«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ағаш шебері

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Оңтүстіктен – Солтүстікке” бағдарламасымен көшіп келгендердің арасында он саусағынан өнер тамған ісімер де, кәсіптің көзін білетін іскер де баршылық. Солардың бірі – Алматы об­лысының Есік қаласынан былтыр жазда теріскейге келген Төрежан Карбозов. Негізгі мамандығы – дене шынықтару пәнінің мұғалімі. Мамлютка қаласындағы мектептерде мамандығы бойынша жұ­мыс болмағаннан кейін іргедегі Воскресеновка ауылына табан тірепті. Өйткені мұнда мал ұстауға қолайлы екен. Оның үстіне зайыбына ауылдық әкімдікте аудармашының жұмысын ұсынған.

Басында қара жұмысқа жегіліп, нәпақасын айырған. Аз айлыққа мал­данып жүре бергісі келмеген ол жеке кәсіппен айналысуды жөн көріпті. Төрежан бала жастан қолына балға-шегесін ұстап, ағаштан түрлі заттарды жасағанды ұнатады екен. Сол қызы­ғушылық оны үй салуға жеткізіпті.

– Туысқан ағаларымның арасында ағаш шеберлері жоқ емес, бірақ кәсіп қып істемеген. Алматыда арнайы технологиямен мобилді үй жасайтын жерде үш жылдай еңбек еткенім бар. Содан кейін ағашқа қолым жүретінін сезіндім. Жұмысқа икемім бар екенін байқаған бастығым мені жібергісі келмеген. Енді осы кәсіптің соңынан кет­пекші ойым бар. Адам өзінің қызық­қан жұмысымен емін-еркін айналыс­қаны жақсы. Бейтаныс ортаға келген­нен кейін алдымен шағын монша салудан бастағанды жөн көрдім. Әр аулаға шақ, көп орын да алмайды, іші де ретті. Бір жерден екінші орынға көшіруге де қолайлы. Үйде жасаймын, кім қызығып сатып алса, арнайы көлікпен жеткізіп беремін. Оған іргетас қалаудың керегі жоқ, астына алты таған тас қойса жеткілікті. Қарағайдан жасалатындықтан қабырғасы суық өткізбейді, ортасы он сантиметрлік суық өткізбейтін материалмен қаптал­ған. Қысы-жазы пайдалана беруге болады, – дейді Төрежан Мерекеұлы.

Шебердің жасаған моншаларының ауданы – 2,5-3 шаршы метр. Мұны тұтынушылардың тапсырысына қарай үлкейтуге де болады. Екі бөлмеден тұрады. Кіреберісте киім ауыстыратын орын бар, түпкі бөлмесін жуынатын әрі буға қыздырынатын етіп ыңғайлапты. Бұл технологиямен үй салуға да болады.

Ағаш шебері бір моншаны үш аптада бітіреді. Айтуынша, теріскей кәсіптің түр-түрімен айналысуға, мал бағып, егіншілікпен шұғылдануға да қолайлы. Тек жұмыс істеуден жалық­паған дұрыс.

Төрежан – екі баланың әкесі. Алла нәсіп етсе көпбалалы атанғысы ке­леді. Бірақ ауылда қазақша мектептің жоқтығы қынжылтып тұрған жайы бар. Воскресеновкадағы мектеп орыс тілінде. Күзде аралас мектеп болып ашылса деген үміті де жоқ емес. Өйткені мектеп жасына толар ұлы мен қызын орысша оқытқысы жоқ.

Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp