«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Бастауыш сынып жабылмайды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Soltüstık Qazaqstan” газетінің 21 сәуір күнгі санында тұрақты оқырма­нымыз әрі авторымыз, білім беру ісі­нің үздігі Әлия Малдыбаеваның “Жас маман бәсекеге қабілетті ме?” деген мақаласы жарық көрген бола­тын. Саналы ғұмырын Әбу Досмұхам­­бетов атындағы дарынды балалар­ға мамандандырылған гимназия-интернатқа арнаған ардагер ұс­таз ең­бек жолын жаңадан бастаған мамандарға қатысты түйткілді мәсе­лелерді қозғай келіп, өзі қызмет еткен оқу орнындағы келеңсіз жағдайды да тілге тиек еткен еді. “90 жылға тақау тарихы бар білім ошағында бас­тауыш сыныптар жабы­лып, тек бесінші сыныптан бастап қана қабыл­дайды дегенді естіп, қатты ренжідім. Қабырғам қайысқандай бол­ды.

Орысы ормандай өңірде ұлт­тық мектептер мен сыныптарды қайтсек көбейтеміз деп, жарғақ құлағы­мыз жастыққа тимей жүргенде мұндай шешім ешқандай ақылға сый­майды. Сондықтан білім саласын­дағылар ойланар, ең бастысы, ұл-қыздарын ана тілінде оқытуға ниет еткен ата-аналар үшін тиімді шешім қабыл­дар деген үміттемін”, – деп жазған болатын.

400 орынға арналған білім оша­ғы қазіргі орналасқан ғимаратқа 1985 жылы көшкені белгілі. Бұл мектеп ұлттық тәрбие, сапалы білім беру жөнінен облыста алдыңғы қатарлы оқу орны саналады. Қазір мұнда 498 оқушы білім ала­ды. 230 бала интернатта жатып оқиды. 2000 жылы республикалық “Да­рын” ғылы­­ми-практикалық орталы­ғы­ның қарамағына берілгелі қоғамдық-гуманитарлық, жаратылыстану-математикалық бағытқа бейімделіп, оқу бағдарламасына бірқатар өзгерістер енгізілді. Мәселен, бейіндік пән­дерді топтарға бөліп оқыту құқығы берілді.

Алайда соңғы жылдары мектеп басшылығы тарапынан “Білім – ин­новация”, “ЛОРД” лицейлері, Назарбаев зияткерлік мектебі сияқты оқушыларды жоғары сыныптан (бесінші, жетінші) бастап қабылдау мәсе­лесі көтеріле бастады. Мектеп басшылығы: “Мамандандырылған” де­ген мәртебеге лайықты болуымыз керек, республикалық “Дарын” ғы­лыми-практикалық орталығы да осындай талаптар қойып отыр. Қа­зіргі оқу үрдісі ережемізге сәйкес келмейді”, – деген уәжді алға тартты. Былтыр бұл ұсыныспен келіс­пеген 180-ге жуық ата-ананың қолы қойылған хат облыстық білім басқармасына тапсырылып, мәселеге нүкте қойылғандай еді.

Алайда гимназия басшылығы биыл бұл мәселеге қайта оралып, ата-аналар тағы дабыл қақты. Осыған орай облыстық “Қазақ тілі” қоғамының және мектептің қамқоршылық кеңесінің бастамасымен мәселе мектеп қабырғасында арнайы тал­қыланды. Бәрі бірауыздан 19-шы, 20-шы шағынаудандар, Солнеч­ный мен Борки кентінде ұлттық мектеп бой көтермейінше бастауыш сы­ныптар жұмыс істей беруі керек де­ген уәжді алға тартты. Гимназия ди­ректоры Ержанат Бәкіров ат шап­тырым аумағымызға қосымша ғимарат салып берсе, ешқандай проблема туындамас еді деген ұсыныс айтты.

Бұдан кейін ынталы топ мүше­лері облыстық білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібековпен кездесіп, бастауыш сыныптардың жабылуына үзілді-кесілді қарсылықтарын білдірді. Бастауышта 111 бала оқиды екен. Демек, сыныптар жабылса, осынша бүлдіршін жан-жаққа тарыша шашылып, ата-аналары оларды өзге оқу орындарына та­сып шаршайды деген сөз.

Кеше ата-аналардан құралған ынталы топ мүшелерінің бірі Қайырбек Жолдаспаев редакцияға хабарласып, бастауыш сыныптардың жабылмайтынын қуана хабарлады.

– Алдағы уақытта оқушылар бе­сінші сыныптан бастап қана қабылданатынын естігенде шыдай алмай кеттік. Білім басқармасына жүгіндік. Ведомство басшысы бастауыш сыныптар қысқартылмайтынын, бірінші сыныпқа 25 бүлдіршін конкурстық негізде қабылданатынын қадап айтты. Алдағы жұмыс жоспарларымен бөлісті. Соның бірі – 19-шы және 20-шы шағынаудан аумағында қазақ мектебін салуға ұсыныс жасау. Осы мәселе бойынша орынбасарын Білім және ғылым министрлігіне жібермек, – деді жағымды жаңалық­пен бөліскен ата-ана. Ол бастауыш сынып оқушыларының ата-аналары атынан осынау іске белсене атсалысқан облыстық “Қазақ тілі” қоғамына, журналистер қауымына, тіл жанашырларына ризашылығын білдірді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp