«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Мемлекет басшысы: КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМА — ТӘУЕЛСІЗДІК ТАРИХЫНДАҒЫ ЖАҢА БЕЛЕС

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекет басшысының қатысуымен “Amanat” партиясының кезектен тыс XXIII съезі өтті.

Жаңа Қазақстан дегеніміз — Әділетті Қазақстан

Қасым-Жомарт Тоқаев съезд делегаттарына мемлекет пен қо­ғамды түбегейлі жаңарту үдерісі бас­талғанын айтты. Прези­­дент­тің пікірінше, “Аmаnаt” осы жүйелі өзгерістерге белсенді ат­салы­сып келеді. Сонымен қатар Мем­ле­кет басшысы партияның қолға алын­ған рефор­маларға жан-жақ­­ты қолдау көрсетіп, “Халық үні­не құлақ асатын мемлекет” тұжы­­рым­дамасын тиімді жүзеге асы­руға қосып жат­қан үлесіне тоқталды.

– “Аmаnаt” әлеуметтік әділдік қағидатын орнықтыруға әрдайым баса мән береді. Мемлекеттілікті нығайту және ел бірлігін бекемдеу – ұйымның айрықша мис­сиясының бірі. Өткен съезде партияға ребрендинг жасау қол­ға алынды. Сондай-ақ оны инсти­туционалдық тұрғыдан жаңарту жұмысы басталды. Партия бұл міндеттерді орындауға дереу кірісіп кетті. Нақты нәтиже бар, өзге­рістерді қазірдің өзінде көріп отыр­мыз. Осы қарқынды бәсең­дет­пей, жұмысты одан әрі жал­ғас­тыру керек, – деді Мемлекет басшысы.

Президент наурыз айының ортасында Қазақстан халқына арна­ған Жол­дауында саяси ре­формалардың ауқым­ды бағдар­ламасын ұсынғанын еске салды. Сонымен қатар бірден Консти­туцияға енгізілетін өзгерістер мен толық­ты­рулардың жобасын дайындау жөнінде ауқымды жұмыс басталғанын, онсыз жос­пар­ланған саяси реформаларды тиімді жүзеге асыру мүмкін емес екенін атап өтті.

– Конституциялық рефор­маның мақсаты – елімізді сая­си тұрғыдан одан әрі жан-жақ­ты жаңғыртудың берік ірге­та­сын қалау. Өткен аптада Конс­титу­циялық Кеңеске түзету­лер жобасы жолданды. Оның қабылдануы мемлекеттік институттарды құрудың және қызметінің мүл­де жаңа үлгісін – Жаңа Қазақ­станды құруға мүмкіндік береді. Азаматтар тарапынан “Жаңа Қазақстан дегеніміз не?” деген сауал жиі қойылып жүр. Менің ойымша, бұл сұраққа қысқа да нұсқа жауап беруге болады. Жаңа Қазақстан дегеніміз – шын мәнінде, Әділетті Қазақстан. Азаматтарға әлеуметтік әділдік жетіспейтінін мойындайықшы. Қарапайым халықтың мүддесі үнемі елене бермейді, кейде, тіпті әділетсіздік мемлекеттік аппарат өкілдері тарапынан да жасалып жатады. Азаматтардың мемлекеттік мекемелерге сенім­сіздігі осыдан туындайды. Сон­дықтан “Amanat” партиясының алдында осы олқылықтардың орнын толтыру міндеті тұр. Аза­маттық қоғам мен билік ара­сында дәнекер болу үшін сіздер халық өкілдерімен етене жұмыс істеулеріңіз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар елдің бүкіл саяси архитектурасын кешенді түрде қайта қарауға, билік тармақтары арасындағы тежеу мен тепетеңдіктің неғұрлым теңгерімді жүйесін құруға бағытталғанын айтты. Президенттің пікірінше, біз суперпрезиденттік басқару түрінен түбегейлі бас тартамыз, Парламент пен мәслихаттардың өкілеттігін күшейтеміз. Пар­тия­лық-саяси жүйені жаңғырту – басым бағыттың бірі.

Мемлекет басшысы партиялар мен сайлау туралы заңнамаларды либерализациялау қоғамның рөлін күшейтеді деп санайды. Бұл биліктің барлық деңгейінде қабылданатын шешімдеріне қатысты. Президенттің пайымынша, азаматтардың дауысы үшін бәсеке күшейіп, саяси үдерістердің қарқыны мен мазмұны өзгереді.

– Жалпы алғанда, партиялық алаңда сең қозғалғанын көріп отырмыз. “Adal” партиясының “Аma­nat” партиясымен қосылу жөнін­дегі бастамасы – бастал­ған өзгерістердің жарқын көрінісі. “Adal” партиясының жетек­шілері мен мүшелеріне осы маңызды шешімдері үшін риза­шылығымды білдіремін. Жаңа Қазақстанды құрамыз десек, елге жанашыр қоғамдық-саяси күштердің бәрі жұмылуы керек. Бұл ретте партиялардың өзара тіл табысып, саяси жүйені дамытуы аса маңызды. Сондықтан “Adal” партиясының бастамасын қолдап, онымен біріккен жөн деп санаймын. “Adal” – өз жақтастары бар, қалыптасқан партия. Саяси бәсеке артып келе жатқан қазіргі кезеңде мұның айрықша мәні зор, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиында Мемлекет басшысы жауапты әрі аса маңызды кезеңге қадам басқанымызға тоқталды. Президенттің ай­туынша, конс­титуциялық реформа – тәуел­сіздік тарихындағы жаңа белес. Мұның бәрі уақыт талабынан және қоғам сұранысынан туындап отыр.

– Мен бұған дейін партия төрағасы лауазымынан босап, ұйым қатарынан шығатынымды айттым. Осы ұйғарымды жүзеге асыратын кез келді. Бүгіннен бастап “Amanat” партиясының төрағасы ретінде өкілеттігімді тоқтатып, партиядан шығу туралы шешім қабылдадым. Бұл қадамның символдық мәні бар. Осы орайда Президент сай­лауында маған сенім артып, қолдағандарыңыз үшін бар­шаңызға алғысымды айтамын. Сондай-ақ жауапты сәтте партия тізгінін сеніп тапсырғандарыңыз үшін ризашылығымды біл­діремін. Біз бірлесіп, көп жұмыс атқардық. Дегенмен уақыт бір орнында тұрмайды. Қазір талай нәрсе өзгеруде. Алдымызда ауқымды міндеттер бар. Бүгінде еліміздегі барлық саланы түбегейлі монополиядан арылту аса маңызды. Осы үдерістен саяси жүйе де сырт қалмауы керек. Мемлекет басшысы ешбір партияға басымдық бермегені жөн, яғни, саяси тұрғыдан бейтарап болуы қажет. Бұл – менің айқын ұстанымым, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Президенттің пікірінше, мұндай қағида сайлауға қаты­сатын барлық күшке тең мүм­кіндік туғызады. Саяси жүйеде әділдіктің орнауына жол ашады. Партия атқарушы билікке тәуелді болмаса, оған халықтың сенімі нығайып, беделі артады.

– Қазір ұйым Мәжілісте және мәслихаттарда едәуір басым­дыққа ие болып отыр. Сондықтан Үкімет пен әкімдіктердің жұмы­сына қатаң бақылау жасай алады. Президент партия қатар­ынан шыққанымен, ұйымның стратегиялық бағдары өзгермейді деп ойлаймын. “Аmаnаt” еліміздің сая­си өмірінде ерекше орны бар ұйым ретінде қала беретіні анық. Саясаттағы сабақтастық сақта­лып, партия ел игілігі үшін жасап жат­қан жұмыстарын жалғастыра бе­реді, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев пар­тия­ның төрағасы лауазымына Парламент Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошановты ұсынып, оған ұйымдастыру қабілеті жоғары, тәжірибелі әрі білікті азамат деп баға берді.

Съезд делегаттары Пре­зи­денттің ұсынысын қолдап, Ерлан Қошановтың кандидатурасына бірауыздан дауыс берді.

Мемлекет басшысы бүгінгі өзгерістер “Аmаnаt” партиясының заман талабына сай жаңара түсуіне жол ашатынына сенім білдірді.

Демократиялы, ашық және теңгерімді саяси жүйе

Сенат Төрағасы Мәулен Әшім­­баев “Amanat” партиясы ел­дік мүд­де жолындағы тағы бір ма­ңыз­ды кезеңге қадам басқанын атап өтті.

– “Adal” партиясының аты да, заты да өзгерген “Amanat” партиясына қосылуы – маңызды кезең. Жалпы “Amanat” партиясының тарихында мұндай тәжірибелердің болғаны белгілі. Әр кезеңде партия түрлі бағыттағы басқа саяси күштермен бірігіп отырды. Біздің партияның центристік ұстанымы оны барша қазақстандықтың мүддесін қорғайтын саяси ұйым ретінде танытты. Мұндай позиция түрлі күштердің бірігуі үшін тиімді платформа да қалыптастырды. “Adal” партиясымен қосылу біздің әлеуетімізді одан әрі арттырып, партия қатарына жаңа белсенді азаматтарды жұмылдыруға жол ашатыны сөзсіз. “Adal” партиясы шағын және орта бизнеспен бел­сенді жұмыс істеп келді. Мұн­дай тәжірибе “Amanat” партиясы үшін де маңызды. Сондықтан біз бұл бағытта бірлесіп, біраз жұ­мыс атқаратынымызға ешқан­дай күмән жоқ. Ал “Adal” партия­сының мүшелеріне “Amanat”-пен қосылу өздерінің бағдар­ламалық мақсаттары мен идея­ларын ілгерілету үшін біздің пар­тия­мыздың ауқымды адами, ақпа­раттық және басқа да ресурстарын пайдалануға мүмкіндік береді. Осы ретте “Adal” партиясының “Ama­nat”-қа қосылу туралы шешімді толығымен қолдаймын және барша делегаттарды бұл қадамды қолдауға шақырамын, – деді Сенат спикері.

Мәулен Әшімбаев партия­лар­дың қосылуы екі ұйым үшін де жаңа мүмкіндіктерге жол ашаты­нына сенімді. Осыған орай ол пар­тияның ауқымы кеңейген кездегі қызметі туралы ойын ортаға салды.

– Ең алдымен, Жаңа Қазақ­станда партия жұмысына жаңа әдістер мен тәсілдер керек. Соңғы жылдарда Қазақстан Мемлекет басшысы, партия Төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен демократиялы, ашық және теңгерімді саяси жүйе құру жолында батыл қадамдар жасады. Бүгінде қоғамдық-саяси қатынастардың барлық саяси құрылымы мен парадигмасы қайта қалыптасуда. Сонымен бірге біздің қоғам, адамдарымыз, олардың көзқарастары, құндылықтары мен ұстанымдары жедел өзгеруде. Осындай сәтте партиямыздың да еліміздің саяси өміріндегі рөлін қайта қарап, зерделеудің маңызы зор. Партиямыз атына заты сай болуға тиіс. Біз өзгеріп, заманауи талаптарға бейімделуіміз керек, – деді М.Әшімбаев.

Сенат спикері Конституциялық реформадан кейін жетекші пар­тияның бұрынғыдай әкімшілік те­тіктері мен ресурстары болмай­тынын, сондықтан оларды тиімді сая­си және технологиялық тәсіл­дер­мен алмастыру қажет екенін атап өтті.

– Уақыт өте келе басқа да жа­ңа саяси партиялар құрылады. Біз сондай жоғары деңгейдегі бәсекеге дайын болып, өзіміздің лидерлік позициямызды дәлелдей білуіміз керек. Қазір қоғамда біздің партия туралы түрлі пікірлер айтылып жүргені жасырын емес. Ондай көз­қарасты өзгерту үшін қоғамның талап-тілегіне құлақ асып, жедел үн қатуымыз қажет. Әсіресе халықты алаңдатқан нақты проблемаларды шешуге басымдық берген жөн. Бұл партияның позициясын күшейтіп, азаматтардың қолдауын арттырады. Біз науқаншылдықтан, бюрократиядан, формализм мен қағазбастылықтан түбегейлі арылуымыз керек. Партия жұмысын нақты нәтижеге бағдарлай отырып, қайта құру маңызды. Ол партияның бастауыш ұйымдарынан бастап орталық органдарына дейінгі барлық деңгейді қамтуға тиіс, – деді М.Әшімбаев.

Партияның идеологиялық күн тәртібін анықтаудың да маңызы сөз болды. М.Әшімбаев өз сөзінде қазір демократиялық, әділ және әлеуметтік мемлекет құруға тарихи мүмкіндік туып тұрғанын баса айтты.

– Әлем тарихы көрсеткендей, мұндай мүмкіндіктер жиі беріле бермейді. Сонымен қатар мүм­кін­діктер терезесі жабылып қалуы мүмкін. Сондықтан Жаңа Қазақ­станда “Amanat” Мемлекет басшысының реформалары мен жаңғырту жолын ілгерілетуде және іске асыруда басты рөл атқара алар еді. Партия еліміздегі прогрессивті әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістердің негізі әрі қоз­ғаушы күші болуға тиіс. Бұл – пар­тияның осы тарихи кезеңдегі миссиясы. Бұл миссия біздің алдағы жұмысымызды мағыналы әрі мазмұнды етпек. Партияның идеологиялық күн тәртібінің тағы бір негізгі элементі әлеуметтік әді­леттілікті қамтамасыз ету бола алады. Бұл ел Президентінің сайлауалды тұғырнамасымен тікелей байланысты. Қаңтардағы қайғылы оқиға әлеуметтік наразылық әді­леттілік қағидаттары жұмыс істе­мей­­тін жерде пайда болатынын анық көрсетті. Өкінішке қарай, біз­де мұн­дай мәселелер болды. Сы­бай­лас жемқорлық, қос стандарт кез­десті. Шын мәнінде, бұл біз­дің да­муымызды тығырыққа ті­реп, мем­лекеттіліктің өзіне қауіп төн­діре бастады, – деді Сенат төр­ағасы.

Парламенттің Жоғары пала­та­сының төрағасы қазір халық би­ліктен әлеуметтік әділеттілік күтетінін айтты. Бұл ретте ол “Ama­nat” партиясы елдегі әділеттілік құн­дылықтарын насихаттайтын және қорғайтын негізгі күш болуы керек деп атап өтті.

– Азаматтардың өткір мәсе­лелерін шешіп, халықтың осал топтарына нақты көмектесе отырып, сыбайлас жемқорлық пен бюрократиямен күресіп, әділдік қағидатын іске асыруға жәрдемдесеміз. Бұл үшін партияның құралдары жет­кілікті. Оның қатарында өкілді ор­ган­дардағы фракциялар, түрлі комис­сиялар, партиялық үкімет пен партиялық БАҚ бар, – деді М.Әшімбаев.

Жастар қанатының қызметін қайта қарау ұсынылды

“Amanat” партиясының жастар­мен жүйелі жұмыс жүргізіп келгені белгілі. Сенат спикері бүгінгі таңда бұл қызметті қайта құруды ұсынды.

– Қаңтардағы оқиға, әсіресе Алматыда, тұрақты жұмысы, сапалы білімі, өмірге деген нақты жоспары жоқ жастардың өткір мәселелерін ашық көрсетті. Мұндай жастарды әртүрлі дес­труктивті күштер мен топтар оңай қолдана алатыны байқалды. “Jas Otan” жастардың әлеуметтенуіне көмектеcіп, олар үшін әлеуметтік лифт ұсынуға тиіс. Іс-шараларды тек өз белсенділеріңіздің арасында немесе университеттерде өткізудің қажеті жоқ. Проблемалы жастар топтарын тартып, олармен белсенді жұмыс істеу керек. Партияның жастар қанаты олардың жұмысқа орналасуына, тұлғалық қалыптасуына, дұрыс құндылықтар мен бағдар табуына септігін тигізер еді. Жас­тар­дың жұмыссыздығымен, кедей­лікпен және тәртіпсіздікпен күре­судің тиімді құралы – ең алды­мен, сапалы білім. “Amanat” пар­тия­сы бірқатар білім беру бағдар­ла­ма­сының, жобалар мен заңдардың бастамашысы бола алар еді, – деп атап өтті Сенат төрағасы.

Мәулен Әшімбаев сондай-ақ өз сөзінде партияның өңірлердегі жұмысына тоқталды.

– Партия қызметінің тағы бір маңызды бағыты – жергілікті жер­лерде реформалардың жүзеге асырылуын бақылау. “Amanat”-тың жергілікті жерлердегі нақ­ты өзгерістерге ықпал ететін меха­низмдері мен мүмкіндіктері бар. Филиалдарға дербестік пен жет­кілікті ресурстық қолдау көрсету маңызды. Бастапқы ұйымдарды нығайту орынды. Мәслихаттардағы партиялық фракциялар ресурсын белсендірек пайдаланған жөн. Олардың белсенділігі мен бас­тамаларын ынталандыру керек. Қазір еліміз үшін де, партиямыз үшін де – өте маңызды кезең. Алдымызда ауқымды мақсат-міндеттер тұр. Осындай жауапты кезеңде жұдырықтай жұмылып, елімізге қызмет етуіміз қажет. Пре­зидентіміз жариялаған оң өзге­рістер мен реформалардың іске асуына, Жаңа Қазақстанның қалып­тасуына қомақты үлес қосу – әрқай­сысымыздың басты мінде­тіміз. Осылайша Қазақстанның демо­кратиялы, әділетті және өр­кен­деген мемлекет болып қалып­тасуына өзіміздің үлкен үлесі­мізді қосамыз деп сенемін, – деді Сенат спикері Мәулен Әшімбаев.

Халықпен байланысты арттыру мақсаты тұр

“Amanat” партиясының атқа­рушы хатшысы Асхат Оралов партияны трансформациялау бо­йынша бағдарламаның орындалу барысы жайлы баяндады.

– Біріншіден, партия қа­тарын нығайту және халықпен байланысты күшейту мақсатында Алматы, Шымкент, Түркістан Семей қалалары мен Абай, Сауран аудандарына бардық. Сапарлар барысында 2700 адамды қамтитын түрлі іс-шара өткізілді. Оған партия активі, бастауыш партия ұйымдарының белсенділері, халық сайлаған ауыл әкімдері, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, шағын және орта бизнес өкілдері, сарапшылар, жастар мен блогерлер тартылды. Мобильді қоғамдық қабылдау бөлмелері жұмыстарын бастады. Алты облыстың (Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан және Түркістан) 196 ауылына сапарлар ұйымдастырылып, қоғамдық қабылдауға 2,1 мыңнан астам азамат келді, 400-ден астам мәселе оң шешімін тапты, қалғандары партияның қадағалауына алынды. Маусым айының соңына дейін өңірлердегі шалғайдағы 500-ге жуық ауылға баруды жоспарлап отырмыз. Орталықсыздандыру аясында жарналардың 20%-ы бастауыш партия ұйымдарына қайтарыла бастады. Осы бастаманы жүзеге асыру нәтижесінде бас­тауыш партия ұйымдары 300-ден астам іс-шара өткізе алады, – деді А.Оралов.

Ол сондай-ақ Мәжіліс пен мәс­лихаттардағы фракция қыз­метін жандандыру мақсатында қоғам­дық кеңестер саны 40%-ға оңтай­ландырылғанын атап өтті.

– Қоғамдық пікір көшбас­шы­ларын тарта отырып, құрамдар жаңартылды. Жалпы әйелдердің үлесі 39%-ға дейін, ал жастардың үлесі 30%-ға дейін ұлғайды. Сон­дай-ақ Үкіметпен және партия­ның Мәжілістегі фракциясымен бірлесіп, сайлау алдындағы бағдар­ламаның орындалуына толық тексеру жүргізілді және жақын арада осы мәселе бойынша атқа­рушы органдардың есебін тың­дау жоспарланып отыр. Осын­дай жұмыстар барлық өңірде пар­тияның аумақтық филиалдарының белсенді қатысуымен жүргізілуде, – деді А.Оралов.

Одан бөлек, “Ашық партия” тұжырымдамасы бойынша Talqylau диалог алаңы іске қосыл­ғаны белгілі болды.

– Қазірдің өзінде БАҚ-тың қа­ты­суымен екі отырыс және қа­зақ­стандықтарды толғандыратын өзекті тақырыптарға әлеуметтік желілерде тікелей трансляция өткізілді. Халықпен кері байланысты нығайту мақсатында партиялық баспасөз орталығы ашылды. Жақын арада партияның мобильді қосымшасы қолжетімді болады, ол жерде партияның жұмысы туралы ақпаратты жедел түрде алуға, сауалнамаларға қатысуға және өз идеялары мен ұсыныстарын тікелей жіберуге мүмкіндік болады. Халықтың сұранысын ескере отырып, партия экологиялық мәдениетті және қоршаған ортаны қорғау мәсе­ле­лерінде азаматтардың белсенді өмір ұстанымын нығайтуға бағыт­талған TazaLike жобасын Оңтүс­тіктен бастадық. Сонымен бірге партияның жанында құрылған Эко­логиялық кеңесте осы салада­ғы өзекті, әсіресе қоғамды толған­ды­ратын өткір мәселелер көтері­летін болады, – деді Асхат Оралов.

Партияның атқарушы хатшысы қоғамның сұранысын және Жаңа Қазақстанның күн тәртібін ескере отырып, партияның Саяси тұғырнамасы, “Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты” және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасы секілді негізгі бағдарламалық құжаттарды жаңартуға кіріскенін атап өтті.

– Бағдарламалар саясаттану­шылармен, сарапшылар қауым­дастығымен және жергілікті партия мүшелерімен кеңінен талқылануда. Алайда талқылау барысында келіп түскен сарапшылардың пікі­рін ескере отырып, үш бағдар­ла­малық құжатты біріктіріп, пар­тия­ның Бірыңғай жаңа Саяси тұғырнамасын әзірлеуді ұсы­намыз, – деді А.Оралов.

Үлкен сын, жауапкершілік және аманат

Жиын барысында “Amanat” партиясының жаңадан сайланған төрағасы Ерлан Қошанов сөз алып, Мемлекет басшысы мен партия мүшелеріне ризашылығын білдіріп, алда үлкен сынақ күтіп тұрғанын мәлімдеді.

– Аса құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, осынау тарихи кезеңде партияның жетекшілігін маған сеніп тапсырғаныңыз және жүктегеніңіз үшін өзіңізге және осы шешімді қолдаған партиялас әріптестеріме зор алғысымды білдіремін. Мен бұл шешімді үлкен сын, жауапкершілік және аманат деп түсінемін. “Amanat” партиясы – бұл Президентіміздің қоғамдық тірегі. “Amanat” партия­сы – бұл реформалар партиясы және Жаңа Қазақстанның жа­сампаздығы. Құрметті партиялас­тар, бізді үлкен сынақтар, үлкен науқандар күтіп тұр. Еліміз бен Президентіміздің бізге артқан сенімін, аманатын бәріміз бірігіп, абы­роймен атқарайық, – деді Ерлан Қошанов.

Жиында “Adal” партиясының атынан Елдар Жұмағазиев сөз алып, партияның еліміздің жетек­ші саяси күшіне қосылу туралы шешімін тарқатып айтып берді.

– Биыл 16 наурызда Президент “Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы” атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Сол күні “Adal” партиясының бір топ Саяси кеңесінің мүшелері жиналып, бүгінгі күрделі геосаяси дағдарысты, оның Қазақстан халқына кері әсерін ескере отырып, Президентіміздің барлық саяси реформаларын сапалы жүзеге асыру үшін “Аmаnаt” партиясына қосылуды дұрыс деп шешті. Аймақтарда да облыстық конференциялар өтіп, аталған ұсыныс талқыланып, қолдау тапты. Ақырында, “Adal” саяси партиясының cъезінде делегаттар бұл шешімді бекітті. “Adal” партиясы еліміздің жетекші саяси күшіне қосылып, сайлауалды уәделерін өз деңгейінде орындайтынын ерекше атап өткім келеді. Дәл қазір тірліктің де, берекенің де көзі – бірлікте. “Adal” партиясының тың идеялары мен заманауи технологиялық шешімдері “Amanat” партиясына салмақты қолдау болады деп сенемін. Айта кетсек, “Adal” партиясы тиімді шешім қабылдау үшін ақпаратты цифр­лы форматта жинауға, жүйелеуге және мемлекеттік орган­дарға ұсынуға мүмкіндік бере­тін IT-қо­сымшаның цифрлы плат­формасын жасақтады. Бұл жобаны “Amanat”-тың “Ашық партия” тұжы­рымдамасын іске асыру аясын­да қолдануға болады деп есеп­теймін, – деді Елдар Жұма­ғазиев.

Е.Жұмағазиев “Adal” партиясы ауыл әкімдерін сайлау жөніндегі бастаманы қолдап, сайлауға түскенін, 15 ауылдық округте, парламенттік “Ақ жол”, Қазақстан халық партиясынан озып, жеңіске жеткенін баса айтты.

– Әр ауылды бақылап, нақты проблемаларын анықтап, олардың шешу жолдарын тоғыстырған “Ауыл – табыс көзі” атты бағдарлама жасақтадық. Сонымен қатар былтыр жүзеге асқан ребрендинг “Adal” партиясының жұмысын қайта жандандырды, біздің қатарымызға жаңа, танымал тұлғалар қосылды. Партия мүшелері мен жақтастарының саны – шамамен 300 мың адам. Бұл көрсеткішті арттыруға болады. Өйткені біздің қатарымызда елдің болашағына бейжай қарамайтын қоғамның прогрессивті бөлігі – кәсіпкерлер, жастар мен ауыл тұрғындары бар. Қызметімізде басымдық қазақстандықтардың өмір сүру сапасын қамтамасыз етуге берілді, халықтың табысын арттыру, адами капиталды дамыту, өңірлерді дамыту, жастар үшін жағдай жасау. Парламентте өкілі жоқ “Adal” партиясы үлкен жұмыс атқарды. Алайда партия қызметінде қойылған мақсаттарды іске асыру үшін дамудың сапалы жаңа сатысына көшу қажет болатын кезең туды. Бұл – уақыт талабы, – деді Е.Жұмағазиев.

Партия съезінің күн тәрті­біндегі екінші мәселе бойынша “Amanat”-тың саяси кеңесіне өзгеріс енгізу мәселесі қаралды.

– Партияның жоғары өкіл­дік органының саяси кеңес құра­мына өзгерістер енгізу туралы мә­селені қарауды ұсынамын. Пар­тия жарғысының №9.1 пунк­ті бойынша саяси кеңеске өзгеріс енгізу мәселесі партия съе­зінің айрықша құзыретіне жатады. Сіздердің қарауларыңызға “Amanat” партиясының саяси кеңес құрамына Елдар Тынышбайұлы Жұмағазиевті, Мақсат Мәлікұлы Толықбайды, Дәулет Төлеутайұлы Мұқаевты енгізу мәселесі ұсынылады, – деді партияның атқарушы хатшысы Асхат Оралов. Съезд делегаттары бұл ұсынысты да бірауыздан қолдап дауыс берді.

(“Egemen Qazaqstan”,

27 сәуір 2022 жыл).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp