Отбасындағы ең әлсіз әрі нәзік тұс – ене мен келін қарым-қатынасы. Екеуі де маңызды әрі қымбат тұлға: ене – отағасын дүниеге әкеліп, жеткізген жан, келін – жігіттің аманаты, балалардың анасы. Үш тарап үшін де ең көркем амал – отбасындағы татулық пен мамыражайлықты ұстап тұру. Алайда бұл мүмкін бола бермейтін жағдайға айналып бара жатқаны ащы шындық.
Ерегісте өмір сүріп жүрген ене мен келін жоқ емес, бар. Бір үйге сыйыса алмай ма, бір ас үйді бөлісе алмай ма, басқа бір себеп пе? Әйтеуір, үйдің берекесін келтіріп отыруға тиіс екі кісі тіл табыса алмай, керісінше берекені қашырып жүреді. Кейбіреулері келіспеушіліктерін жасырып-жабуға тырысса, енді біреулерде ашық та жария соғыс секілді. Сол себептен көптеген келін-бала бөлек шығып жатыр.
Бұл жағдайдың отбасына тигізер кері әсері көп. Бірінің алдында перзенттік, екіншісінің алдында жұбайлық парызы бар. Анасы мен жарының жарастықта өмір сүре алмауы, ең алдымен, күйеулерді есінен тандырады. Көбіне күйеулер “не істесеңдер де, өздерің біліңдер, мені араластырмаңдар” деп, “соқыр, мылқау, танымас тірі жан” образына кіреді. Бірақ бұл әдіс барлық жағдайда бірдей дұрыс бола бермейді.
Қартайғанда адам бала болады дегенді естуіңіз бар болар? Рас тұжырым. Ата-аналар жасы ұлғайған сайын ұл-қызынан бұрынғыға қарағанда көбірек қамқорлық күтетіні, көңіл бөлгенін қалайтыны ақиқат. Сондықтан анаңыз даусын қатты шығарып, келінге қатқыл сөйлесе, бұл өзіне назар аудартқысы келгеннен болуы әбден мүмкін. Бұған көніп, бар уақытын, күшін ата-ананың батасын алуға арнайтын келіндер бар. Ал енді біреулер ата-ененің айтқанымен жүргісі келмейді. Жас кезінде өмірдің қызығын көргісі келеді. Немесе бойда қуаты барда жұмыс істеп, табыс табуға ұмтылады.
Жігіттің таңдаған жары оның анасына ұнамаса, немесе келіні енесімен тіл табыса алмаса бөлек тұрғандары дұрыс, әрине. Ал келінді тәрбиелеймін, өзімді сыйлатамын деген бекер әуре. Өйткені туғаннан тәрбиесі бөлек біреудің баласын қалай өзгертуге болады? Келін мен ененің әңгімесі жараспаса, ең дұрысы – алыстан сыйласу. Сонда “құда да тыныш, құдағи да тыныш” демекші, ене де жақсы, келін де келсап болмайды.
Әрине, өмір болған соң жағдай да түрліше, адамдар да сан алуан. Сондықтан да өмірді сүрудің, отбасы болудың айқын формуласы жоқ. Әркім өзі үшін дұрыс шешім қабылдайды.
Негізінде, қазақтың дәстүрлі отбасында ене мен келін арасындағы қарым-қатынаста ешқандай қиындық болған емес. Халқымызда жер дауы, жесір дауы, құн дауы, мал және ар дауы дегендер болды, алайда ене мен келін дауы дегенді естімедік. Ене мен келінге Төле би төрелік айтып, Қазыбек би қиындықты шешіпті деген дерек жоқ.
Екі арадағы келіспеушіліктер туралы ешбір шешендік сөз, мақал-мәтел кездеспейді. Ене мен келін институты ықылым замандардан ұрпақ сабақтастығы арқылы жетіп отырған.
“Ерлі-зайыптылардың арасына есі кеткен түседі” демекші, жалпы ерлі-зайыптылардың арасындағы келіспеушіліктерге үнемі араласа беруіміз дұрыс емес-ау. Өз басым “Келін өз орнын білуі керек” дегенмен мүлдем келіспеймін. Ол да біреудің мәпелеп өсірген қызы. Келінге алдымен ене үлгі болуы қажет. Келінді тәрбиелейтін біз ғой, енелер. Олардың жаңа отбасыға сіңісіп кетуіне бірнеше жыл керек. Осы жылдар ішінде ене жылы қабақ танытуы шарт деп ойлаймын. Білмеймін, әркімнің жағдайы әртүрлі. Дегенмен, отбасында кикілжің туып жатса, ұлымызды емес, келінді қорғаштауға тырысайық. Іштен шыққандықтан, ана мен баланың арасы көп ұзамай жарасады, екеуінің бір-біріне деген мейірімдері оңайлықпен сөне қоймайды. Алайда ене мен келіннің, келін мен баланың арасындағы суықтықты жылыту, алшақтықтың орнын толтыру оңай шаруа емес. Керісінше, келіннің көзінше баласына: “Өзіңнен де бәле бар! Нең бар еді соны айтып?!” деген сияқты жеку сөздер айтып қойсақ, артық болмайды.
Енелер өздерін баласы мен келіннің арасындағы жарастырушы “алтын көпір” екенін ұмытпағаны абзал. Келін тарапынан болған қателіктерді, келеңсіздіктерді, кемшіліктерді баламыздан жасырып қалуға ұмтылайық. Бір-бірінің “жамандығын жасырып, жақсылығын асырып” жүрген ене мен келіннің қатынасы қандай көркем?! Мұндайда ешбір адамның мінсіз болмайтындығын еске алуға болады. Тіпті екі адамды татуластыру үшін өтірік айтсақ ағаттық емес екен.
Екінші жағынан, енелер: “пәленшенің келіні былай жасайды екен, түгеншенің келіні бір керемет қой”, ал келіндер: “құрбымның енесі мынадай, әпкемнің енесі ғажап” деп өзгелерді бір-бірінің көзінше мақтап, мысын басып, титығына тиюі дұрыс емес шығар? Біз идеал санаған келіннің немесе ененің өз шаңырағына ғана белгілі кемшіліктері бар. Одан да мүмкіндігімізді пайдаланып, өзгелер сүйсінетін, өзгелерге үлгі болатын ене мен келінге айналуға әбден болады. Ол үшін өзгенің міндетін талап етпес бұрын, өз міндеттерімізді атқаруды қолға алу керек-ақ.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, келіндердің енесіне жасаған әр әрекеті – өзінің енелік өмірінің кірпіші. Көркем мінезді келінге қол жеткізгісі келген әйел өз енесіне қолынан келген құрметті аямау керектігін түсінсе игі.
Ене мен келін тату болса, бір шаңырақ астында тұрғандары абзал. “Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп” деген қанатты сөз бекер айтылмаған. Ынтымақ-бірлікке, татулыққа шақырған осы сөз өз мәнін әлі күнге жоғалтпады, жоғалтпайды да. Тек арзан дүние үшін араздасып, қымбатыңды жоғалтуға болмайтынын қариялар жастар бойына ерте жастан сіңірсе, ертеңіміздің еңселі болары анық.
Қаламқас ЖАМАНБАЕВА,
зейнеткер.