«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

Ұстаз

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бәкеңмен (Балғожа Кенжеқозыұлымен) көзі тірісінде көп араластым дей алмаймын. Бірақ бір кісідей білетінім анық. Жүрегінде ізгіліктің шамы лапылдаған бекзат жан еді. Кескін-келбеті, жүріс-тұрысы бөлектін. Сөзі сары алтындай салмақты болатын. Арамыздан кеткелі де едәуір уақыт өтті. Ұмытқан жоқпыз. Ойға жиі оралады. Сірә да “тау алыстаған сайын биіктей береді” деген сөздер бекерге айтылмаған болуы керек. Сондай бір сәттерде кезінде өзім куә болған көп жайлар жадымда жаңғырып, ерекше бір сезімге бөленетініміз бар.

Бұл жалғанға кімдер келіп, кімдер кетпеген?! Бәкеңді сол көптің бірі болды деуге қимаймын. Шын мәнін­де, ол болмысы бөлек жан болатын. Нағыз тұлға еді. Бертінге дейін шалғайдағы ауылда ғұмыр кешкен қазақтың қара шалы сол биікке қалай көтерілді? Әрине, бұл сауалға жауап іздеген адам, ең алдымен, Бәкеңнің өмір жолын шарлайды, басқан ізіне үңіледі. Кім болса да көп жайға қа­нығары күмәнсіз. Өйткені қарша­дайы­нан еңбекке араласқан, ел ба­сына қауіп-қатер төнгенде қолына қару алып, Отан-Анасын жау шең­гелінен қорғауға аттанған, майдан даласында тағдыры жалғыз оққа байлана жаздап қансыраған, сонда да жігері жасымаған қайсар жанның өмірі тағылымды – құлашты кең сіл­теп көсілсек, тарқатып жазсақ, том-том кітапқа арқау болғандай.

Өнегелі өмірімен жүрген-тұрған ортасын нұрландырған, отбасын шуаққа бөлеген Балғожа Кенжеғозы­ұлы ғибратты ғұмыр кешті, ел ара­сында беделді болды. Ол кісінің ал­дында бала-шағасы, ағайын-туғандары ғана емес, аралас-құралас бол­ғандардың бәрі қоғадай иіліп тұра­тын. Алла тағала мұндай бақытты сүйген құлына, басқалардан қасиеті асқан пендесіне ғана сыйлайды десек, Бәкеңді ел құрметіне бөлеген, абырой билігіне өрлеткен, ең алды­мен, қарапайымдылығы дер едім. Ол кісі болдым-толдым деп асып-тасуды білмейтін. Ішкі мәдениеті өте жоғары адам болды. Үлкенге де, кішіге де “сіз” деп сөйлейтін. Жүрек жылуының молдығы соншалық, кез келген адамды ерекше бір мейірім шуағына бөлеп, бірден баурап ала­тын. Әсіресе ол кісінің балаларына деген сезімі ерекше еді. Бәрін ойлап, бәрін іздеп отыратын. Әр сөзінен, қимылынан тәртіпті, адалдықты сү­йетіні сезілетін.

Мен өзім қариямен күйеу баласы Сайын Есенғұлов арқылы таныстым. Әскер қатарынан оралғаннан кейін “Ленин туы” (қазіргі”Soltüstık Qazaq­stan) газетіне қызметке орналасып, журналистік қадамымды жаңа-жаңа бастаған кезім. Редакция табалды­ры­ғын менен төрт-бес ай бұрын атта­ған Шашубай Малдыбаевпен бір бөл­меде отырамыз. Шашубай екеуміз – бір мектептің бір жылғы түлегіміз. Бір­де ол кабинетке ұзын бойлы, қара то­ры өңді, талдырмаштау келген жігітті ертіп келді. Сайын Есенғұлов деп таныстырды. Сайынның БЛКЖО-ның Мәскеудегі жоғары мек­тебін тамам­дап оралған беті екен. Ол облыстық халықтық бақылау ко­митетіне инс­пек­тор болып орналас­ты. Кешікпей Сайын мен ортаншы қызы Роза ша­ңырақ құрды. Сайын екеуміз қызмет барысында кездесіп жүрдік, кейін отбасымызбен араласа бастадық.

Осылай күндер өтіп жатты. Са­йынның өз әке-шешесі де, ата-енесі де ақжарқын, қонақжай адамдар бо­лып шықты. Той-томалақ болса, бізді де қалдырмайды. Сайынға еріп бей­мезгіл барып қалсақ та, жылы қабақ танытып, қолда барларын алдымыз­ға тосады. Оның үстіне Бә­кең әңгі­меге байытады. Журналист боламын деп жүрген адамға керегі де осы ғой, орайы келгенде өзіміз де Бәкеңді айналшықтап шықпайтын бол­дық. Сөйтіп жүріп Бәкеңнің ес­теліктері негізінде бірнеше мақала жаздым.

Бәкең ескі әңгімелерді көп білуші еді. Өзі де көңілге оралған көрікті ойларды қағазға түсіріп жүреді екен. Бертін солардың біразы газетте жарияланды.

Бәкеңнің кісі қызығарлық тағы бір қасиеті сергектігі еді. Ол кісі жасы біразға келіп қалса да, “қартайдық”, “шар­шадық” деген сөздерді аузына алмайтын, болашаққа үмітпен қарай­тын, балаларын ұдайы жақсылыққа жетелеп отыратын. Балалары де­мек­ші, ол кісінің үлкен құндылығы сол ұрпағына берген тәрбиесі деу орынды. Солардың әр қадамын қа­дағалап отыратын. Қазақ радиосы­ның Солтүстік Қазақстан облысы бойынша меншікті тілшісі болып жүр­генде “Севказглавснаб” деп атала­тын үлкен ұжымды басқаратын Ро­задан сұхбат алдым. Мектепте, инс­титутта орысша оқыған Роза қазақша сөйлеуге қиналса да, біраз жайды қозғады. Бәкең сол әңгімені бастан-аяқ тыңдапты. Кейін бір кездескенде: “Туған тілге ештеңе жетпейді ғой”, – деп қалды. Сірә, бұл ана сүтімен да­рыған тілдеріңді үйреніңдер дегенді астарлап жеткізгені болар деп топ­шыладым. Жалпы ол кісі не нәрсеге болсын өзінің көзқарасын білдіруге асықпайтын. Тоқтамды сөзін ойла­нып барып бір-ақ айтатын.

Тізе берсек, ол кісінің жақсы істері таусылмайды. Тоқсан ауыз сөзді түйіндер болсақ, ол кісі тұтас бір қа­уымға ұстаз, ұстаз деймін-ау, мектеп болды. Өзін қоршағандардың бәріне қалай өмір сүрудің үлгісін көрсетті. Оны ел құрметіне бөлеген де осы қасиеттері деп ойлаймын. Ол бәріміз үшін ұстаз болды.

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp