«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУРУДЫ ЕРТЕ АНЫҚТАЙДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавлдағы №3 қалалық көпсалалы ауруханада жаңа компьютерлік томография іске қосылды. Емдеу мекемесін аралап көрген облыс әкімі Құмар Ақсақалов сырқаттарды диагностикалауда құрылғының маңыздылығы орасан екенін айтты.

Өңір басшысының айтуынша, облыста 5 жыл ішінде сырқаттарға компьютерлік томографтың көмегімен зерттеу жүргізу 2,5 есеге өсті. Егер 2017 жылы облыс бойынша 12,5 мың зерттеу жүргізілсе, өткен жылы бұл көрсеткіш 30 мыңға жетті. Осы уақыт аралығында 4 медициналық құрылғы сатып алынып, қазіргі күні 8-і жұмыс істеп тұр.

– Көпбейінді қалалық ауруханада жаңа компьютерлік томограф іске қосылды. Бұл аталмыш медициналық мекемеге алынған жалғыз қондырғы емес, екі жыл ішінде 1,6 миллиард теңгеге жаңа медициналық техника сатып алынды. Енді ауруханаға МРТ аппаратын орнатуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ биыл облыстық балалар ауруханасына жаңа МРТ аппараты сатып алынады, – деді Құмар Ақсақалов.

Облыс әкімі жоғары дәлдікпен зерттеу жүргізетін жабдықтардың арқасында барынша көп адамды қабылдап, ауруларды ерте анықтауға және сол арқылы емделушілердің өмірлерін сақтап қалуға мүмкіндік туғанын атап өтті. Соңғы кезде облыс бойынша туберкулезбен ауыру 2 есеге, онкологиядан болатын өлім-жітім 24 пайызға төмендеді. Әйелдер арасында да қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтау мүмкіндігі артты.

Заманауи аппарат сырқатты бастан-аяқ тексеріп, нақты диагноз қоюға мүмкіндік беріп отыр. Мамандардың айтуынша, адам дер кезінде қаралатын болса, емдеу нәтижесі де анағұрлым тиімдірек болмақ.

– Жоғары сапалы томографтың қолданылуы инсульт, тыныс органдары ауруларын, қатерлі ісіктің пайда болуын, қан айналымы жүйесінің бұзылуын, ас қорыту органдары мен ағзаның басқа да мүшелерінің сырқатын ерте анықтау үшін аса маңызды. Компьютерлік диагностика мемлекеттік сақтандыру жүйесі аясында тегін, сондай-ақ ақылы негізде де жүзеге асырылады. Ол тәулік бойы жұмыс істейді, – деді көпсалалы аурухананың бөлім меңгерушісі Біржан Оқасов.

Құны 374 млн. теңге тұратын жапониялық құрылғының басты артықшылығы – радиациялық сәуле аз, зерттеу жоғары дәлдікпен жүргізіледі. Аталған құрылғы ауруларды бастапқы сатысында анықтауға мүмкіндік береді.

Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp