«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Адам мен табиғат — егіз

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қоршаған ортаны қорғау, жасыл желекті көбейту мәселесі өркениетті әлем жұртшылығының басты назарында. Бізге де мұндай үрдістен шет қалуға болмайды. Қазақстанда жер, жер қойнауы, жерүсті және жерасты сулары, атмосфералық ауа, орман мен өзге де өсімдіктер, жануарлар дүниесі, тірі организмдердің гендік қоры, табиғи экологиялық жүйелер, климат, жердің озон қабаты жойылудан, тозудан, зақымданудан, ластанудан өзге де зиянды әсерлерден заңмен қорғалады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында “жасыл экономиканы” дамыту, қоршаған ортаны қорғау жайына арнайы тоқталған болатын. Үкіметке экологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі іс-шараларды нақты жүзеге асыруға кірісуге, оның ішінде биологиялық әркелкілікті сақтау және тиімді пайдалануға бағытталған ұзақмерзімді жоспарларды бекітуді, бес жыл ішінде орман алқабында 2 млрд., елді мекендерде 15 млн. ағаш отырғызуға, Экологиялық кодекс және Жануарларды қорғау туралы заң жобаларын әзірлеуге тапсырма берді.

Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басты қызметі – нормативтік-құқықтық актілерді басшылыққа ала отырып, өз өкілеттігі шеңберінде облыс аумағындағы табиғи ресурстарды мемлекеттік басқару және табиғат пайдалануды реттеу, қоршаған ортаны қорғау мен табиғат пайдалану саласындағы іс-шараларды жүзеге асыру. Орман алқаптары мен жануарлар дүниесінің өсімін молайту, жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аймақтар желісін дамыту жөнінде бағдарламалар әзірлеу, оларға әкімшілік ету, қалдықтарды жою және орналастыру бойынша нысандар құрылысын жүргізу, экологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету жұмыстарын үйлестіру, мемлекеттік орман саясатын қалыптастыру, оны орындау жобаларына қатысу, шаруашылық нысандарының мемлекеттік экологиялық сараптамасын ұйымдастыру және жүрізу, қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін дайындау, тағы басқа мәселелер біздің міндетімізге кіреді.

Қазақстан орманды алқабы шағын мемлекеттер қатарына жатады. Жасыл желек қоры 30 млн. гектарды, яғни, ел аумағының 11 пайызын құрайды. Біздің облыста оның үлесі 5,5 пайыз ғана. Жалпы орман қоры 549,5 мың гектар. Осынау аумақта құрамында 580 адам бар 12 орман шаруашылығы мекемесі жұмыс істейді. Оларға орман алқаптарын тиімді пайдалану, қорғау, ағаш өсіру, өртпен күрес жүктелген. Ормандардағы ағаштарды көбейту жөніндегі тапсырмаға сәйкес 2030 жылға қарай оның көлемі 5,7 пайызға дейін ұлғайтылмақ. Осыған орай 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар әзірленіп, бекітілді. 2021 жылы көшет отырғызу жұмыстары 869 гектарда жүргізіліп, 3,6 млн. түп ағаш егілді. Биылғы меже – 1700 гектар алқапқа 6,12 млн. түп көшет отырғызу. Жоспар аясында 2025 жылға дейін 20 мың гектар жерде 116 млн. ағаш жайқала өсетін болады.

Қоршаған ортаның ластануы атмосфералық ауада, жерүсті және жерасты суларында, топырақта немесе жер бетінде ластағыш заттардың, жылудың, шудың, дірілдің, электромагнит өрістерінің, радиацияның мемлекет белгілеген қоршаған орта сапасының экологиялық нормативтерден асатын мөлшерде болуына байланысты. Ал ластағыш заттар қоршаған ортаға түскен кезде айналаның табиғи тепе-теңдігін бұзу, табиғи орта құрамдастарының сапасын нашарлататын, экологиялық залал не адамның өміріне және денсаулығына зиян келтіруге қабілетті қатты, сұйық, газ, бу тәрізді күйде болуы мүмкін. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, өскелең ұрпақ бойында экологиялық құндылықтарды орнықтыруға, қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған бастамалардың тәрбиелік мәні айрықша екені ескеріліп, бұл жайттар орман шаруашылығын өркендетудің перспективалық жоспарында кеңінен қамтылған.

2012 жылдан бастап мектеп орманшыларының курсы жүйелі түрде өткізіледі. “Жасыл ел” еңбек жасақтарының қатарында 10 мыңға жуық жеткіншек бар. “Birge – taza Qazaqstan” акциясы аясында экологиялық білім беруге баса көңіл бөлінген. Мақсат – қоршаған ортамен өзара әрекеттесу, табиғаттың адам үшін маңызын түсіндіру, еңбек десанттарын ұйымдастыру. Бұл шаралар жеке адамның қоршаған ортаның жай-күйі үшін экологиялық жауапкершілігін қамтамасыз ететін білім мен дағды жүйесінің, құндылық бағдарларының, адамгершілік-эстетикалық көзқарастың, жас ұрпақты тәрбиелеудің, оқытудың, өз бетінше білім алуының үздіксіз процесі саналады. Ормандарды қоқыстардан тазартуда волонтерлер, экологтар, жас орманшылар, оқушылар, студенттер – негізгі көмекшілеріміз.

Жасыл желектің ең қорқынышты жауы – өрт. Сондықтан былтырдан бастап өрт қаупі жоғарылайтын көктемгі-жазғы маусымдарда мемлекеттік орман қоры аумағына баруға тыйы салынып, шешімді жұртшылық түсіністікпен қабылдады. Қаулының орындалуын құрамында тәртіп сақшылары, төтенше жағдай қызметінің мамандары, орманшылар бар мобильді топтар қадағалады. Тәртіп бұзғандар әкімшілік жазаға тартылды. Жасыратыны жоқ, өрт көп жағдайда жекелеген адамдардың салғырттығынан тұтанып жатады. Сіріңкені немесе темекі тұқылын сөндірмей тастау салдарынан өртенген орман алаңқайын қалыпқа келтіру үшін кемі жарты ғасыр уақыт қажет. Былтыр орманға қоқыс тастаған 18 адам, өрт қауіпсіздігі ережесін бұзған 118 адам шығынның орнын толтырып, айыппұл төледі. Орман алқаптарында 16 өрт оқиғасы тіркеліп, 34 гектар жер зақымданды. 3 млн. теңгеден астам материалдық шығын келген.

Мекемеде орман өртімен күресетін жұмыс топтары бар. Олардың құрамына орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясының, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мамандары кірген. Жыл сайын өрт сөндіру техникаларының, құрал-саймандар мен жабдықтардың, қажетті күштер мен жауынгерлік әзірліктер тексеріледі. Соңғы үш жылда қызыл жалынмен күреске қазынадан 372 млн. теңге бөлініп, 11 өрт сөндіру автокөлігі, 2 өрт модулі, тағы басқа арнайы жабдықтар сатып алынды. Бүгінде орманшылар 27 өрт сөндіру көлігімен, 86 трактор және патрульдік көлікпен, 742 радиостанциямен қамтамасыз етілген. Орманды молайту жөніндегі жоспарлы көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз ету үшін орман мекемелерінің материалдық-техникалық базасы нығайтылып, бюджет қаражатынан 125 миллион теңге бағытталды. 12 трактор мен топырақ өңдеу тіркемелері алынды. Биыл тағы 200 млн. теңге бөлінеді. 1400 шақырым минералдық жолақ жырту жоспары бар.

Президент тапсырмаларының бірі – экономиканың өсімін мейлінше “жасыл экономика” жағдайына бейімдеу, көміртегінің үлесін барынша азайту бағытын ұстану, ғылыми қауыммен және жеке сектормен бірлесіп, ұсыныстарын жүзеге асыру. Көгалдандыру мәселесі басым бағыт болып қала береді. Өңірдегі орманды алқаптың негізгі қоры – қарағай мен қайың. Ағаш отырғызу үшін биіктігі 60 сантиметрден аспайтын 1-3 жастағы екпелер таңдап алынатындықтан, жаппай өсу ықтималдығы жоғары. Көшеттер орман тәлімбақтарында өсіріледі. Қазіргі уақытта облыстың орман шаруашылығы коммуналдық мекемелерінде екпе көшеттер өсіруге арналған 48 тәлімбақ жұмыс істейді. Мамандар өскіндерді бірнеше жыл бойы баптайды. Бұл ағаштар теріскейдің климатына бейімделгендіктен, тез жерсінеді. Ағаш отырғызу жұмыстары тиімділігінің басты шарты – көшеттерді уақтылы отырғызу. Өкінішке қарай, кей мекемелер осы жағын жете ескере бермейді. Бүгінде орман шаруашылықтары қолжетімді технологияларды қолдану арқылы қоршаған ортаға теріс әсерлердің деңгейін азайтуға, жобалық шешімдер, экологиялық қауіпсіздік, инженерлік қорғау мәселелеріне белсене атсалысуда. Отырғызылған ағаштардың жылдам өсуі үшін күтіп-баптау, сұрыптау, араларын сирету озық әдіс-тәсілдермен атқарылады.

Жаңа Экологиялық кодексте қалдықтарды жою және көму операцияларына жеке тараудың арналуы оларды механикалық, физикалық-химиялық, биологиялық өңдеу арқылы залалсыздандырудың, қайталама материалдық болмаса энергетикалық ресурстар ретінде пайдаланудың, қауіпсіз сақтау үшін арнайы белгіленген орындарға жинап қоюдың, термиялық өңдеудің оңай еместігін, қоршаған ортаны қорғау өткір мәселелердің бірі болып отырғанын аңғартады. Облыста қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау нысандарының 90 пайыздан астамы ауылдарда орналасқан. Соңғы 6 жылда қоқыс тастайтын жерлерді оңтайландыру бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 125 заңсыз қоқыс алаңы жабылды. Қазіргі бары – 454. Алайда олардың 16-ында ғана рұқсат құжаттары толық, 333 нысанға жер актілері ғана рәсімделген. Қоқысты өртеймін деп жүріп “тілсіз жау” ырық бермей кететін фактілер де аз емес. Биыл “Ренет” саяжай қауымдастығында құтқарушылар оқиға орнына жеткенше, ондаған саяжай жанып кетті. Қалдықтармен жұмыс істеудің олардың тау болып жиналып қалуының алдын алуға, барынша азайтуға, есепке алу мен бақылау орнатуға, қайта өңдеп, кәдеге жаратуға әсері мол.

Биыл “Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы” Заң қолданысқа енді. Онда тіршілік иелерін қорғаудың негізгі қағидаттары белгіленген.

Табиғат байлығы есепсіз емес, сондықтан жерүсті және жерасты ресурстарын ұтымды пайдаланбай болмайды. Орман шаруашылығының қызметкерлері қоғам мен табиғат арасындағы делдал сияқты, олар қоршаған ортаны көздің қарашығындай қорғау, сақтау ұрпақ алдындағы маңызды міндет екенін жақсы түсінеді.

Бейбіт ИСМАНОВ,

облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp