«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ҚАРАЛЫ ҮЙДЕ ҚАЗАН АСЫЛМАЙДЫ осыны әр қазақ шынайы өмірде жүзеге асыруы тиіс”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Дәстүрлі айдарымыздың кезекті қонағы – “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы Хамзат Әділбеков оқырман­дарымыздан түскен сауалдарға жауап берді. Соны назар­ла­рыңызға ұсынып отырмыз.

Айнұр ЖАҒЫПАРОВА,

Мамлютка қаласының тұрғы­ны:

– Менің сұрағым қарыз алу және оны қайтару туралы болмақ. Мен студент кезімде, яғни, осыдан 20 жыл бұрын бір кісіден бес мың теңге қарыз алған едім. Ақшадан қысылып жүрген кезіміз ғой. Мен ұмытып кеттім бе, әлде ол кісі сұ­рап мазамды алмады ма, әйтеуір, қарызымды дер кезінде өтемедім. Қасиетті Рамазан айында кімге не берешекпін соның бәрін қайтару­дамын. Әлгі кісінің аты да, жөні де, тіпті қайда тұратыны да есімнен шығып кетіпті. Қарызымнан құ­тылу үшін бес мың теңгені мешітке садақа ретінде берсем бола ма?

– Біздің ата дініміз қарыз алу және қайтару мәселесіне ерекше ыжда­һаттылықпен қарайды. Исламда қа­рыз берудің өзіндік әдептері бар. Бі­ріншіден, қарызды сауабынан үміт ете отырып, жақсы ниетпен беру ке­рек. Өйткені Алла тағаланың “Көркем түрде қарыз беріңдер” (“Муззәммил” сүресі, 20-аят) деген бұйрығы бар. Екіншіден, қарыз бергені үшін мін­детсінбеу маңызды. Бұл туралы “Ба­қара” сүресінің 262-аятында “Мал-дүниелерін Алла жолында жұмсап, кейін бергендеріне міндетсіну және реніш араластырмайтындардың сыйы – олардың Раббысында. Олар­ға қорқыныш жоқ әрі олар қайғырмай­ды” делінген. Үшіншіден, қарызды қай­таруды талап еткенде әдепті әрі жұмсақ болу керек. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): “Сатып алып, сатқан кезде және қарызды беріп, қарызды алған кезде жұмсақ болған адамды Алла Жәннатқа кіргізсін”, – деген.

Сондай-ақ уәделі мерзімінде қа­ры­зын қайтара алмай қалғанға қо­сым­ша уақыт беру де – қарыз беру­шінің әде­біне жатады. Себебі “Бақа­ра” сүре­сінің 280-аятында “Кімде-кім (қарыз­дар кісі) қиын жағдайда болса, онда жеңілдегенше күту (керек). Ал садақа етулерің, егер білсеңдер, өздерің үшін қайырлы”, – деп жа­зылған.

Ал сіздің жағдайыңызда қарызды қай­тару мәселесі басқа. Егер сіз қа­рыз берген кісіні іздеп, таба алма­са­ңыз, мойнымдағы парыз өтелсін де­ген ниетпен мешітке садақа ретінде беруіңізге әбден болады. Өмір бол­ған­дықтан адамдар кейде қарыз алып, кейде шығынға да ұшырап жа­тады. Жалпы қарыз алу мәселесіне жеңіл-желпі қарамаған абзал. Өйт­кені ол – кісінің ақысы. Кісі ақысын жеуді халқымыздың дәстүрі де жақ­тамайды. Қарызды алған немесе бер­ген адам да қанша мөлшерде бер­генін қағазға жазып алуы керек. Сол кез­де екі тарапта да сенбеушілік бол­майды. Күндердің бір күнінде әлгі кісі сізді тауып алып, бес мың теңгемді беріңіз десе, қайтаруға міндеттісіз.

Аслан ОМАРОВ,

Петропавл қаласының

тұрғы­ны:

– “Қадір түнінің” қасиеті жайлы айтып бересіз бе?

– Қасиетті Рамазан айында күллі мұсылман баласына парыз болған Ораза құлшылығының ішінде мың айдан да қадірлі “Қадір түні” бар. Бұл күн биыл сәуірдің 27-нен 28-не қара­ған түнге сәйкес келді. Алла тағала “Қа­дір түнінің” дәрежесін көтерген. Өйткені бұл түнде тілеген дұға-ті­лектер қабыл болады. Раббымыз пендесіне басқа түндерде бермеген ризық-несібесін осы түнде үлестіре­ді. Сол себепті мұсылман қауымы бұл құлшылықты құр жіберіп алмауға тырысады.

Жалпы “Қадір түнінің” қасиеті қан­дай, дегенге тоқталсақ: біріншіден бұл түнде пайғамбарымызға (с.ғ.с) алғашқы Құран аяты түскен. Қасиетті кітаптың “Қадір” сүресінің 1-аятында: “Расында, Біз оны (Құран Кәрімді) “Қадір түні” түсірдік”, – дейді.

Екінші қасиеті – бұл түнді құлшы­лық­пен өткізген пенденің Жарату­шы­сы алдында дәрежесі артады, тіле­ген дұғасы қабыл болады. Бұл туралы үлкен ғұлама Жазайири: “Қа­дір түні – сөзсіз ең жақсы түн! Алла тағала оны берекелі етті. Ол түні Құранды түсіріп, басқа түндерден ерекшеледі. Сон­дай-ақ осы түнді құл­шылықпен өткіз­ген адамға сексен үш жыл ғибадат еткеннің сауабы жазы­лады”, – деген екен.

Үшінші қасиеті – бұл түні адамның тағдыры бекітіледі. Бұл туралы ғұлама ғалым Мужаһит: “Қадір түні – тағдыр түні. Алла тағала бұл түні ке­ле­сі жылғы осы түнге дейін кімнің ажа­лы жететінін, кімге қанша ризық-несібе бөлінетінін, т.б. үкімдерді белгі­лейді”, –деген.

““Қадір түнін” қалай өткізген дұ­рыс?” дегенге тоқталсақ, ислам ғұла­малары бірауыздан төмендегі үкім­дерді дұрыс деп тапқан. Ең әуелі, бұл түнде Алла ризашылығы үшін ғиба­дат жасап, Құран немесе намаз оқып, құлшылық сезімдерімізді арттыруы­мыз керек екен. Одан кейін қадірлі пайғамбарымызға (с.ғ.с) салауат айтып, оның шапағатына үміт етумен қатар үмбеті екенімізді сезініп, Алла елшісінің хадистеріне амал еткен дұрыс деген пайым бар. Сонымен қатар адамды ізгілікке бастайтын уа­ғыз-насихат тыңдап, сұхбаттар құ­рып, күнделікті күйбең тіршілік бары­сында жүрекке түскен кірбіңді жуып-шайып, көңілге ұялаған көмескіліктен арылуға тиістіміз.

Назым ХАМЗИНА,

“Алтын алқа” иегері, Қызылжар ауданының ор­талығы – Бескөл ауылының тұр­ғыны:

– Дін мен дәстүр сабақтастығы туралы ұғым бар. Бірақ кейде біз­дің ата дәстүріміз дінмен сабақ­тас­пай қалып жатады. Мысалы, қара­лы үйде қазан асылмайды деген қанатты сөзді бұрынғы ба­ба­лары­мыз қатты ұстанған. Бү­гін­де, кері­сін­ше, жақынынан айы­рыл­ған жан­дар шығынға белше­сінен батып жатады. Астатөк дастарқан жасай­ды, семіз жылқы сояды. Осыған ты­йым болу үшін сіз­дердің тарап­тарыңыздан қан­дай жұмыстар ат­қарылып жатыр?

– Біздің еліміз Құдайсыз қоғамда өмір сүрген 70 жылға жуық уақыттың ішінде көптеген дәстүрлерінен айы­рылып қалды ғой. “Қаралы үйде қа­зан асылмағаны” ақиқат еді. Қазір мұ­ны елеп жатқан адамдар шамалы. Ке­рісінше, жақынынан айырылып, қай­ғы жұтып отырған үй қарызға бел­ше­сінен батып, ас-ауқат сатып алады. Еттің де тәуірін алу керек. Бұл дұрыс емес. Бауырлас өзбек халқында қа­ралы үйде қазан асылмайтын дәстүр бүгінге дейін сақталып отыр. Ол жақ­та, керісінше, жақыны қайтқан үйге көңіл айту үшін барған адамдарды туыстары, көрші-қолаңы пісіріп әкел­ген аспен тамақтандырады. Бізге де ұмытылған салтымызды жаңғырту керек. Бірақ бұл тек қана мешіттің жұ­мысы емес. Оған қоғам болып атса­лысуымыз керек. Қайсыбір жыл­дары Солтүстік Қазақстан өңірінде дұға, астарда арнайы ас мәзірі қа­былдан­ған болатын. Ет дастарқанға мүше­леп емес, турап әкелінетін болды. Бұл талаптарға жерлестері­міздің еті үйреніп келеді. Туысы о дүниелік бол­ған үйдің әрқайсысына барып, біз қа­зан көтермеңдер деп міндеттей ал­маймыз.

Арман АСЫЛБЕК,

шекарашы:

– Менің сұрағым ауызашардағы ас мәзіріне қатысты болмақ. Ауыз­ашарларға барсақ тойға келгендей күй кешетініміз жалған емес. Мы­надай қымбатшылық заманда бұл дарақылық қой. Мешіт арнайы ас мәзірін бекітті ме?

– Арнайы ауызашар мәзірі жоқ. Бірақ ауызашар дастарқанының да қарапайым болғанын қалаймыз. Ме­шітте атқарылып жатқан ауыза­шар­лардың көбі бір деңгейде ұйым­дас­тырылуда. Яғни, біз дастарқанға па­лау секілді жеңіл-желпі тамақтардың қойылуын қадағалап отырмыз. Таң қараңғысынан кеш батқанға дейін адал астан өзін тыйған мұсылманға бір үзім нан, бір жұтым су беріп бол­сын ауыз аштырғанның сауабы ора­сан зор. Күні бойы ашқұрсақ жүрген адам қазы-қарта, жал-жая жей ал­майды ғой. Сол жағын да ескеруіміз керек. Тағы бір айтпағым, мешіт асха­насынан бөлек, үйде немесе мейрам­ханаларда ауызашар жаса­сам деген адамдар легі аз емес. Біз оларға дас­тарқанға анау тағам түрін қой, мына­ны қойма деп міндеттей алмаймыз.

Аида ЖАНТІЛЕУОВА,

мұғалім, Петропавл

қаласының тұрғыны:

– Соңғы уақытта дін сәнге айна­лып бара жатқандай. Неге десеңіз, бір уәж айта қалсаңыз болды, кей­бір адамдар исламның қағидала­рымен қорқытады. Бұлардың қа­та­рында танымал өнер адамдары да кездеседі. Сіз бұған не дейсіз?

– Халқымызда “Аңқау елге арамза молда” деген мәнді сөз бар. Бұл сөз бүгін де құнын жоймады. Олай де­меске амалымыз жоқ. Қарап отыр­сақ, дәстүрден тыс діни ағымдар тыныш қоғамды іштей іріту үшін діни сауаты жоқ жандар мен жүрегі алып-ұшқан жастардың қолымен от көсеп жат­қандығы өзегіңді өртейді. Алайда діни сауатсыз қандастарымыз бен жаста­рымыз теріс пиғылды топтың өз жұ­мы­сын нақты қандай әрекеттер ар­қылы жүргізетінінен бейхабар әрі дәс­түрден тыс діни ағымдардың бел­гілі бір діни мақсатты көздейтін ұйым екен­дігін де біле бермейді. Ал мұның салдарынан түрлі діни ағымдардың жетегінде кету арқылы отбасын ой­ран­датып, қоғамды шулатып, экстре­мистік, террорлық іс-әрекет жасап, мемлекеттің ішкі қауіпсіздігіне орасан зиян тигізу әрекеті ортаға шығуда. Жал­пы пайғамбарымыздың: “Адам­дарды дінмен сүйіншілеңдер, қор­қыт­паңдар”, – деген хадисі бар. Адам­дардың Аллаға сенгені, адал жү­ріп-тұрғаны, шыншыл болғаны, адам­гершілік қасиеттерін берік ұс­танғаны қуантады, әрине. Бірақ мұн­дай қа­сиет­ті біз, ең алдымен, өзіміз­ден та­лап етуіміз керек. Өзгеге дінді то­лық білмей тұрып, үкім айтуға құқы­ғымыз жоқ. Бір-екі аятты немесе ха­дисті жат­тап алып, ел ішінде “мен білімдімін, сен надансың” дегендей әрекетке ба­рып жүрсек исламды кім құрмет­тейді?

Өмірде әр нәрсенің өз иесі бар. Ал Исламды қорғап, оны ақыретке дейін сақтап тұратын Иесі, сөз жоқ, Алла та­ғала. Алла Исламды жоқтайтын жан­дарға немесе оны насихаттайтын адам­дардың амалына мұқтаж емес. Қазіргі ақпараттың аласапыран уақы­тында адамдар діни қақтығыстар ту­ралы теледидардан көргеніне, діни сауаты жоқ адамдардың сөзіне ереді, соған иланады. Астарына үңіліп, із­де­ніп, саралап, ой жүгіртіп жатпайды. Исламды саяси құрал ретінде пай­даланып, жеке басының немесе топ­тың мүддесін ойлап, асыл дініміздің абыройына нұқсан келтіріп жатқан­дарды Аллаға тапсырамыз.

Самал МҰХАМЕДЖАНОВА,

Абай атындағы қазақ мектеп гим­назиясының мұғалімі:

– Петропавлдағы мешіттерде ба­ла­ларды имандылыққа тәрбие­лей­тін үйірмелер бар ма?

– Бүгінде қаладағы мешіттерде са­уат ашу курстары бар. Онда жүзге тар­та шәкірт білім алып жатыр. Үсті­міз­дегі жылғы 24 сәуірде жасөспі­рімдер арасында Құран жарысы бол­ды. Бас жүлдегерге Умра қажылы­ғына жолда­ма берілді. Жеңімпаз­дар­ға ақшалай сыйлықтар тапсырылды. Бұл шара өңір кәсіпкерлерінің қол­дауымен ұйым­дастырылды.

Сағадат ДУМАНҰЛЫ,

Тимирязев ауданының тұрғыны:

– Жуырда келіншегім мешітке Құран бағыштамақ ниетпен барған еді. Күзетші басыңызда орамалы­ңыз, үстіңізде кең етек көйлегіңіз жоқ деп шығарып жіберіпті. Бұл қаншалықты дұрыс. Имандылық адамның жүрегіне Алланың бұй­рығымен орнамай ма? Діннің әдеп­­терін білмеген қыз-келіншектерді мешіттен қуып шыға берсек, олар Ал­ланың таза жолына қалай тү­седі?

– Жалпы кез келген адам мешітке бас сұғарда қай жерге бара жатқанын біліп, ішкі ниетіне, сыртқы келбетіне на­зар аударуы керек. Мешіт – Алла­ның жердегі үйі. Сондықтан Алланың сөзі сөйленетін, бұйрықтары айтыла­тын киелі орынға біз исламның та­лаптарын сақтай отырып баруымыз керек. Ал күзетшінің болсын, имам­ның болсын ғибадат үйіне келген адамды ауыр сөз айтып, шығарып жіберуіне құқы жоқ.

Дайындаған

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp