«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ГАЗБЕН ҚАМТУ – КЕЛЕЛІ МІНДЕТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Еліміз газ қоры бойынша әлемде – 22-ші, ТМД-да 3-ші орында тұр. Ішкі нарықта газды пайда­ланудың күрт артуына байланысты соңғы бес жылда тұтыну көлемі 35 пайызға көбейген. Болжамға сәйкес, мұндай қарқын осы жылы да сақталмақ. Алайда қолданыстағы кен орындарынан газ өндіру көлемінің ұлғаюына үміт артуға болмайтын сияқты. Қазақстанда өндірілетін ілеспе мұнай газының 80 пайыздан астамы Қарашығанақ, Қашаған және Теңіз жобаларына тиесілі. Сенаттың Үкімет сағатында елді мекендерді газдандыру, табиғаттың байлығын тиімді жұмсау мәселелері жан-жақты талқыланып, тиісті шешімдер қабылданды.

Сенаттың Үкімет сағатында об­лыс әкі­мі Құмар Ақсақалов та сөз сөйледі. Құ­мар Іргебайұлы өңірде 640 елді мекен орналасқанын, ондағы негізгі жылу көзі – көмір мен отын екенін, оның жыл сайынғы тұтыну көлемі 619 мың тоннаны құрайтынын жеткізді.

“Бір жекеменшік үйге көмір мен отынға жұмсалатын шығын үшін орташа есеппен айына 25 мың теңге қажет. Сонда жылыту маусымына бар­лығы 189 мың теңге жұмсалады. Салыстыру үшін айтайын. Қарағанды облысында бір жекеменшік үйді газ­бен қамтуға айына 14 мың теңге, Нұр-Сұлтан қаласында 13 мың теңге кетеді”, – деді Құмар Іргебайұлы.

Өңір басшысы баламалы қуат көзін пай­далану жобаларын іске асыру тә­жірибелерімен бөлісті. Қазір об­лыста биомасса жағатын 125 қазандық жұмыс істейді, оған 82 бюджеттік ме­кеме көшірілген. Нәтижесінде 26 мың тонна көмір немесе 286 млн. теңге үнемделді. Облыс әкімі табиғи газ болмағаннан кейін инвесторлар тартуда елеулі қиындықтар бар екенін жасырмады.

Облысымызға газ тартудың әр­түрлі нұсқалары қаралып келеді. Оның ішінде Ресей Федерациясы ар­қылы газ тарту бойынша Энергетика министрлігі, “ҚазТрансГаз” және “Газпром” 2019 жылы бірнеше кеңес өткізсе де, мәселе әлі күнге дейін нақты шешімін тапқан жоқ. Облысты “Сары­арқа” газ құбырына қосу – ең қолайлы нұсқалардың бірі. Өйткені табиғи газбен қамтамасыз ету үшін барлық қажетті параметрлер магистральдық газ құбыры жобасына енгізілген.

Құмар Ақсақалов “Интергаз Орта­лық Азия” АҚ-мен бірлесіп, жұмыстардың қолға алынғанына тоқталды. Атап айтқанда, жоспарланған тұты­ну­шылардың болжамды және үйлер санын, елді мекендер бөлінісінде сұйытылған мұнай газының қажет­тілігін, ол үшін газдандырудың басымдылығын жылдар бойынша бөле отырып, айқындауды қажет етеді. Бүгінде жұмыс істеп жатқан инвесторлар, энергияны көп қажет ететін кәсіпкерлер мүмкіндік­терін де ескеру керек.

Биыл №2 Петропавл жылу электр орталығында апат орын алып, жекеменшік иелері жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Алдағы жылыту маусы­мына дейін барлық дайындық шараларын толық аяқтау міндеті тұр. 2026 жылға қарай қалада жылу тапшылығы байқалады деген болжам бар. Сондықтан өңірді газдандыру жылу-электр орталығына түсетін салмақты едәуір кемітеді. Жеке тұрғын үйлер мен орталық қазандықтарды газға ауыстыру кезінде ластаушы заттар­дың шығарындылары азаяды, тұрмыстық жағдайлар жақсарады, халықтың қоныс аударуы мен кетуі бойынша мәселелер шешіледі.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp