«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

Тігіншілік — табысты тірлік

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Николай Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында “Бақытты отбасы” орталығының қолдауымен “Көрпе FEST-2022” мегафестивалінің ашылу салтанаты өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметовпен бірге жүзге жуық қолөнер шебері, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Ғани Сақтағанұлы жиналғандарды фестивальдің ашылуымен құттықтап, нәзік жандарға сәттілік тіледі.

“Көрпе FEST” мегафестивалі этно-дизайнер Ырза Тұрсынзаданың бастамасымен 4-5 жылдан бері көпбалалы аналарды қолдау мақсатында жүзеге асырылып келеді. Шара қазіргідей жаһандану жағдайында ұлттық қолөнерімізді заман талабына сай қайта жаңғырта отырып, қыз-келіншектерді шеберлікке баулу және өз қолдарымен жасаған бұйымдарын сауда-саттыққа шығару арқылы кәсібін бастауға қол ұшын беруді көздейді.

“Бұл фестиваль қазақ әйелдерінің ерекше күтетін шарасына айналды. Фестивальға ісмер апа-әжелеріміз қатысып жатыр. Ресейдің Түмен, Омбы облыстарынан қаракөздеріміз келді. Араларында қолдарына мүлдем ине ұстамағандары да бар. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы соңғы Жолдауында халықтың табысын, әл-ауқатын көтеруді міндеттеді. Қыздар осы жерде үйренгендерін әрі қарай жалғастырып, өз шаңырақтарында отбасымен кәсібін аша алады”, – дейді жоба авторы Ырза Тұрсынзада.

Жалпы қолөнер – табыстың көзі ғана емес, ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани тәжірибесі. Бұл кәсіпті үйренген қыздың санасы, болмысы, тұрған тұрысы, киімі, тіпті сөйлеген сөзіне дейін өзгереді. Фестивальдің алдына қойған мақсат-міндеті де – осы. Қазақтың қыздарының болмысын жаңғырту, төл дәстүрімізге құрметпен қарауға үйрету.

Шараға қатысқандардың бірі Жайнагүл Темірханова – Петропавл қаласының тұрғыны. Ол – білікті тігінші. Тұтынушылары аз емес. Облыс орталығында білікті мамандардың шеберлік сағаты өтетінін естіп, бұл мүмкіндікті қалт жібермеуге тырысқан.

“Пандемия басталғанда қолыма ине-жіп алдым. Ең алғашқы көрпемді анама арнап тіктім. Нәтижесін суретке түсіріп, әлеуметтік желіге салып едім, қызығып, тапсырыс бергендер болды. Биыл үшінші жылға аяқ басты, соңғы екі жылда 150-ге жуық дүние тіккен екенмін. Қыз жасауына арналған көрпе-жастықтар, диван жапқыштар, балалар жамылғысы. Білгенім – бір тоғыз, білмегенім тоқсан тоғыз. Үнемі шеберлікті жетілдіріп отырған жөн, өйткені бұл салада да технология, сән үнемі өзгеріп отырады”, – дейді ол.

Аталған фестиваль Қызылжар өңірінде алғаш рет ұйымдастырылып отырғанын айта кеткен жөн.

Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp