«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЫҢ МҮМКІНДІКТЕР БАСТАУЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақстан­дықтарға арнаған биылғы Жолдауы – бұрынғыдан өзгеше. Эко­номиканы басқарудың тиімділігін арттыруға, партиялық жүйе­ні жетілдіруге, заң шығару тетіктерін нығайтуға, медиа саланы дамытуға және еліміздің аумақтық бөлінісіне бағытталған маңызды мәселелер қамтылған.

Жолдауда ұсынылған реформа­лар елді жаңартудың ұзақмерзімді жоспарының бір бөлігі болып табыла­тынын түсіну қажет. “Жаңа Қазақстан” – еліміздің болашақ бейнесі. Ол қоғамдық құндылықтарды жаңарту және ұлттың сапасын арттыруға ба­ғытталған. “Жаңа Қазақстанды” аз уа­қыттың ішінде құру мүмкін емес. Бұл – қоғамдық трансформацияда терең және ұзақ жүзеге асырылатын үдеріс.

Мемлекеттік аппаратта қабыл­данатын шешімдердің тиімділігін және жеделдігін арттыру, құжат айналы­мын және есептерді қысқарту, мем­лекеттік органдар басшыларының жеке және дербес жауапкершілігін арттыру мақсатында Президент бю­рократиядан арылудың жолдарын көрсетті. Бұның бәрі кейін қол қойылған “Мемлекеттік аппарат қызметін бю­рократиядан арылту шаралары ту­ралы” Жарлықта көрініс тапты. Ве­домстволық есептілікті жүйелендіру және автоматтандыру, ақпараттық жүйедегі мәліметті сұратуға мемле­кеттік органдарға тыйым салу, қағазға бұрыштама қоюды және құжаттардың әр парағына қол қоюды жою, қашықтан жұмыс істеу үшін мемлекеттік органдар басшыларын қажетті құралдармен қамтамасыз ету – өте өзекті мәселелер.

Мемлекет басшысы Жолдауда атап өткен саяси және экономикалық реформаларды жүзеге асыруға бағытталған жұмыстар Мамлют ауда­нында тиісті деңгейде қолға алынға­нын айта кеткен жөн. Түйткілдерді оңтайлы әрі тез шешудің бір тәсілі – халықпен тұрақты кездесулер өткізіп, диалог орнату арқылы әрекет ету. Ауылдардағы кездесулер кезінде байқалған бір жайт – тұрғындарды мазалайтын басты мәселе – ауыз­судың тапшылығы екендігі. Сондықтан елді мекендерді тіршілік нәрімен қамтамасыз ету жұмысы жалғасты­рылады. Атап айтар болсақ, осы күнге дейін аудандағы 38 елді мекеннің 11-і орталықтандырылған құбырға қо­сылады. Өткен жылы “Қазсушар” кәсіпорны Новодубровное, Пчелино, Михайловка, Қызыласкер, Раздольное, Степное және Бике ауылдарына құбыр тартты. Становое ауылында модульдік мұнара орнатылса, Белое елді мекеніне ұзындығы 14 километр желі жеткізілмек. Демек, биыл Белое және Покровка ауылдарының тұр­ғындары таза ауызсуға қол жеткізеді. Ондаған жылдар бойы ауызсуға жарымай отырған ауылдықтар үшін бұл – жақсы жаңалық деуге болады.

Білім ошақтары да жыл сайын жөндеуден өтуде. Нақты айтар болсақ, 2018-2021 жылдарға арналған Солтүстік Қазақстан облысын дамытудың кешенді жоспарын жүзеге асыру, со­нымен қатар Президенттің тапсырма­ларын орындау шеңберінде ауданда 23 мектептің 13-і ағымдағы жөндеуден өтсе, өткен жылы 3 білім ошағына күрделі жөндеу жұмыстары жүргі­зілді. Бұдан бөлек, Дубровное, Ми­хайловка, Меңгесер, Бике, Покровка және Қызыләскер орта мектептерін, Мамлют өнер мектебін, мектеп-ба­лабақша кешенін жөндеуге жобалық-сметалық құжаттар әзірленді.

Денсаулық сақтау саласында да тың бастамалар қолға алынды. Ау­дандық аурухананың материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Деніне шипа іздеп келетіндерге көрсе­ті­летін қызметтер сапасы біршама жақ­сарды. Атап айтар болсақ, жүректегі өзгерістерді бірден анықтайтын элект­рокардиограф, жүкті әйел мен құрсақтағы шарананың жағдайын тек­серетін фетальды монитор, асқазан ауыруының диагностикасы мен ем­деу жолдарын көрсетіп беретін фиброгастроскоп және А классты екі санитарлық автокөлік сатып алынды.

Сонымен қатар Новомихайловка ауылында фельдшерлік-акушерлік қо­сын салуға, Бексейіт ауылында медициналық бекет, аудандық аурухананың бірінші және үшінші қабатын, Дубровное, Леденево, Қызыләскер ауылдарында фельдшерлік-акушерлік қосындарды күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама дайындалды.

Ауыл тұрғандарын жолдың жайы қатты алаңдататыны анық. Мамлют ауданы бойынша қолданыстағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 467 километр. Соның 257 шақы­рымы автомобильмен қатынауға қо­лайлы, яғни, қанағаттанарлық жағдай­да. Қазіргі уақытта жоспар бойынша жолдың 185 километрі жөнделді, енді 25 шақырымы қалпына келтірілмек. Мәселен, өткен жылы Дубровное – Михайловка жолы жөн­деліп, тұрғындар бір қуанып қалды.

Аудан тұрғындарының негізгі кәсібі – ауыл шаруашылығына келер бол­сақ, биыл “Әйтеке би” ЖШС Калугино ауылында және “Кызыласкерское” ЖШС Қызыләскер ауылында тауар­лы-сүт фермасының құрылысын жүр­гізуді жоспарлап отыр. Жаңа кешен­дер ашылса, ауыл тұрғындары үшін қосымша жұмыс орындары құрылады.

Бұдан бөлек, “Белое-Агро” ЖШС биыл жартылай фабрикаттар шыға­ратын цех, “Ахитовка” өндірістік коопе­ративі сүт өңдейтін шағын зауыт ашуды жоспарлауда. Ауылдық елді мекендерді дамыту, білікті маман­дармен қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілермен 22 меморандум жасалды, бұл бағыттағы жұмыс әлі жалғастырылады.

Кәсіпкерлік – экономика дамуының тірегі десек, артық айтқандық болмас. “Бизнестің жол картасы – 2025” мемлекеттік бағдарлама шеңберінде аудан кәсіпкерлеріне 482,4 млн. тең­генің қолдауы көрсетілді. Соның ішінде “Сапа Инвест” ЖШС құны – 1,5 млрд. теңге болатын ағаштан ДСП, ЛДСП шығаратын зауыт ашуды жос­парлауда. Жоба іске асса, 80 жаңа жұмыс орны ашылады. “AI-ZERE MRAMOR” жеке кәсіпкерлігі 5 млн. теңгенің мәрмәр өндірісін қолға алмақ, аудан қонақтары мен туристерге арналған этноауыл құру жобасы да қолдау тапты. “Сабиров” жеке кәсіпкерлігі тоқыма өндірісі жобасы үшін 2,8 млн. теңге алса, “Мирончик” жеке кәсіпкерлігі кілемдер, сыртқы киімдер және көрпелерді химиялық тазалау жобасына 3,9 млн.теңге мөлшерінде мемлекеттік грант алды.

2021 жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы бойынша Бике, Леденево, Меңгесер және Андреевка ауылдарына талшықты-оптикалық байланыс жүйесі тартылса, кең жолақты интернетпен Андреевка, Воскресеновка, Дубровное, Покровка, Краснознаменное және Меңгесер ауылдары қамтамасыз етілді. Сон­дай-ақ Становое елді мекенінде осы жылы байланыс сигналын күшейтетін аппарат орнату жоспарланған. Өткен жылы “КарТел” ЖШС ұялы байла­ныстың базалық станциясын жабдықтау үшін ауданымыздың 6 ауылына биік мұнаралар орнатты.

Өңірлерді дамыту бағдарламасы шеңберінде көптеген жұмыстар атқарылғанын айта кеткен жөн. Соның нәтижесінде энергия үнемдейтін жарық шамдарын орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта бұл жұмыстың нәтижесін 25 елді мекен көріп отыр.

Ауданымыздың мәдениет және спорт саласы да жанданып, ескірген ны­сандар қайтадан жөнделу үстінде. Айталық, биыл Бостандық ауылындағы клубты қайта жаңарту жұмысы аяқталады. Сонымен қатар Меңге­сер, Афонькино, Андреевка ауылдарындағы Мәдениет үйлерін күрделі жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындалды. Айта кететін тағы бір жаңалық, аудан орталығында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жоспарлануда. Кешенде үлкен ойын алаңы, тренажер, бокс, теннис залдары болады және хоккей кортына қарай өткел қарастырылған. Бұл жобаға қазір сараптама жүргізілуде. Жоба құны – 500 млн. теңге.

Мамлют ауданында қоғамдық тәр­тіп қамтамасыз етілген. 2021 жылы учаскелік полиция инспекторла­рының тиімді жұмыс істеуі үшін тірек пункттерін баспанамен қоса салу жұмысы Новомихайловка ауылынан бас­талды, биыл Краснознаменное елді мекенінде, келесі жылы Анд­реевкада ашылады деген жоспар бар.

Абаттандыру жұмысы да алға ба­сып келеді. Жасыл желек отырғызу бойынша акция бастау алды. “Туған жерге тағзым” жобасы аясында 300 қарағай, 200 аққайың, 20 шырша, ше­тен, терек, тал және тағы басқа ағаштардың көшеттері. Бір Пригород ауылдық округінде 100-ден астам терек отырғызылғанын айта кеткен жөн. Мемлекеттік-жекешелік әріп­тестік аясында Щучье ауылында мә­дени бос уақыт орталығын ашу, Қы­зыләскерде жазғы және қысқы спорт ойындарына арналған сауықтыру алаңын ашу жоспарланып отыр, ау­дан орталығының Жұмысшы кентінде балалардың ойын және спорт алаңы салынбақ.

Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын жүзеге асыру аясында Мамлют ауданында атқа­рылып жатқан негізгі жұмыстар. Қолға алған көптеген істерді биыл аяқтауды жоспарлап отырмыз. Халыққа басты керегі – таза ауызсу, мектеп, жол, ин­тернет. Мемлекет ба­шысының тап­сыр­ма­сына сәйкес, бұ­дан да басқа игі шаралар қолға алы­нады. Біз жұдырық болып жұмыл­ғанда ғана кез келген қиындықтан іркілмей өте аламыз.

Владислав ЛУКИН,

Мамлют ауданының әкімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp