір түйір де ұқсастығым болмаса, қандай жақсы болар еді деймін қазір. Менің атыма Жарқын деген есімсой қосарланып жүр. Бұл соның аты. Жақында жеке куәлік аламын. Сонда өзім қалаған есімді жаздыртамын, мүмкін әке орнына әке болған анамның атын қойсам ба екен? Бұдан былай мені керек қылмаған адамның атын арқалап жүргім келмейді.

Қазір анам екеуіміз жиі сырласамыз. Менен үлкен үміт күтетіні әрбір сөйлеген сөзінен байқалып тұрады. Ол мен әкем сияқты дөрекі мінезді болып өспесе екен дейді. Мен ондай болмаспын деп өзіме серт бердім. Қатарластарым сияқты “әке” деген атты атап, әкенің саясына кенеле алмағаныммен соның бәрін бойыма мінезі ер адамнан бір кем емес анам сіңірді.

Қазір ойласам, анам мен үшін неше түрлі ауртпалықты бастан өткеріпті. Мен өзгелерден кем болмасын деп үлде мен бүлдеге орады. Жалғыз өзі бір отбасының жүгін сүйреп, өмірдің қиын тұстарын артта қалдырған батылдығына басымды иемін. Оның сыртында адамның жанын жегідей жейтін жұрттың қаңқу сөзі тағы бар ғой.

– Өмірдің қиын тұстарында сынып қалмай, қайсарлана қадам басқаным – сенің болашағың үшін, балам. Енді сен ержеттің, көп жайтты түсінетін дәрежеге жеттің. Енді айтпасқа да болмас. Балдырған шағыңда санаңа салмақ түспесін деп, көп істі жасырып келгенім рас. Шындық қашан да ашылады ғой. Бірақ менің көргенімді сен көрмей-ақ қой. Әкең мен кеткеннен кейін ауылдағы біреумен бас құраған, басқа балалары бар. Бірақ сол ішкенін әлі қоймаған сияқты. Мен оны санамнан баяғыда-ақ өшіріп тастағанмын. Көргім де, ойлағым да, жүрегіме артық салмақ түсіргім де келмейді. Менің қызғалдақ ғұмырымды бүлдіріп, арман-мақсатымның бытшытын шығарды. Күйкі тірліктің күйбеңіне бір жола түсіп, кімнің кім екенін біле алмай қалдым ғой. Бар ойым сені асырау болды. Бастапқыда қатты қиналдым. Өмірден алған соққы мені біразға дейін есеңгіретіп тастады. Қайта ата-анамның қолдап, қолпаштауының арқасында тез есімді жидым. Өмірге мақсат қоя білсең, жолыңда кезіккен кедергілер саған тосқауыл бола алмайды екен. Саған айтарым, өмірімді өксумен өткізуге мәжбүрлеген сонымен кездеспей-ақ қой, – деді анам бірде.

Достарымнан әкелері туралы жиі сыр тартамын. Сөйтсем, менің басымдағы қарабұлт өзгелерді де айналып өтпепті. Неше түрлі тағдырлар жүр екен айналамда. Ұққаным, көп әкелер өткінші тірліктің жалт-жұлт еткен қызығына малданып, орны толмас қателік жасайды екен ғой. Анамның тілегін жерге тастағым келмейді, бірақ әкемді көрсем деген іште бір тілек бар. Бірақ ол әкеге деген сағыныштан емес, қандай күйде жүргенін, қазіргі жағдайын көргім келеді. Менің қандай азамат болып өскенімді көріп, өкініштен өзегі өртенсе екен деймін. Алайда анама көрсеткен қорлығын әсте ұмыта алмаймын. Ешқашан да кешірім бермеймін. Менің ендігі өмірімдегі алтын мұнарам ол – анам ғана!

Дайындаған

Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp