«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Алтын діңгек

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстан халқының бірлігі күнін бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан түрлі этнос өкілдері жылда жоғары көңіл күймен қарсы алады. Бұл күні татулық, бауырластық, достық, өзара түсіністік сияқты басты құндылықтарымыз барынша дәріптеліп, берекенің бастауы – бірлікте екені әр жүрекке шуақ болып құйылады. Солтүстікқазақстандықтар үшін де бұл мейрамның орны бөлек. Мереке қарсаңындағы іс-шаралар соны айғақтайды.

Петропавл қаласындағы №17 ұлттық өркендеу мектебінің республикада баламасы жоқ. Мұнда жиырмадан астам этнос өкілдерінің балалары білім алады. Тоғыз ұлттық бөлім бар. Бір шаңырақ астына жиналған түрлі этностардың тілі басқа болғанмен тілегі бір, жүзі басқа болғанмен жүрегі бір. Бәрі де Тәуелсіз Қазақстанды өз Отаны санайды, құрметтейді. Патриотизм, толеранттылық, сыйластық – олар үшін басты ұстаным. Мереке қарсаңында ұйымдастырылған игі шараға мектеп оқушылары мен ата-аналар тыңғылықты дайындалды. Қонақтардың алдында тамылжыта ән шырқап, мың бұрала би билеп, ұлттық тағамдарынан дәм татырды. Сахналық көріністер мен салт-дәстүрлер көрмесі кеш ажарын аша түсті.

Мектеп алаңында жәрмеңке, спорт ойындары өтсе, екінші шетінде бауырсақ, бәліш пісіріліп жатты. Ақ самауырдың шайын ішкендердің маңдайы жіпсіп, коронавирустық індеттен кейін алғаш рет қауыша көріскендеріне риза. “Достық” атты бір шаңырақ астына шоғырланған ұлттық-мәдени орталықтардың өкілдері де мерекеге ортақтасып, ыстық тілектерін жеткізді.

– 1995 жылы наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылып, оның маңайына топтасқан этномәдени бірлестіктер ортақ үйіміздің шаңырағы биік, керегесі кең болуына зор үлес қосып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында шынайы достықтың темір қазығы, алтын діңгегі – ішкі саяси тұрақтылықты сақтау екенін айтып, ұлтаралық қатынастарды реттеудің тиімді тетіктерін белгілеп берді. Бөліп-жаратын ештеңеміз жоқ. Рухани, мәдени құндылықтарға құрметпен қарау, жалпы халықтық идеалдар мен қасиеттерді қалыптастыру, мақтан тұту – басты борышымыз болуы керек, – дейді №17 ұлттық өркендеу мектеп кешенінің директоры Ләззат Жолмұқанова.

Мереке алдындағы игі шаралардың бірі М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде “Халық бірлігі – мемлекеттің мызғымас негізі және азаматтардың әл-ауқаты” деген тақырыппен өтті. Жиын барысында арнайы шақырылған жергілікті этномәдени ұйымдарының өкілдері өз ұлтының әдет-ғұрыптары, салт-дәстүрлері, мәдениеті жайлы кеңінен әңгімелеп берді. Тағылымды басқосуды ұрпақтар арасындағы жарастық, сабақтастық десек те болады. Себебі ең үлкен қатысушының жасы 90-ды еңсерсе, ең кішісі 8 жастағы балақай болды.

Осында сегіз жыл бұрын құрылған “Қазақстан халқы ассамблеясы” кафедрасының жетекшісі Людмила Гривеннаяның айтуынша, іс-шараның басты мақсаты – ұлтаралық татулықты нығайту. Университетте 40-қа жуық этнос өкілі білім алады. Ұлттық ерекшеліктерге қарамастан барлық азаматтардың құқығы мен еркіндігі толық қамтамасыз етілген. Еліміздің мызғымас бірлігін нығайтуға бағытталған мол тәжірибе қалыптасқан. Этносаралық проблемаларды шешудің қазақстандық тәжірибесі бүгінде өзге елдерге үлгі болып отыр. Қазақстан халқының бірлігін нығайту, жастарды достық пен ынтымақтастықта өмір сүруге тәрбиелеу үрдісі жалғаса бермек.

Динара ЕЛЕУОВА,

“Қоғамдық келісім” ММК-ның баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp