«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КЕЛІНІ ЖАҚСЫНЫҢ КЕРЕГЕСІ АЛТЫН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Отбасындағы ең әлсіз әрі нәзік тұс – ене мен келін қарым-қатынасы. Екеуі де маңызды әрі қымбат тұлға: ене – отағасын дүниеге әкеліп, жеткізген жан, келін – жігіттің аманаты, балалардың анасы. Үш тарап үшін де ең көркем амал – отбасындағы татулық пен мамыражайлықты ұстап тұру. Алайда бұл мүмкін бола бермейтін жағдайға айналып бара жатқаны ащы шындық.

Ерегісте өмір сүріп жүрген ене мен келін жоқ емес, бар. Бір үйге сыйыса алмай ма, бір ас үйді бөлісе ал­май ма, басқа бір себеп пе? Әйтеуір, үйдің берекесін келтіріп отыруға тиіс екі кісі тіл табыса алмай, керісінше берекені қашырып жүреді. Кейбіреу­лері келіспеушіліктерін жасырып-жа­буға тырысса, енді біреулерде ашық та жария соғыс секілді. Сол себептен көптеген келін-бала бөлек шығып жатыр.

Бұл жағдайдың отбасына тигізер кері әсері көп. Бірінің алдында пер­зенттік, екіншісінің алдында жұбай­лық парызы бар. Анасы мен жары­ның жарастықта өмір сүре алмауы, ең алдымен, күйеулерді есінен тан­дырады. Көбіне күйеулер “не істе­сеңдер де, өздерің біліңдер, мені ара­ластырмаңдар” деп, “соқыр, мылқау, танымас тірі жан” образына кіреді. Бірақ бұл әдіс барлық жағдайда бірдей дұрыс бола бермейді.

Қартайғанда адам бала болады дегенді естуіңіз бар болар? Рас тұжырым. Ата-аналар жасы ұлғайған сайын ұл-қызынан бұрынғыға қара­ғанда көбірек қамқорлық күтетіні, кө­ңіл бөлгенін қалайтыны ақиқат. Сон­дықтан анаңыз даусын қатты шыға­рып, келінге қатқыл сөйлесе, бұл өзіне назар аудартқысы келгеннен болуы әбден мүмкін. Бұған көніп, бар уақытын, күшін ата-ананың батасын алуға арнайтын келіндер бар. Ал ен­ді біреулер ата-ененің айтқанымен жүргісі келмейді. Жас кезінде өмірдің қызығын көргісі келеді. Немесе бой­да қуаты барда жұмыс істеп, табыс табуға ұмтылады.

Жігіттің таңдаған жары оның ана­сына ұнамаса, немесе келіні енесі­мен тіл табыса алмаса бөлек тұрған­дары дұрыс, әрине. Ал келінді тәр­бие­леймін, өзімді сыйлатамын деген бекер әуре. Өйткені туғаннан тәр­биесі бөлек біреудің баласын қалай өзгертуге болады? Келін мен ененің әңгімесі жараспаса, ең дұрысы – алыстан сыйласу. Сонда “құда да ты­ныш, құдағи да тыныш” демекші, ене де жақсы, келін де келсап бол­майды.

Әрине, өмір болған соң жағдай да түрліше, адамдар да сан алуан. Сон­дықтан да өмірді сүрудің, отбасы бо­лудың айқын формуласы жоқ. Әркім өзі үшін дұрыс шешім қабылдайды.

Негізінде, қазақтың дәстүрлі отба­сын­да ене мен келін арасындағы қа­рым-қатынаста ешқандай қиындық болған емес. Халқымызда жер дауы, жесір дауы, құн дауы, мал және ар дауы дегендер болды, алайда ене мен келін дауы дегенді естімедік. Ене мен келінге Төле би төрелік айтып, Қа­зыбек би қиындықты шешіпті де­ген дерек жоқ.

Екі арадағы келіспеушіліктер ту­ра­лы ешбір шешендік сөз, мақал-мә­тел кездеспейді. Ене мен келін инс­титуты ықылым замандардан ұрпақ сабақтастығы арқылы жетіп отырған.

“Ерлі-зайыптылардың арасына есі кеткен түседі” демекші, жалпы ер­лі-зайыптылардың арасындағы ке­ліс­пеушіліктерге үнемі араласа бе­руі­міз дұрыс емес-ау. Өз басым “Ке­лін өз орнын білуі керек” дегенмен мүлдем келіспеймін. Ол да біреудің мәпелеп өсірген қызы. Келінге алды­мен ене үлгі болуы қажет. Келінді тәр­биелейтін біз ғой, енелер. Олардың жаңа отбасыға сіңісіп кетуіне бірне­ше жыл керек. Осы жылдар ішінде ене жылы қабақ танытуы шарт деп ойлаймын. Білмеймін, әркімнің жағ­дайы әртүрлі. Дегенмен, отбасында кикілжің туып жатса, ұлымызды емес, келінді қорғаштауға тырыса­йық. Іштен шыққандықтан, ана мен ба­ланың арасы көп ұзамай жараса­ды, екеуінің бір-біріне деген мейірім­дері оңайлықпен сөне қоймайды. Алайда ене мен келіннің, келін мен баланың арасындағы суықтықты жы­лыту, алшақтықтың орнын толтыру оңай шаруа емес. Керісінше, келіннің көзінше баласына: “Өзіңнен де бәле бар! Нең бар еді соны айтып?!” деген сияқты жеку сөздер айтып қойсақ, артық болмайды.

Енелер өздерін баласы мен келін­нің арасындағы жарастырушы “ал­тын көпір” екенін ұмытпағаны абзал. Келін тарапынан болған қателік­тер­ді, келеңсіздіктерді, кемшіліктерді ба­ламыздан жасырып қалуға ұмты­ла­йық. Бір-бірінің “жамандығын жасы­рып, жақсылығын асырып” жүрген ене мен келіннің қатынасы қандай көркем?! Мұндайда ешбір адамның мінсіз болмайтындығын еске алуға болады. Тіпті екі адамды татулас­тыру үшін өтірік айтсақ ағаттық емес екен.

Екінші жағынан, енелер: “пәлен­ше­нің келіні былай жасайды екен, түгеншенің келіні бір керемет қой”, ал келіндер: “құрбымның енесі мына­дай, әпкемнің енесі ғажап” деп өзге­лерді бір-бірінің көзінше мақтап, мы­сын басып, титығына тиюі дұрыс емес шығар? Біз идеал санаған ке­ліннің немесе ененің өз шаңырағына ғана белгілі кемшіліктері бар. Одан да мүмкіндігімізді пайдаланып, өзге­лер сүйсінетін, өзгелерге үлгі бола­тын ене мен келінге айналуға әбден болады. Ол үшін өзгенің міндетін талап етпес бұрын, өз міндеттері­мізді атқаруды қолға алу керек-ақ.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, келіндердің енесіне жасаған әр әрекеті – өзінің енелік өмірінің кірпіші. Көркем мінезді келінге қол жеткізгісі келген әйел өз енесіне қолынан келген құрметті аямау керектігін түсінсе игі.

Ене мен келін тату болса, бір ша­ңырақ астында тұрғандары абзал. “Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп” деген қанатты сөз бе­кер айтылмаған. Ынтымақ-бірлікке, татулыққа шақырған осы сөз өз мәнін әлі күнге жоғалтпады, жоғалт­пайды да. Тек арзан дүние үшін араз­дасып, қымбатыңды жоғалтуға бол­майтынын қариялар жастар бойына ерте жастан сіңірсе, ертеңіміздің еңселі болары анық.

Қаламқас ЖАМАНБАЕВА,

зейнеткер.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp