«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ЕҢБЕГІҢ МЕН АҚЫЛЫҢ ЕКІ ЖАҚТАП…”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сексен жасында дүниеден озған Кү­лімкөз әжейді біздің ауыл тұрғын­да­ры “бүкір кемпір” деп атап кетті. Мар­құмды көзі тірісінде жол-жөнекей кездестіріп қалсақ немесе дүкеннен екі қолымен зілдей ала сөмкесін көте­ріп, үйіне ілби басып бара жатқанын көрсек аяушылықпен қарайтынбыз. Бір айтарлығы, ақырғы демі шыққан­ша кейуана біздің “Көмектесіп жібе­рейік”, “қиналып жүрген боларсыз, қан­дай қажеттілігіңізді өтейік” деген өтініштерімізге құлақ аспады. “Рақ­мет, құлындарым, әзірге әл-дәрменім бар, ешкімге масыл болғым келмей­ді”, – дейтін бүкірейген белін таянып. Қатерлі ауруға шалдыққанын естіп, көңілін сұрауға барғанда: “Е, Құдай, мені өзіңе ғана мұқтаж күйде алып кетші”, – деп етегін жасқа толтырып отыр екен. Тілегі қабыл болды. Қай­тарында да ешкімге салмақ салмады. Үнемі мұнтаздай тап-таза болып, жиналып тұратын төсегінде бүкірейіп отырған күйде кете барыпты. Біздің қалаға көшіп кеткенімізге он жылға жуықтағанымен бір тыным таппайтын әжейдің келбеті көз алдымызда жат­талып қалыпты. Ауылдағылар ол кісі­нің жан баласына масыл болмаған­дығын, өз мұқтажын шамасы жет­кенше, адал маңдай терімен өтегінін бүгінге дейін айтып жүреді.

Мен марқұм “бүкір кемпірдің” оиға­сын бекер тіліме тиек етіп отырған жоқпын. Өйткені айналамызда он екі мүшесі сау бола тұра сол “бүкір әжей” атқарған жұмысты тындыра алмай, отбасына ғана емес, қоғамға масыл болып отырған адамдар аз емес. Мұ­ны Президентіміздің өзі қатаң сынға алып отыр. Мемлекет басшысы ма­сыл­дық пен жалқаулық елдің ерте­ңі­не балта шабатынын айта келе: “Мұн­дай жағымсыз өмір салты ұрпақ тәр­биесіне, қазірдің өзінде кері әсер ете бастады. Сондықтан бізге түбегейлі өзгеріс керек. Заң да, қоғам да, адам­дардың сана-сезімі де өзгеруге тиіс”, – деген болатын. Дөп айтылған. Бір өкініштісі, өзгерісті өзінен, отбасынан, ай­наласынан бастайтындардың қа­та­ры некен-саяқ.

Облыс орталығындағы Жұмысшы кентінде тұрып жатқаныма он жылға жуықтады. Кент тұрғындарының көбін жақсы танимын десем қателеспеген болармын. Қазір көршілеріміздің көбі бірге туған ағайындарымыздай бо­лып кеткен. Біздің көшеден бірнеше аялдама алыс тұратын жандардың да тіршілік-тұрмысынан хабардар­мыз. Сондағы аңғаратыным, бізде мұқ­таждықтан гөрі масылдық басым сияқты. Неге десеңіз, сөзімнің рас­ты­ғына көз жеткізетін мысалдарды күн сайын айналамнан байқап қаламын. Мәселен, біздің үйімізге жапсарлас ор­наласқан көшеде жастары сексен­нің сеңгіріне жеткен кемпір мен шал тұр­ды. Олардың о дүниелік болғандары­на да көп уақыт өте қойған жоқ. Әке- ше­шелері өмірден озғаннан кейін теп­се темір үзетін қос ұлы ішімдікке са­лынып, ақыр соңында зәулім үйлері­нен айырылып, қазір қайыршылық­тың кебін киіп жүр. Ал оң жақ бетте тұ­ратын Есіловтер (өзгертілді) отбасы­ның да жағдайы мәз емес. Қол-аяғы балғадай отағасының есік алдына шығып, іс тындырмақ түгіл шөптің ба­сын қимылдатқанын көрген емеспіз. Төрт бірдей баласы бар. Қазір үкімет­тен берілетін жәрдемақымен ғана күнелтуде. Айта берсең, мұндай мы­салдар жетіп артылады. Соған сәйкес жоқтан бар жасап, қолындағыны ұқ­сатып отырғандар да аз емес. Тараз қаласынан көшіп келгендеріне небәрі екі жыл болған Серіковтер отбасы осы уақыт ішінде жаңа үй салып ал­ды, қазір біреуден кейін, біреуден іл­гері тұрмыс кешуде. Олардың табыс­тары мол деп айта алмаймыз. Келін­шегі балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істейді, жұбайының жоғары бі­лімі жоқ. Іске икемі болғандықтан ебін тауып құрылыс бригадасын құрған. Қаладағы жаңадан салынып жатқан үйлердің ішкі әрлеу жұмыстарын жүр­гізеді. Одан өзге қыс уақытында ха­барландырулар бойынша сантехни­ка­лық қызмет көрсетеді. Карантин уа­қытында үйіне екі сөмке азық-түлік әкелген еріктілерді отағасы кері қай­тарып жіберіпті. Естіп, іштей риза бо­лып қалдым.

Қазір мемлекет тарапынан іс қы­ла­мын дегендерді қолдау мүмкіндіктері көптеп қарастырылған. Тұрақты жұ­мысы жоқ адамдар кәсіп бастаймын десе, оларға бір миллионнан астам теңге қаражат берілуде. Аз ақша емес қой. Теңге тиыннан құралады. Сол тегін берілетін қаржыны іске жарату – талабы мен талпынысы бар адамның қолындағы шаруа. Құс, қой сатып ал да, көбейт, өнімін ерінбей жүріп саудала! Адамның адал еңбек етемін деген талпынысы болса, нәпақа бес саусағыңа ілікпей қоймайды екен.

Мен Өзбекстаннан атажұртқа осы­дан 32 жыл бұрын көшіп келгенмін. Басымызда баспана да, қолымызда көк тиын да болмады. Әйтеуір, туған жердің төскейіндеміз ғой, еңбек етсек деген талпыныс қана бізді алға же­теледі. Базарлардың бірінен дүңгір­шек ашып, көкөніс сатумен айналыс­тым. Заманның қиын кезі. Ақша қат. Бірақ мен болашағымның жарқын бо­ла­тынына сендім. Сенімім алдама­ды. Ақылым мен еңбегім екі жақтап, тоқсаныншы жылдардағы тоқырау­дан да аман алып шықты. Бүгінде, Құ­дайға шүкір, біреуден ілгері, енді бе­ру­ден кейін ғұмыр кешіп жатырмын. Балаларымның барлығы шетелде білім алды.

Баяғы заманда өмір сүрген ата-бабаларымыз ұрпағына “біреудің ала жібін аттама”, “қамшың жерге түсіп кет­се, атыңнан түсіп өзің ал” деп өсиет еткен екен. Темірдей тәртіп сол ке­зеңде өмір сүргендерді шымыр­лық­қа үйретті: олар кісі алдына барып, алақан жайғанды ар санады. Жалпы мен түгел қазақ ұлы масыл деген ой­дан аулақпын. “Алуан-алуан адам бар” дегендей, соңғы уақытта масыл­дық пен мұқтаждықтың аражігін ажы­рата алмайтындардың қатары кө­бейгеніне налисың. Жалпы біздің бо­йы­мызға осындай келеңсіздік, жаман қасиет тоқсаныншы жылдары сіңді ме деймін. Қауқарсыздық апшыны қуы­рып ала жөнелгенде, кең дүниенің тарылып кетуі аяқ астынан екен. Сол уақытта тағдырдың салғаны деп, сәл қиындыққа мойып, мойнын төмен салбыратып, сағы сынып салбырап, дәрменсіз күй кешуге көндігіп алған­дары қаншама?

Қазіргі қолындағысына қанағаттан­бай, тегін дүниені қалтасына басып қалуды ғана ойлайтындар сол жыл­дар­дағы қиындықты көзімен көріп, көңілімен сезінгендер деп ойлаймын. Не керектің бәрі табылатын бүгінгідей бейбіт заманда адамды асқар шыңға бір ғана қасиет шығарады емес пе, ол – масылдық психологияның құлына айналмау. Сонда ғана қоғамда үкі­меттен мүмкіндігі шектеулілерге бе­рілетін тиын-тебенді қызғанбайтын, өзгенің көмегін күтіп, содан дәмеленіп тұруды намыс көретін, бала шағасы­ның аузына адалынан нәпақа сала­тын адамдар саны молаятын еді. Қан­дай да бір тосын кедергілерді кер­деңдей аттап, есесін жібермейтін, ең­сесін әманда биік ұстайтын, “еңбек – бәрін де жеңбек” деп, өзінің талпы­ны­сына тағаттана бойұсына білетін тал­ғампаз, тегеурінді жандардың алды­нан ақ жол жатады екен тарамданып. Оны өмірдің өзі түсіндіріп отыр. Мұн­дай жан­дар­дың абыройы асқақ, бе­делі зор, көңілі көтеріңкі. Кеудемсоқ емес, кішіпейіл. Біздің елімізде, өңі­рімізде тұратын әр адам осындай бол­са, қанекей!

Аруана БАҚТЫГЕРЕЙ,

жеке кәсіпкер.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp