«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҚЫРЫН ЖҮРІП, АНЫҚ БАСҚАН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Біз кешкі бесте Сәбит Мұқанов атындағы кітапханада кездесуге келіскенбіз. Кешігіп барғаным ұят болар деп, он минуттай ерте жеттім. Іле Тілек Әйтімұлы да келді. Қалта телефоныма қарап едім, сағат тура 17:00-ді көрсетіп тұр екен. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін, “кешігіп келсем, кешірім өтінемін”, – деді. Қайдағы кешігу, швейцар саға­тындай дәлдікті сүйетін ағамыздың қарапайымдылығына тәнті болдым. Баласынбай, өзінен кіші адамға кі­шіпейілдік таныту да әркімнің қо­лынан келе бермейтін мәрттік қой.

Тілек ағамен екі мыңыншы жылдардың соңында жергілікті телеарнада істеп жүргенде таныстық. Орта бойлы, қағылез келген ағамыздың жетпісті желкелеп қалса да бүгжи­мей, тік жүретіні ұнап еді. Содан бері қанша жыл өтсе де, еңсесін тік ұстаған қалпынан танған жоқ. Тағ­дырдың қанша тауқыметін тартса да, еңсесі биік. Қатал өмір оған тыр­нағын талай батырды. Бала күнінен-ақ қиындықтың не екенін бір кісідей көріп келеді. Бірақ бойындағы туа біткен өр мінез, өмір қалыптастырған қайсарлық пен жігер оны әрдайым алға жетелейді.

Мен білетін Тілек Әйтімұлы – қарапайым адам. Оның бойында асып-тасу, қиындықтан қашып, жасу деген жоқ.

Тілек ағаның кіндік қаны тамған жер – Аққайың ауданы. Аты айтып тұрғандай биші қайыңдары бұрал­ған, тамыры терең терегі көкке ұм­тылған, көз арбайтын көрікті, то­пырағы құнарлы өлке. Аудан орта­лығы Смирнов кентінен 5-6 шақы­рым жерде орналасқан Манғұлда (қазір ол ауыл жоқ) туып, балалық бал дәурен шағы сол жерде өтті. Ауыл кейін Бейнетқор деп те ата­лыпты. Осы бір атау сол кездегі адам­дардың ауыр тұрмысынан, қиындықтардан сыр аңғартып тұрған сияқты. Тіпті кейбір кезде маңда­йына тағдырдың өзі басып берген “мөр” секілді. Иә, әр заманның өз қиындығы бар десек те, өткен ға­сырдың қазаққа салған сынағы да, артқан жүгі де зіл батпан еді. Баланы тез есейтіп, жасты ерте қартайтқан аласапыран кезең. Тілек аға да бұғанасы қатып, белі бекімей жатып ерте есейді. Ол соғыс басталғанда небәрі алты-ақ жаста болатын. Әкесі Әйтім мен туған бауыры ал­ғашқылардың қатарында Отан қор­ғауға аттанды. Шалғайдағы шағын ауыл тұрғындары сол күндері улап-шулап 47 азаматын майдан дала­сына шығарып салса, солардың тек екеуі ғана елге оралды. Ал әкесі мен ағатайы ұрыс даласында көз жұмды. Бірінен қара қағаз келсе, екіншісі хабар-ошарсыз кетті.

– Бертін әкемнің Румыниядағы бауырластар қорымына жерленгені туралы ақпарат таптық. Өкінішке қа­рай, бара алмадым. 8 жасымнан ең­бекке араластым. Жалғыз мен ғана емес, ауылдың бар баласы соғысқа аттанған әкелерімізді жоқтатпаймыз деп, еңбек майданына кірдік. Шал-кемпір, әйелдермен бірге егін орып, шөп шаптық. Буыны бекіп, бұғанасы қатпаған бала болсақ та, аянған жоқпыз. Орақпен егін орып, оны мо­лотилканың өңешіне айырмен лақ­тырып тұрушы едік. Ал моло­тилканы қолы қарулы әйелдердің бірі ай­налдырып тұрады. Несін айтасың, азап жұмыс қой, қазір қарап тұрсаң. Соған аналарымыз, әпкелеріміз, жеңгелеріміз жан аямай жегілді. Мына бір жай әлі көз алдымнан кетпейді. Жер жыртатын трактордың жарығы жоқ, түнде де жұмыс істейтін болғандықтан, балалар кезектесіп қолымызға шам алып, алдында жүгіріп отырамыз. Құлап-сүрініп, безектеп жүресің. Ол трактордың моторы қызып кете беретін болғасын, ауылдан бөшкемен су әкеліп, алқаптың орта тұсына қояды. Бір айналып келіп, әлгіден суық су құйып отырмаса болмайды. Осындай қиын жұмыстарды атқардық.

Иә, Тілек ағаны өмір аяған жоқ, бала күнінен аяусыз соққылады. Атасы мен әжесінің қолында өскесін бала күнінде әкенің жоқтығын сезген жоқ. Бірақ майданнан қос боздағы оралмаған екі мұңлық соғыс аяқ­талған соң, көп ұзамай, бірінен соң бірі о дүниеге аттанды. Сөйтіп, ша­ңырақта жесір әйел, жетім бала қала берді. Бірақ өмірге құштар жанның талпынысы ерекше еді. Қандай іс болмасын беріліп істейтін. Оқуға да бар ынта-жігерін салды.

Смирновтағы мектеп жанынан ашылған қазақ сыныбына маңай­дағы ауылдардағы қарадомалақ­тардың бәрі қабылданған еді. Білімге құштар Тілек аға да қатарласта­рынан қалмай, осы білім ордасының табалдырығын аттады. Интернатта тұрып, тәртіпке бағынды. Таласа-тартыса жүріп дос тапты, кітаптың айнымас серігіне айналғаны да осы кез еді. Оқу озаты атанды. Алтын медальға қолы сәл ғана жетпей қалды. Бұл да тағдырдың бір сынағы еді, одан да өтті. 1953 жылы мектепті бітіре сала ару қала – Алматыға аттанды. Күміс медаль иегері бол­ғандықтан ауыл шаруашылығы инс­титутының агрономия бөліміне ем­тихансыз қабылданды. Тек, арман қуып келген білім ордасында қалаған дипломын ала алмады. Теріскейдің қытымыр аязына төзген денсаулығы таулы өлкеге бейімделе алған жоқ. Сол кездердегі тәртіп бойынша оқудың алғашқы айын студенттер алқаптағы жиын-терімде өткізетін. Тілекең де замандастарымен бірге оңтүстікке мақта теруге аттанады. Бірақ қайтып келгесін денсаулығы сыр беріп, климат жақпағандықтан елге оралуға мәжбүр болды. Есепке жүйрік болғанының пайдасы сонда тиді. Кешікпей арнайы білімі бол­маса да, “Қиялы” кеңшарындағы жұмысшы кооперативіне есепші болып орналасты. Қарапайым есепшіден бастап, бас бухгалтерлікке дейін сатылап көтерілді. Бір сөзбен айтқанда кеңес үкіметі кезіндегі маманның қызметтік өсу баспалдақтарының бәрінен өтті. Бірақ адамның басы – Алланың добы деген бар емес пе, Тілек ағаның өмірін күрт өзгерт­кен мына бір оқиғаны айта кет­песек болмас. 1960 жылы Алматы­да­ғы кооперативтік мектептегі курс­ты тамамдағасын, Совет аудандық тұты­нушылар одағына ревизор бо­лып орналасты. Бұл қызметінде де абыройлы болып, бас бухгалтер­лікке дейін көтерілді. Есепке жүйрік, табанды әрі адал адамды байқаған басшылары тексеріс комиссиясына қосып, ұдайы іссапарға аттанды­ратын. Осындай бір сапар кезінде қа­рамағындағы есепші коопера­цияға түскен қыруар қаржыны қалтасына басып, ізін суытады. Әжептәуір ақша қолды болғасын, Тілек Әйтімұлының басына қара бұлт үйіріледі. Қыз­меттік тексеріс, сыбайластығы бар-жоғын анықтау, бітпейтін тергеу бас­талады. Ісіне адалдығы мен жаман әдеттен ада екендігін дәлелдеп, аққа күйе жұқ­пайтынын көрсетті. Осыдан кейін өмірінің жаңа кезеңі басталды.

Тілек Әйтімұлы 1963 жылы байланыс жүйесіне ауысты. Төрт жыл бойына аудандық бөлімде істеп, қызмет баспалдағынан қайта өтті. Алдымен қатардағы нормалаушы болса, бас бухгалтерлікке дейін кө­терілді. Тағы да өзінің табандылығы мен адалдығының, кез келген затқа ұсақ-түйек деп қарамай, бастаған ісін соңына жеткізбей тынбайтын қасиетінің арқасы. Араға төрт жыл салып, 1967 жылы Бескөл ауда­нында енді ғана құрылған байланыс бөлімінің бастығы қызметіне таға­йындалды. Орда бұзар отыз жасын­да жаңа қызметке кірісіп, аудандық құрылымның жұмысын жолға қойды. Өзі де осы уақытта Алматыдағы халық шаруашылығы институтында сырттай оқып, инженер-экономист мамандығын алған еді. Жүйрік аттай шауып 9 жылы осы ауданда өте шықты. Нық жүріп, адалдығымен, тыңғылықты жұмысымен көзге түсті. Бұл қандай тапсырма болмасын, тап-тұйнақтай қылып орындайтын азаматтың кезекті асуы еді. Не керек, осы уақыттың ішінде аудандық бөлімді облыс бойынша үздіктер қата­рына қосты.

Адамның қасиеті адалдығы болса, маманның қасиеті білігінде. Яғни, өз ісін бүге-шігесіне дейін біліп, міндетін абыроймен орындауында. Бұл – Тілек ағаның басты ұстанымы. Осы қағидасына өмір бойы адал. Тиянақтылығы мен ұйымдастыру қабілетін жоғары бағалаған басшылық 1975 жылы оны облыстық байланыс басқармасы бастығының орынбасары қызметіне шақырады. Бұл қамал алар қырыққа енді толған кезі еді.

Тілек Әйтімұлы облыстық байланыс қызметіне ауысқаннан кейін, өңірде осы саланы жандандыру үшін аянбай еңбек етті. Сол кездегі облыс құрамындағы 12 ауданның бәрінде байланыс торабы ғимаратының салынуын қадағалап, қабылдау комиссиясына төрағалық етті. Олардың біреуі ғана 2 қабатты болса, қалғаны 3 қабатты ғимарат болатын. Бүгінгі интернетке байланған заманда, бір кездері тұрғындар бір-біріне қағазға жазып хат жолдайтын, онысы тәулік­теп жүріп қана қолға тиетін десе, ертегідей көрінуі мүмкін. Ағамыз мені де сене қоймайды деді ме екен, нақты цифрларды тізбелей бастады. “Сол кезде Солтүстік Қазақстан об­лысына тәулігіне 45 мың сәлемдеме (посылка) келетін. Оларды қабыл­дап алып, 461 елді мекенге тарату байланысшылардың басты міндеті болды. Сол кездері облыс бойынша байланыс саласында 555 адам тұрақты жұмыс істеді. Тіпті қарбалас кезеңде жұмысшылар саны 700-ге дейін жететін. Бірақ бір өкініштісі ауыр еңбекке шыдамай, көбі 1-2 аптадан кейін-ақ, өз өтінішімен босап жататын”, – деп еске алды Тілек Әй­тімұлы өткен күндерді.

Тілек ағаның бір қасиеті әр сөзіне дәйек келтіріп сөйлейтіні. Қай жылы болғанын, тіпті ай-күніне дейін дәлме-дәл баяндайды. Тіпті бір кездері одақтағы бас қалалардың шартты кодына дейін жатқа білген екен. Қазіргі Петропавл сапаржайының сыртындағы арнайы пошта байла­ны­сы орналасқан ғимаратты тұрғызу да оңай шаруа болмапты. Украина­ның Харьков қаласындағы қабыл­дап-тарату ғимаратының нұсқасын ұнатып, дәл сондай орталықты Пет­ропавлда да салу туралы ұсыныс білдіреді. Басшылық тарапынан қолдау тапқасын, одақтың астанасы Мәскеуге аттанады. Жарты айға таман табан тоздырып, тиісті меке­мелердің басшыларымен кездесіп, аумағы ат шаптырым, бастысы жұ­мысшыларға барлық жағдай жа­салған нысанды Петропавлда салу­ға рұқсат алып, елге оралады. Міне, бастаған ісін діттеген жеріне жет­кізбей тынбайтын табандылығы мен тиянақтылығының тағы бір дәлелі осы болса керек.

Иә, кез келген жұмыс машық пен тиянақтылықты, білім мен біліктілікті қажет етеді. Ал басшыға қойылатын талаптың бірі – ұйымдастырушылық қабілетінің болуы. Кеңес одағы ыдырағанға дейін байланыс жүйесіне пошта, телекоммуникация мен теле-радиохабарларын тарату да кіретін. Осылардың бәрін қадағалап, үздіксіз жұмыс істеуі үшін таудай талаптан бөлек, темірдей тәртіп керек. Мы­салы, Тілек Әйтімұлы еңбек еткен жылдары Солтүстік Қазақстан облы­сына күніне 2,5 миллион газет-жур­нал келеді екен. Ал оларды шал­ғайдағы ауылдарға жеткізу үшін 150 автокөлік жұмыс істейтін. Бұл тек басқармаға тиесілісі ғана, одан бөлек, басқа ұйымдардан жалға алатындары да болған. Сол кездегі 461 елді мекеннің бәріне де хат-хабар, газет-журналдарды жеткізіп беру – байланысшылардың басты міндеті. Көліктен бөлек, аудандарға күнде қатынайтын атақты АН-2-лердің ұшу кестесі көбіне байланыс басқармасының тапсырмасына орай өзгеріп отыратын. Осының бәрін ұйымдастыру Тілек Әйтім­ұлына жүктелген міндет болатын.

Ыдырау мен тоқырау байланыс саласына да салқынын тигізді. Теле-радиохабарлар тарату мен телеком­му­никация пайдасы бар мекеме бол­ғандықтан жекешелендіруге іліксе, жұмысы көп, табысы шамалы пошта мемлекет меншігінде қалды. Бірақ ха­лыққа керек сала болғасын, оны ұс­тап тұру мемлекет үшін аса қажет еді. Дегенмен “балапан басына, тұ­рымтай тұсына” дейтін заман туған­да, әркім керексіз һәм сұраусыз қал­ған мүлікті астына басып, пайда та­буға кірісті. Бұл да адамның ары ал­дындағы адалдығын сынға салған сәт еді. Сол кезде облыстық басқар­маға тиесілі 45 жүк вагоны бар бола­тын. Алып одақ­тың кез келген өңіріне Қы­зылжар өлкесінен сәлемдеме жеткі­зетін тасымал құралы. Міне, сол жыл­дары кетпектей 45 вагон керек­сіз болып қалған кезде, тіпті Алматы­да­­ғы орталық мекеменің басшысы­ның өзі “темір-терсекке өткізіп жібе­рің­дер” дегеніне қарамастан, “тере­зеңнің алдына апарып қоямын, қай­да жіберсеңдер де өз еріктерің”, – деп орталыққа жөнелткен болатын. Бәз-біреулер сияқты пайда табамын деп оңай олжаға құнықпай, абы­ройын ойлауы Тілек ағаның арыма дақ түсірмеймін деген азаматтық ұс­танымының беріктігі болса керек.

Байланыс жүйесі Кеңес одағымен бірге ыдырағанын жаздық. Атауы бірнеше рет өзгерген басқарма 1993 жылы облыстық мемлекеттік пошта байланысы болып қайта құрылғанда Тілек Әбдірахманов сол мекемеге бастық болып тағайындалды. За­манның ағыны өзгерген, нарықтық эко­номикаға көшкен қысылтаяң тұс­та білдей бір мекеменің тізгінін ұстап тұру да оңай болған жоқ. Қаржыдан да, мемлекеттік қолдаудан да айы­рылған тұста да еңсесін түсірмей, сеніп тапсырған міндетті абыроймен атқарды. Осы ұйымнан, осы қызме­тінен зейнеткерлікке шықты. Бірақ тынымсыз тірлікке үйренген адамға қол қусырып қарап отыру оңайға соқпайды. Әрі еңбекқорлығы мен тиянақтылығын білетін әріптестері­нің қолқалауымен 1998 жылы өңірде енді ашылған “Қазақбаспасөз” ұйы­мының облыстық филиалына бас­шы­лыққа тағайындалды. Бұл газет-журналдарға жазылу бәсеңдеп, тіпті сиреп кеткен кез болатын. Тілек Әй­тімұлы іскерлігінің арқасында бұл жұмысқа да жан бітірді. Ірі ме­ке­мелер мен халық көп шоғырланатын орындарда қызметкерлерін отыр­ғызып, басылымдардың таралуына, соның арқасында халықтың руха­ният­тан сусындауына елеулі үлес қосты. Әсіресе тоқсаныншы жылдар­дың сергелдең уақытында бұл өл­шеусіз еңбек еді. Тек 2000 жылы ғана толыққанды зейнеткер атанды. Со­ның өзінде ресми еңбек өтілі 58 жыл екен. Ал бала күнінен еңбекке ара­ласқанын ескерсек, 60 жылдан асып жығылады.

Тілек ағамыздың жұмысына жауапкершілікпен қарап, зіл батпан жүкті абыроймен атқарған еңбегі еле­ніп, “Қазақстанның құрметті байла­нысшысы”, “Бүкілодақтық социа­листік жарыстың үздігі”, “Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті аза­маты” атанды. Бұдан басқа да ма­рапаттары аз емес. Бірақ өзі үшін ең басты сый – отбасы мен ұстаны­мынан айнымай адал жүріп жинаған абыройы.

Отбасы демекші, Тілек ағаның жары марқұм Қапура апаймен отасуының да тарихы қызық. Қапура апайды кішкентай күнінде мектепте оқып жүргенінде көрген. Есейіп ержеткен кезде бір күні ағайындарының бірі саған қалыңдық айттырамыз деп, таңғалдырған екен. Тағдырдың жазуымен, марқұм әжесі айтпақшы, Жаратқанның бұйрығымен шаңырақ көтеріп, түтін түтетті. Екеуі 3 бала тәр­биелеп өсірді. Үлкені Алтай дүние­ден ерте өтіп кетті. Жүрегіне зілбатпан жүк салған ауыр қазаны көтере білді. Орнында бар оңалар демекші, одан тараған немере-шөберелерінің қызық қуанышына кенеліп, бақытты өмір сүруде. Ұлы Ораз­тай мен қызы Райхан да әке үмітін ақтап, өмірде өз жолдарын тапты.

Қызылша ауруының өткен ғасырдың алғашқы жартысында қазаққа тигізген кесірі орасан. Тіпті ел ара­сында “қызылша өзіңді аламын, болмаса көзіңді аламын” деп келеді екен деген сөз де қалғаны соның белгісі болса керек. Тілек ағай да 6 жасында осы дертке шалдығып, бір көзінен айырылды. Зейінді жастың талабына әсер етпесе де, қиналғаны жа­сырын емес. Тіпті белгілі ғалым­дардың көмегіне жүгініп, ота да жа­сатпақ болған. Бірақ зиян келуі мүмкін дегесін бұл ойынан бас тартты. Дегенмен жұртқа білдірмесе де, кінәратынан қорынып, талай мүм­кіндікті жіберіп алғаны да рас. Бірақ тағдыр салды, мен көндім деп, тағы да мойынсұнған емес. 12 мүшесі сау кейбір замандастары жете алмаған, асуларды бағындырды. Онысын тағы да міндетсіреп, ешкімнің ал­дына шыққан емес. Қарапайым бол­мысымен, қайратты мінезімен ағын­ға қарсы жүзіп, абыз жасқа жетті. Кей­біреулер секілді жасы мен ағарған шашын алға салып, абыройын төк­кен емес. Кие-жарып төрге ұмтылған жоқ. Керісінше, барға тәубесін айтып, жоққа жасымай өнегелі өмір сүрді. Жақсылармен жанасып, игі істің басы-қасынан табыла білді. Сонысымен де үлгі. Үлгі демекші, аға әлі күнге қолынан кітабын таста­ған жоқ. Бала күнінен оқуға, бі­лім­ге, жаңалыққа деген құштарлығы ай­нымас серігіне айналған. Газет-жур­налдарды қалт жібермей, дү­ниедегі бар жаңалықты біліп отыруға тыры­сады. Естігенін, не көргенін дабыра қылып жайғанын да көр­мей­сіз. Көкірек көзімен түйсініп, қажет жер­де өз ойы мен ұстанымын біл­діріп оты­рады. Қарттықтан жеңіл­мегенінің бір айғағы да осы болса ке­рек.

Іңгәлап дүние есігін ашқан әр балаға құдіреті шексіз Алла тағала ұл-қыз деп бөле-жармай, қасиет пен талантты үйіп-төгіп береді екен. Соның ең бастысы періштенің пәктігіндей – ізгілік. Ал сол сәбидікіндей кіршіксіз көңілді өмір бойы кірлетпей ұстап жүру екінің біріне бұйырмайтын бақ. Біздің кейіпкеріміз Тілек Әйтімұлы әлі күнге көңілін кір шалмаған, пейілі қазақтың кең даласындай дарқан жан.

Сағындық МАУҒАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp