«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОТАН ОТТАН ДА ЫСТЫҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақ халқының “Отан – оттан да ыстық” деген қанатты сөзінің дәл айтылғанына күн сайын көз жеткіземін. Өйткені мен өзімнің туып-өскен Отаным – Қазақстанымды, кіндігімнің қаны тамған Қызылжарымды перзенттік пейілмен жақсы көремін. Шетте жүрсем сағынамын.

Мен Қазақстан секілді ғажайып мемлекетте дүниеге келіп, еңбек етіп жатқаным үшін өте бақыттымын. Осынау көсегесі көгерген жерде менің ата-әжелерім де қаншама терін төкті. Қазақстан – татулығы мығым, 130-дан астам этнос өкілін құшағында тербеткен, достығы өркендеген ел. Сол үшін біздің елімізге күллі әлем елдері ерекше құрметпен қарайды. Біз 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнін ерекше қуанышпен атап өтеміз.

Біздің мемлекетіміз – кәріс, өзбек, татар, неміс сияқты этностарға алтын бесік. Баршамызды бірлік деген қасиетті ұғым біріктіруде. Татулық, келісім болған елде ғана мамыражай тіршіліктің орнайтыны айдан анық.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы тоқырау біздің елімізді біраз алаңдатты. Біз сол қысылтаяң шақтың өзінде бірлік пен тұрақтылық жолын таңдап, өркениетке қадам басып келеміз. 1997 жылы 1 мамырда Қызылжар ауданының орталығы – Бескөл ауылында “Славянка” орыс этномәдени орталығы құрылды. Ол кезде біздің ауданымызда қазақтардың “Мақсат” және татар-башқұрттардың “Умырзая” этно-мәдени орталықтары ғана болған еді. Міне, содан бері арада қаншама уақыт өтті. Біздің орталық ұлттық мәдениетімізді, салт-дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптармызды зерттеп, оның жас ұрпақ арасында сақталуына өз үлесін қосып келеді. Өз басым мәдениетті насихаттауда халық әндеріне ерекше көңіл бөлемін. Себебі әнде халықтың өмірі мен тыныс-тіршілігі көп айтылады.

Ел бірлігінің нығаюына Наурыз айының алғашқы жексенбісінде тойланатын Алғыс айту күнінің де ықпалы зор. Бұл күні біз мемлекет құраушы ұлт – қазақтарға ерекше ілтипатымызды білдіреміз. Көреген, қонақжай әрі мейірімді қазақ халқы болмағанда талай этнос өкілі жер бетінен жойылып кетер ме еді, кім білсін! Бұл бір жағы мызғымас татулық пен бейбітшіліктің жарқын көрінісі іспеттес.

Мен облыстық делегацияның құрамында Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейлі ХХІІ сессиясына қатысу бақытына ие болдым. Жиын қазіргі Нұр-Сұлтан қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында өтті. Оған еліміздің түпкір-түпкірінен үш мыңнан аса адам жиналды. Әртүрлі этнос өкілдері бас қосты. Шарадан алған әсерімді айтып жеткізу мүмкін емес. Ең бастысы халқымыздың көшін алға сүйрейтін азаматтардың барына қуандым.

“Бірлік болмай, тірлік болмас” деген мақалды өмірлік ұстанымыма айналдырғанмын. Бірлігі мықты ел ғана болашаққа нық қадам басады, өседі, өркендейді. Біз баршамыз бір кемеде келе жатырмыз, болашағымыз да бір. Бейбітшілігіміз күннен-күнге нығая берсін. Барша қазақстандықтарды, жерлестерімді осы шуақты мерекемен құттықтаймын!

Наталья БАРАБАШ,

Қызылжар аудандық “Славянка” орыс этномәдени орталығының жетекшісі.

Қызылжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp