«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Басты талап – қауіпсіздік

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Халықаралық еңбек ұйымының бастамасы бойынша жұмыс орындарында жазатайым жағдайлар мен кәсіби жарақаттардың алдын алуға жәрдемдесу, сондай-ақ еңбекті қорғау мәдениетін қалыптастыру, жақсы тәжірибелерді насихаттау мақсатында жүзден астам мемлекет дүниежүзілік еңбекті қорғау күнін атап өтеді. Бұл тізімде Қазақстан да бар. Дүниежүзілік еңбекті қорғау күнін атап өту идеясы 1989 жылы америкалық және канадалық жұмысшылардың қаза болған, жарақат алған әріптестерін еске алу күнінен бастау алады.

Халықаралық еңбек ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, жыл сайын 2,3 миллионнан астам адам жұмыс орындарында жазатайым жағдайдан немесе кәсіби аурудан көз жұмады екен. 270 млн.-ға жуық адам өндірісте жарақат алады.

Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні облыстық кәсіподақтар орталығының бастамасымен демалыс саябағында ағаш егу акциясы ұйымдастырылды. Бұл жердегі алғашқы көшет 2019 жылы кәсіподақтар мерекесі күні отырғызылған болатын. Игі істі одан әрі жалғастыру эстафетасы салалық кәсіподақ ұйымдарына тапсырылды.

Одан кейін кәсіподақтар үйінде алқалы жиын өтіп, оған облыс әкімінің орынбасары Тимур Сұлтанғазиев, облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Ерік Нұрақаев, қалалық, аудандық, бастауыш және салалық бірлестіктердің жетекшілері, еңбек ардагерлері мен жастар қатысты. Тимур Сұлтанғазиев өз сөзінде мемлекеттік органдармен, кәсіподақ ұйымдарымен бірлесе отырып, кәсіпорындардағы қауіпті еңсеруге, болдырмауға, алдын алуға, адамдардың еңбекке қабілеттілігін арттыруға, қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтауға басты назар аударылып отырғанын жеткізді.

– Жыл сайын “Парыз”, “Еңбек жолы” өңірлік конкурстары өткізіліп, жұмыс орындарында жазатайым оқиғаларды барынша төмендетуге көңіл бөлінеді. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, күніне 5 мың адам өндіріс орындарында оқыс жарақат алып немесе түрлі аурулардан қайтыс болады екен. Сондықтан басты ұстаным – еңбек адамының қауіпсіздігі болуы тиіс, – деді Тимур Сіләмжанұлы.

Облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Ерік Нұрақаев “Әлеуметтік серіктес арқылы еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі кәсіподақтардың рөлі” атты баяндамасында жарақаттануды және еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарының санын азайту мақсатында Үкіметтің қаулысымен 2019-2023 жылдарға арналған жол картасы қабылданғанын жеткізді. Бұдан бөлек, “Қауіпсіз еңбек” бағдарламасы қабылданған. Былтыр 3416 тексеру жүргізіліп, еңбек нормаларын бұзудың 8173 фактісі анықталып, 8134 кемшілік түзетілді. Өндіріс орындарында адамдарды мүгедектікке соқтырып жататын оқыс оқиғалар әлі де кездеседі. Тек биылдың өзінде осындай 4 факт орын алған.

Өңірде 65089 мүшесі бар 1257 бастауыш кәсіподақ ұйымы жұмыс істейді. Олар “Еңбекті қорғау мәдениетін жетілдіреміз”, “Нөлдік жарақат”, “Халықтық бақылау” акциялары аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына белсене қатысады. Коронавирус індеті кезінде жұқпалы кеселге ұшырағандарды сауықтыру мақсатымен 10 млн. теңгенің көмегі көрсетілді.

“Парыз – 2022” конкурсының республикалық кезеңінде Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның “Целинное – 2004” ЖШС (директоры С.Ыбыраев) “Еңбекті қорғаудағы өңірлік үздік кәсіпорын” аталымы бойынша лауреат атанды. Бұл серіктестікте жұмыс істейтін 200 адам – түгел кәсіподақтың мүшелері.

– Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні 2020 жылы “Пандемияны тоқтату: жұмыстағы қауіпсіздік пен денсаулық адам өмірін сақтап қалады”, 2021 жылы “Дағдарысты алдын ала болжау, оған дайындалу және ден қою, тұрақты қауіпсіздік жүйелеріне инвестиция салу”, биыл “Қауіпсіздік пен денсаулықтың жағымды мәдениетін қалыптастырайық” тақырыптарына арналды. Адам денсаулығынан қымбат ештеңе жоқ. Сондықтан әлеуметтік қолдауға бағдарланған қауіпсіз жұмыс орындарын құруға, өндірісте жарақаттану жағдайларының санын азайтуға кәсіподақ та мүдделі. Басты міндетіміз техникалық қауіпсіздік шеңберінде қабылданған кешенді іс-шараларды жүзеге асыру, қауіпті жағдайлардың ықтималды тәуекелдерін барынша азайту болып табылады, – деді Ерік Есімұлы.

Облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясының басшысы Марат Омаров “Қауіпсіздік пен денсаулықтың жағымды мәдениетін қалыптастыру жолдары” тақырыбында баяндама жасады. Шал ақын ауданы Ольгинка орта мектебінің техникалық инспекторы Жанат Мұхамеджанов та өз тәжірибелерімен бөлісті.

Мерекеге орай бір топ кәсіподақ белсендісі Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттармен марапатталды.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp