«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ұстаздықтан – кәсіпкерлікке

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Оқушылар сарайында кезінде бі­лімді ұстаз, білікті ұйымдастырушы ре­тінде танылып, бүгінде кәсіпкерліктің қыр-сырын терең игеріп, бұл бағытта да өз ісін дөңгелетіп жүрген Балдырған Ілиясовтың зейнет жасқа толуына байланысты ұйымдастырылған кеш әдеттегі қалыптасқан таптаурын жағдайдан өзгеше өтті. Олай дейтініміз, мұндай құрмет негізінен 70, 80 сияқты кемел жасқа жеткендер үшін көрсетіліп жататынына етіміз үйреніп кеткендіктен, бұл шара кейбіреулерге то­сын әсер еткендей болды.

Өз басым Балдырған Ілиясовты бір кісідей білемін. Журналистік іссапарларымның бірінде Балуан ауылы­на жолым түскенде танысқан едім. Оның әр сабақты халықтық педагогикамен үйлестіре білетін ізденістері мен тырнақалды тәжірибесі білсем, үй­ренсем деген құштарлығы сүйсінткен болатын. Кейін тағдыр бізді егемен­діктің елең-алаң шағында төрге оза алмай тұрған ана тіліміздің толғақты мәселелері бойынша жолықтырды. Осы кезде қыж-қыж қайнаған саясат сахнасында жүрген ұлтжанды ағаларының соңынан еріп, қолдаушысына, қолғанатына айналды. Қаладағы тұң­ғыш ұлттық мектеп ашылған кезде директордың орынбасарлығына таңдаудың оған түсуі кездейсоқ емес. Бұл кезде оң мен солын әбден танып, кәсіби шеберлігі толысып, шыңдалған, қай салаға жұмсаса да, еңсеріп жұмыс істей білетін қарым-қабілетті азамат дәрежесіне көтерілген еді.

Ол өзіне көрсетілген сенім үдесі­нен көрініп, кейін №42 орыс мектебіне жетекшілікке жіберілді. Мұнда да жақ­сы қырынан танылып, 2007 жылы ең­селі, барлық оқу талаптарына жауап беретін 1100 орынды қазақ мектебі пайдалануға берілгенде таңдау тағы да Балдырғанға түсті. Ол ұстаздықтан кәсіпкерлікке ауысқанда бұл қадамын қолдаушылардан гөрі күмәнмен қарағандардың қатары қалың болды.

Ол шағын және орта бизнес субъектілерін қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларға қатыса отырып, діттеген межеден көріне біл­ді. Балабақшалардағы орын тапшы­лығын шешуге өз үлесін қосуды мақ­сат етіп, нәтижесінде “Баларман” атты мектепке дейінгі бүлдіршіндер меке­месі бой көтерді. Бүгінде балабақ­шалардың саны үшеуге жетіп, онда 300 балақай тәлім-тәрбие алады. 80 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.

Салтанатты жиында еңбек арда­гері Әдия Ысқақова, “Қызылжар-Ақпарат” ЖШС-ның директоры Жарасбай Сүлейменов, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Татьяна Протопопова сөз сөйлеп, ізгі тілектерін білдірді. Облыстық кәсіп­керлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Дархан Әмрин облыс әкімінің Құрмет грамотасын табыс етті.

Игі шара өнер колледжінің ұстаздары мен студенттерінен құралған өнерпаздардың концертіне ұласты.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp