«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨМІРІМДІ ӨЗГЕРТКЕН АДАМ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әкем Қалиасқар Мұқашұлының туған інісі Күпашты (Қалианұр) балалары “көке” дейтінбіз. Көкем партия-кеңес қызметінде, оның ішінде қазіргі Есіл аудандық (бұрынғы Ленин ауданы) партия комитетінде ұзақ жыл еңбек етті.

Көкем жанары жарқыраған үлкен көзді, шағын денелі адам болатын. Жәудіреген көздері оның бар бол­мысын көрсетіп тұратындай еді. Өзі ағайын-туысқа жанашыр, бауырмал, алыс жақынға қол ұшын беріп кө­мек­тесуге дайын тұратын ақкөңіл адам-тын. Ол кісіні өзі өмір бойы тұрған Яв­ленка ауылының көне көз қариялары күні бүгінге дейін құрмет­пен еске алып отырады. Көкемнің зайыбы Жа­ңыл тәтем де қонақжай, ақжарқын адам болды. Тәтем аудандық тұр­мыс­тық қызмет көрсету комбинатын­да тігінші болып істеп, бес баланы ба­ғып-қағып өсірді. Ол уақытта ауыл­дан келетін адамдардың аудан орта­лығында тоқтайтын үйлері бола бер­мейді. “Бұлақ” кеңшарына қарасты үш ауылдан – Бұлақ, Қарағай, Ақ­тастан ауданға жұмыспен келген кісілер көкем мен Жаңыл тәтемнің шаңырағына тоқтайтын. Қазір аядай ғана шағын үш бөлмелі сол үйге сонша адам қалай сиысып кететініне таңғаламын. Шіркін, сол кездегі адам­дардың пейілдері қаншалықты кең болған десеңізші?!

Көкем мен Жаңыл тәтем төрт ұл мен бір қыз тәрбиелеп өсірді. Төрт ұлдың ортасындағы жалғыз қыздары әрі тұла бойы тұңғышы Сұлушаш ерке болып өсті. Көкемнің жалғыз қызы ағайынды екі үйдің де еркесі болатын. Соған қарамай Сұлушаш әпкем мектепті алтын медальмен бітіріп, сол кездегі Целиноград меди­цина институтына түсіп, оннан қы­зыл диплом алып шықты. Сұлушаш әпкемнің институтта оқып жүргені бәрімізге мақтаныш болды. Ол ауыл­ға келгенде, бала-шаға жапа тар­мағай қоршап алатынбыз. Әпкеміз Мұқаш атамызға тартқан ақсары, көзі үлкен, бұрымы тілерсегіне дейін жететін сұлу қыз боп бой жетті. Ауыл­ға келгенде мен оның жанынан шық­пай, ұйықтағанда да қасына жатушы едім. Сол уақытта елге келген сту­денттерді құрметтеп қонақ ету біздің Қарағай ауылының ежелгі дәстүрі еді. Сұлушаш апамызды да жұрт құшақ жая қарсы алатын. Менің әкем Қалиасқар жалақы алғанда “Сұлу­шаш келеді, ақшаның ірісін сақтап қойыңдар”, – деп үнемі анама ескер­тіп отыратын. Ағалы-інілі екі бауыр бір-бірінің баласын өз баласындай көріп, өздері де бұл дүниеде тату болды. Екі ағайындыдан тараған ұр­пақ арасында бұл татулыққа, Аллаға шүкір, күні бүгінге дейін сызат түскен жоқ.

Дәрігерлік оқуды бітіріп келген сұлу әпкем Қызылжар қаласындағы туберкулез ауруларын емдейтін об­лыстық диспансерге фтизиатор-дәрігер болып жұмысқа тұрды.

Көп ұзамай әпкем бұрынғы Сер­геев, қазіргі Шал ақын ауданы, Ыбы­раев атындағы кеңшардың Бейбіт Мұ­қанов деген жігітіне тұрмысқа шықты. Менің ендігі әңгімем осы жез­дем жайлы болмақ. Жездеміз Сер­геев ауданындағы танымал ұстаздар Жылгелді мен Зура Мұқановтардың ұлдары екен. Жылгелді ағамыз қазақ тілі мен әдебиет пәнінің, ал Зура тә­теміз химия-биология пәнінің мұ­ға­лімдері. Қазақтың әдебиеті мен мә­дениетін жақсы білетін әрі оның жан­ашыры болған Жылгелді ағамыз – кеңшар орталығында халық театры­ның ашылуына мұрындық болып, оның жұмыс істеуіне барынша еңбек сіңірген адам. Екеуі де бір-біріне ақылы мен көркі сай берекелі отбасы еді. Ол кісілер балаларының атын да жаңа өмірге лайықтап Бейбіт, Өмір, Бейнегүл, Азамат, Асыл деп қойған.

Жездем Бейбіт – отбасының тұң­ғышы, Алматының архитекторлық құрылыс институтын бітіріп, инже­нер-архитектор мамандығын алады. Өзі қараторы, бұйра шашты, мінезін­де әкесінің ұлтжандылығы мен қай­раттылығы бар, ал көркем келбетін Зура анасынан алған екен. Әулеті­міздің бетке ұстары Сұлушаш әпке­міз­дің өмірлік жарының көрсе көз тойдыратын, қазақтың марқасқа азаматы екендігі бәрімізді қуантты.

Әпкем мен жездем Қызылжар қаласында тұрып жатты. Мен сол кезде Ақтас ауылындағы мұғалімдік қызметіммен қоштасып, қаладағы әпке-жездемнің қолына келдім. Он­да­ғы мақсатым ауылдан қалаға кеп, жаңаша өмір бастау еді. “Маған жұ­мыс іздеңдер” деп еркелеп, екеуіне тапсырма беріп, Мещан орманының саясында орналасқан бес қабатты жайлы үйдегі пәтерге кеп жайғас­тым. Кешке жұмыстан кейін келгенде бала құсап алдарынан шығып, маған жұмыс таптыңдар ма деп сұраймын.

Бір күні жездем телевизияға бара­сың ба, онда менің нағашым Мүтәл­лап Қанғожин жұмыс істейді деді. Әлі қандай жұмыс істейтінімді білмесем де жездемнің айтуымен облыстық телевизияға келдім. Мүтәллап аға қайратты қара шашын артына қа­йыр­ған, нұрлы жүзді, келісті адам екен, мені жылы қабылдап, көңілім­дегі күдігімді бірден сейілтті.

Сөйтіп, мен жездемнің арқасында ауыл мұғалімінен телевизия қызмет­кері боп шыға келдім. Жаның жән­нат­та болғыр Мүтәллап ағаның қам­қорлығының арқасында сол жерде режиссердің ассистентінен дирек­тордың қазақ редакциясы жөніндегі орынбасары – бас редактор қызме­тіне дейін өсіп, сол жерде 11 жыл қызмет істедім. Аяулы жездем менің телевизияға келуіме себепші болып, “тележұлдыз” атанып бүкіл облысқа танымал болдым.

Ойлап отырсам, өмірімнің өзгеруі­не Бейбіт жездемнің рөлі ерекше болған екен. Бұдан былайғы өмірім­нің алға басуына да оның қамқор­лы­ғын көп көрдім. 1990-1991 жылдар­да­ғы қиындық кездерде маған қол ұшын беріп, көмегін аямады. Маған туған қарындасындай жанашырлық жасап жүретін. Тіпті ақшам болмай қалса да жездемнен сұрайтын едім.

Мен тұрмысқа шығатын болдым деп, ең алдымен, әпкем мен жезде­ме айттым. Жездем бірден “Алып кел, көрейік”, – деді. Болашақ жарым Толымбек жездемнің көңілінен шы­ғып, бізге ақ батасын беріп, ауыл­дағы тойымызды да өзі басқарды.

Бейбіт жездемнің ұлтжандылығы туралы жоғарыда айтып кеттім ғой. Ол кісі кітап оқуды өте жақсы көретін руханиятқа жанашыр адам еді. Сол кезде әлем әдебиетін жаздырып алып оқитын. Қазақтың күйлері мен әндері жазылған таспаларды жинап, үнемі тыңдаумен болатын. Қазақтың жарқ еткен талантты ұл-қыздарын көрсе қуанып, қолпаштап отыратын.

Жездем облыста түрлі салада жақсы қызмет атқарып, қай жерде болмасын өзінің біліктілігін көрсетті. Ұстаз болып, шәкірт тәрбиеледі. Сұ­лушаш әпкем екеуі үш перзент сүйіп, олардан немере-жиендер көрді. 2020 жылы аяулы ұлы Өрен кенет­тен қаза болды. Перзентінің ауыр қай­ғысы ата-анасына оңай болмады.

Бейбіт жездем зейнеткерлікке шыққаннан кейін ұзақ уақыт сырқат­танып өткен жылдың желтоқсанын­да қайтыс болды. Егер тірі болса, биыл 70 жылдық мерейтойын дүр­кіретіп тойлар еді. Алланың жазуына шара бар ма…

Өмірімді өзгерткен мен үшін аса қымбат, қимас жан аяулы жездем туралы осылайша сыр шертіп, оның алдында қарыздар екендігімді айт­қым келді. Мәңгілік мекенің жұмақтан болсын, жезде!

Кәмилә МҰҚАШЕВА, журналистика ардагері.

Нұр-Сұлтан қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp