«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕМАЗЫҚ ҚЫМБАТ, ЖОЛ САПАСЫЗ Ауылдағы ахуал — облыс әкімінің назарында

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Тимирязев ауданындағы Мичурин ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Жиын барысында ауылды абаттандыруға, ауызсумен қамтуға, ауылішілік жолдарды қалпына келтіруге байланысты проблемалар көтеріліп, шешу жолдары қарастырылды. “Мичуринское” ЖШС-ның басшылығы жұмысшылардың жалақысын 20 пайызға көбейтіп, балалардың ойын және спорт алаңдарын салуға, қажетті құрал-жабдықтар сатып әперуге уәде етті.

“Пандемия мен құрғақшылықтың салдарынан былтыр бағаның өсуі, құрылыс материалдарының қымбаттауы байқалды. Бірақ өңір бойынша барлық міндеттемелер орындалып, инвестициялық жобалар жүзеге асырылды”, – деген Құмар Іргебайұлы тауарлы-сүт фермалары мен бордақылау алаңдарын салу мал шаруашылығын дамытудағы басым бағыттар екенін атап өтті. Өкінішке қарай, бұл жұмыстар ауданда тиісті дәрежеде атқарылып жатқан жоқ. Төрт жылдың ішінде облысқа 12567 бас асыл тұқымды ірі қара әкелінсе, бұл ауданнан бірде-бір агро-құрылым аталмыш бағдарламаға қатыспаған.

Соңғы бес жылда аудан жолдарын жөндеуге 4 млрд., таза сумен қамтуға 1,3 млрд. теңге жұмсалған. 9 елді мекенде су мұнаралары орнатылып, 4 мың адам игілігін көруде. Мичурин ауылынан аудан орталығына дейінгі 38 шақырым жол жөнделген. Екі білім ошағы жаңартылған.

“Мичуринское” ЖШС – округте орналасқан жалғыз шаруашылық. Осыдан ширек ғасыр бұрын құрылып, 2007 жылдан бері “Атамекен-Агро” АҚ-ның құрамына кірген. 18 мың гектар алқапқа астық, басым бөлігіне дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар өсіріледі. Серіктестік директоры Александр Болдырев атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы айтып берді. Ангус тұқымды ірі қара бағылады. Бүгінде олардың саны жарты мыңға жуықтаған. Былтыр жылдық табыс 822 млн. теңгені құраған. Биыл бұл көрсеткішті еселей түспек. Ауылда 430 адам тұрса, 140-тан астамы осы серіктестікте еңбек етеді. Басшылықтың сөзіне қарағанда, орташа айлық жалақының мөлшері – 150 мың теңге.

“Тұрғындарды таза ауызсумен қамтамасыз етіп отырмыз. Қысқы уақытта ауылішілік және Новоишим ауылына дейінгі жолдар қардан тазартылады. Наубайханада пісірілген нан қолжетімді бағамен сатылады. Бұдан бөлек, жыл сайын қатты тұрмыстық қалдық үйінділерін залалсыздандырумен айналысамыз. Күнбағыс егу басталды. Көктемгі дала жұмыстарын ұйымшылдықпен атқаруға тұқым, жағармай, қосалқы бөлшек жеткілікті. Тұрғындарға қолдан келген көмекті көрсетуге әзірміз. Ауылдық округ әкімдігімен меморандумға қол қойылды. Әлеуметтік осал топтарға 300 мың теңге мөлшерінде көмек көрсетуге, еңбекақыны 20 пайызға арттыруға міндеттеме алдық”, – деген шаруашылық басшысының есебі жұртшылықты қанағаттандыра қойған жоқ.

“Жер көлемі үлкен болғанымен, толық игерілмеуі салдарынан бірқатар отбасыларға жемазық жетпей қалды. Бағасы да қалта көтере бермейді”, – деді ауыл тұрғыны Татьяна Лоц. Шаруашылық өз қызметкерлеріне 2 тонна жем, 3 тонна шөптен таратқан. Ал серіктестікте жұмыс істемейтіндер жемшөпті қымбат бағаға сатып алуға мәжбүр болған. Осы себепті төрт түлік өсіруден бас тартқандар да бар. Александр Болдырев мұндай мәселенің барын жасырған жоқ. Себебін астық шығымдылығының төмендігімен түсіндірді.

Тұрғындар басшылықтың тұрақтамайтынына, жиі ауысатынына ренжулі. Басшының жергілікті жерден тағайындалғанын қалайды. Гүлзада Мусина қазіргі басшылықты ауылдың тыныс-тіршілігі, тұрғындардың жағдайы мүлдем қызықтырмайтынын, серіктестік жетекшісін 9 айдың ішінде бірінші рет көріп отырғанын ашынып айтты.

Облыс әкімі ауылдағы ағайындардың наразылығы орынды екенін атап өтті. “Ешкімді бөліп-жармай, бәріне бірдей қарау керек. Басшылық әр уақытта тұрғындардың жанынан табылуы тиіс. Сонда ауыл гүлденеді, тұрмыс жақсарады. Келесі кездесуге дейін сын-пікірлерден қорытынды шығару қажет”, – деді Құмар Іргебайұлы.

Басқосуда соңғы бес жыл бойы елді мекен ішінен малдың қиы шығарылмағандықтан, жағымсыз иіс қолқаны қабатыны айтылды. Серіктестік директоры бұл мәселені шешуді өз міндетіне алды. Айтуынша, бұл жайт бойынша бірде-бір рет өтініш түспепті.

Ауылдағы тағы бір түйткіл – өрт сөндіру қосынының жоқтығы. Жуырда елді мекен маңында даладағы қураған шөп жанып, қызыл жалынды тұрғындардың өздері сөндіруіне тура келген. Өңір басшысы мұндай үлкен елді мекенде өрт сөндіру қосыны міндетті түрде болуы тиістілігін атап көрсетіп, мәселені шешуді тиісті орындарға тапсырды.

Тұрғындар аудандық аурухана дәрігерлеріне де өкпелі. Ақ халаттылар науқастармен дөрекі сөйлесіп қана қоймай, қолда бар аппараттарды қолданбайтын, науқастарды қалаға жөнелтетін көрінеді.

“Дәрігерлер жүкті әйелге УДЗ жасау үшін оны қалаға жібереді. Алайда біздің аруханада жап-жақсы аппарат бар. Жергілікті емдеу мекемесінің зерттеу жүргізуге мүмкіндігі бола тұра тұрғындарды 300 шақырым облыс орталығына жіберуі түсініксіз”, – деген аудандық мәслихаттың депутаты Галина Воробьеваның сауалына облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлан Айманов: “Әдетте, 1-ші және 2-ші скрининг облыстық деңгейде жасалады. Сол себепті жүкті әйелдер қалаға жіберіледі. Ауруханада басқа олқылықтар орын алса, тексеріс жүргізіп, кінәлілерді жазалаймыз”,– деп жауап берді.

Есепті кездесуде жол сапасы да сөз етілді. Мичуриноның ауылішілік жолдарын жөндеуге 82 миллион теңге бөлінген. Енді Ленин ауылының тұрғындары да жолымыз жөнделсе деген тілек білдірді. Құмар Ақсақалов шын ниетпен ынта қойса, шешілмейтін мәселе болмайтынын жеткізді. Ауыл тазалығын үнемі бақылауға алуды тапсырды. Көпшілікті жөндеу кезінде жол сапасын қадағалауға шақырды.

Өңір басшысы кездесуден кейін жеке қабылдау өткізді.

Әсем ТАСМАҒАНБЕТОВА,

“Нива” газетінің редакторы.

Тимирязев ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp