«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛАШ ДЕП СОҚҚАН ЖҮРЕГІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Осыдан көп жыл бұрын­ғы бір оқи­ға есіме түсіп отыр. КазМУ-дың журналистика факультетінің ке­зекті отырысы-ау деймін, әр нәрсеге таңғала бермейтін Темекең (профессор Т.Қо­­жакеев): “Мен Қарағандыға барып келдім. Сондағы университетте журналистикадан мемлекеттік ем­тиханға төрағалық еттім. Алғашқы бітірушілерінен емтихан алдым. Он-шақ­ты бала бітірді, кәдімгідей жап-жақсы. Мұнда бәріміз жабылып жүріп істейтінімізді ол жақта өзіміздің Тайшыбаев жалғыз атқарып жатыр. Ырза болдым. Әне, ұлан-байтақ Қа­зақстанда журналистер даярлайтын екінші мектеп ашылғаны жақсы емес пе?! Бұл – үлкен оқиға. Тәуелсіздігі­міздің тағы бір жемісі”, – дегенде, факультеттегі бәріміз де желпінісіп қал­ғанбыз.

Келесі жылы сол Қарағандыға мемлекеттік емтиханға мені шақырт­ты. Одан кейін Марат Барманқұлов, Сағынбай Қозыбаев ағаларымыз ке­зек-кезек Қарағандының болашақ жур­налистерінің тұсауын кестік. Жас кафедраға көмектестік. Сонда жаңа мамандықтың жүгін жалғыз арқалап, орысы мен қазағына, барлық пән­дер­ден әуелде жалғыз өзі сабақ бе­ріп, жергілікті журналистерден оқы­тушы жасап, тәрбиелеген Зарқын Тайшыбай ағамыздың ұйымдас­ты­рушылық қажыр-қайратына тәнті бол­ғам. Сол кафедраға кандидат, док­тор даярлауға қосқан үлесім бар екені де маған қуаныш. Одан кейін, шүкір, елімізде әр жерде журналист оқытатын болды ғой.

Айтайын деп отырғаным – Алма­тыдан басқа қиырында журналистер даярлау ісінің бастауында тұрған және жай ғана тұрмаған, өзіндік та­рихы, дәстүрі қалыптасқан Қараған­ды мектебінің негізін салған, қазақ журналистикасының білікті тарих­шы­сы Зарқын Тайшыбайдың кезекті мерейтойына байланысты. Он жеті жасында қолына қалам алып, Семей мен Қарағандының тең ортасындағы Қу аудандық “Ленин туы” газетінде жұмыс істей бастаған әріптес аға­мыздың бүкіл шығармашылық жолы көз алдымызда. 2000 жылы Петро­павлға ректор Ғалымқайыр Мүтәнов аттай қалап, шақырып әкелгеннен бері мұнда да журналистика маман­дығын ашып, елдің тағы бір түкпі­ріндегі қазақ балаларының бағын аш­қан Зарқын Сыздықұлының ел үшін, ұлт үшін атқарып келе жатқан еңбегі жемісті.

“Қызылжар” деген тамаша атын қайтарып ала алмай келе жатқанды­ғы болмаса, соңғы жылдары бұл қа­ланың қазақшасы қалыптасып, алаш дәстүрі қанат жайып келеді. Солтүс­тік Қазақстан уни­верситеті Қазақ­стан­ның қиырындағы бір тірегі бол­са, сол университеттің профессоры Зарқын Тайшыбай қа­зақ ғылымы, мәдениеті мен тарихы­ның сондағы бір діңгегі деп білемін. Осыдан он жыл бұрын, жетпіске тол­ғанында жүрегі алаш деп соққан аға­мыздың жасына жас қосылсын деп бірер шумақ арнаған едім. Соның ішінде мынадай сөздер бар екен:

Қазыбек биден сөз дарыған еді.

Мәди бабадан саз дарыған еді,

Қасымнан отты көз дарыған еді.

Қарқаралыдан қан дарыған еді,

Жанақ ақыннан жан дарыған еді.

Тәттімбет тәтемнен күй дарыған еді,

Әміре әкемнен ән дарыған еді…

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профес­со­ры Зарқын Сыздықұлы Тайшыбай­дың он монография, 11 оқулық пен оқу құралының авторы, Қазақстан­ның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ­стан Жоғары мектебі ұлттық ғылым академиясының академигі, құрметті журналист, “Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы – 2012” атағының ие­гері, А.Байтұрсынов атындағы “Саңлақ автор”, бірнеше универси­теттің құрметті профессоры атақтарын айт­пағанның өзінде елге сыйлы, отан­шыл, адал еңбеккер, үлгілі ұстаз еке­нін айтып, қоя салсам да жеткі­лікті-ау.

Захаңды ғылымға әкелген дис­сертациясының өзі “Абайтанудың ре­волюцияға дейінгі қайнар-көздері” де­ген тақырыппен қазақ әдебиеттану ғылымы арыстандарын таңғалдыр­ғанына өзім куәмін. Академик Рым­ғали Нұрғалиевтің мына сөздері есім­нен кетпейді: “Зарқын Тайшыбай сонау Қарағандыдан келіп, Абай ту­ралы диссертация жазып едім, соған жетекшілік етсеңіз”, – деп қарап тұр. “Мұхтар Әуезовтен бастап, қаншама қазақ зерттеген Абайдан не қалып еді. Мынау бір есі бүтін емес жігіт не­месе данышпан шығар, деп ойла­дым. Жұмысын қарасам, шынында данышпан екен. Тез Тұрсекеңе сөй­лесіп, талқылаудан өткізіп алдық…”. Сол жұмысты әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің док­торлық кеңесінде Зейнолла Қабдо­лов, Зәки Ахметов бастаған он то­ғыз профессордың алдында қорғады, ұлы Абайдың шығармашылығы туралы алқалы топтағы қызу пікірта­ласты көрсеңіз!

– Сол әсерді әріптестеріміз Өмір­хан, Дандайлар кейін де айтып жүр­ді, “бір тамаша, қызықты қорғау бол­ды”, – деп. Диссертант біз білетін Абайға жаңа қырынан келіп, оның ақындық ұстаханасына үңіліп, шы­ғармашылығын мәтінтану тұрғысы­нан зерттеген. Абайдың өзі оқыды-ау деген орыс-қазақ мерзімді баспасө­зінің нұсқаларын талдап, ұлы ұс­таздың ғылыми ой-пікірінің қалыптасуы­на әсер етуі мүмкін деген қайнарлар­ға нұсқап, дәйекті дәлелдермен бекітті. “Абайтану мұнарасына қаланған бұл да бір кірпіш”, – деп тарасты ғұламалар.

Профессор Тұрсын Жұртбай ай­та­ды: “Хайыржан Бекхожиннің екі-ақ шәкірті болды: біреуі мен, екіншісі Зарқын Тайшыбай”, – деп. Онысы рас. Кеңес заманында “революцияға дейінгі дәуір” аталатын ХІХ ғасыр­дың аяғы, ХХ ғасырдың басындағы қа­зақ баспасөзін алғаш зерттеген Хайыржан Бекхожин мен Бейсембай Кенжебаев болатын. Қожакеевтің бі­рер мақаласы болды. Тақырып қиын, кеңес заманы, Әлекеңдер мен Ахаң­дардың қолтаңбасын көрсе, төбе шашы тік тұратын кез еді ғой. Әрі араб әлібін білмегеннің тісі батпай­ды. Сондай кезде шәкірт іздеген про­фессор Бекхожин әркімнің тамырын басып көрсе керек. Хайрекең өзі қор­ғағанда саяси жағынан бір кезде таяқ та жеген, сол үшін әлі қорқады, алаш десе, аяғын тарта басатыны да түсі­нікті. Сондайда өзіне сенімді деген, қолынан келеді-ау деген бірен-саран студентке тақырып береді екен. Жет­пісінші жылдардың басында Зарқын Тайшыбайға “Революцияға дейінгі дәуірдегі қазақтың демократ журна­листерін” ұсынған. Ахаң мен Міржа­қыптарды демократ деп таныстыр­мақ болған. “Сол аспирантым жоға­ры партия мектебіндегі оқуымен үй­лес­пейтін тақырыпты аяқтай алмай ауылға кетіп қалды”, – деп отырушы еді жарықтық. Тәуелсіздік алғаннан кейін Зарқын ағамыз ертерек жиған материалдарын ұқсатып, қазақ бас­пасөзінің тарихынан кесек-кесек мағ­лұмат берді. “Баспасөз тарихы”, “Алаш көсемсөзі” деген оқу құрал­дарын жазып, шәкірттеріне ұсынды. Тарихшы профессор марқұм Қамбар Ата­баев З.Тайшыбайдың бас­пасөз тарихынан жиған деректерінің өзіне қан­дай көмек болғанын айтып отырушы еді.

Профессор З.Тайшыбайдың абайтану, алаштану, баспасөз тарихы салаларынан жазған еңбектері ту­ралы ауыз толтырып айттық. Соларға Мағжан ақынның өмірі мен қыз­метін таза архив деректері негізінде зерттеп, насихаттағанын қоспасақ, ақи­қатқа қиянат. Кейін Мағжан елінде жүріп, бір шеті Қазан, бір шеті Мәс­кеу мен Таш­кентте жатқан материал­дарды жинап, Қызылжар архивіндегі құжат­тармен байытқан “Мағжанның Қызылжары” монографиясы қайрат­кер ақын туралы әр қазақтың түсінігін кеңейтті. Ол осылай 1918 жылы Қызылжарда шы­ғып тұрған “Жас азаматтан” бастап, “Ке­дей сөзі”, “Бос­тандық туы” газетте­рін қолымен құ­рып, тамаша көсемсөз үлгілерін берген мағжантануға да үлес қосты. Мағжанның уақыт пен ортаға көзқарасы, ұлтшыл­дық бол­мысы, қо­ғамдық-саяси ұстаны­мы, әуе­лі Міржа­қып Дулатовтың ықпа­лымен қалыптасты деген зерттеушінің дәлел-тиянағы берік. Бұл – терең зерт­теу, салыстыра, тексере жасалған байлам екеніне көзі­міз жетті.

Өзіміз де мұхтартанушылар сана­тынан болған соң бұл профессордың Мұхтар Әуезовтің өмірі мен шығарма­шылығына байланысты жазған-сыз­ғандары, әсіресе маған жақын болатын жөні бар. Осы тұрғыда З.Тайшыбайдың республикалық баспасөз бетінен көрін­ген “Мұхтар Әуезов өмірінің бір кезеңі”, “Қазақстан қазақсыз қалмасын”, “Мұх­тар Әуезовтің жанайқайы” сияқты де­ректік құны бағалы мақалалары екінің бірінің қолынан келе бермегенін де айтуға тиіспін. Автор біліп жазады, қаза тексеріп, өзінен бұрын айтылмады-ау деген буындарға салмақ сала, оқырма­нының ойын қозғап жазады. Ана бір жылдары баспасөзде көрінген “Алаш қайраткерлері Сталиннің қабылдауын­да” деген мақаласының өзі неге тұрады. Оның шығармашылығына тән осын­дай қасиеттері ерекше.

“Қазақстанның еңбек сіңірген қайрат­кері” атағы кім көрінгенге беріле сал­масын білеміз, сонда да профессор Зарқын Тайшыбайға бұл атақ оның абы­лайтануға сіңірген еңбегіне лайықты баға дегім келеді. Ежелден ел аузында аңыз-әпсана кейіпкері ретінде ұрпақ­тан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан Абылай хан тұлғасы қазақ Тәуелсіздік алардың алдында-ақ атой сала баста­ды. Соңғы 25-30 жылдың бедерінде ұлы ханның есімі ерліктің, еркіндіктің, байлық пен бақыттың белгісіндей көк тумен қатар асқақтай берген. Абылай хан туралы әрбір қазақ айтып қалуға, жа­зып қалуға ұмтылды. Айтты да, жазды да. Тарихшылар бастап, ақын-жазушы қостап дегендей. Байқаймын, со­лардың ортасында қызылжарлық про­фессор Зарқын Тайшыбайдың ең­бектері өте-мөте мәнді-маңызды, ерек еңселі көрінді. Бұл – жалғыз менің ғана пікірім болмаса керек. Енді осы жөнінде біраз сөз. Себебі бұл төңірекке менің де қатысым бар. Зарқын Тайшыбайдың “Абылай хан. Өмірі мен қызметіне қа­тысты құжаттар мен материалдар” де­ген сыпайы атпен шыққан 500 беттік қы­зыл мұқабалы кітабы еліміздің ақпарат әлемінде бұрын айтылмаған жаңа сөз болды. Осы еңбекті алғаш байқап, баға­сын берген марқұм профессор Ақ­селеу Сейдімбек еді ғой. Қазақ тарихы десе жанып түсетін. “Egemen Qa­zaqstan”-ның 2005 жылғы 1 наурыздағы санынан қиып алып, сақтап қойыппын. Жаңа кітаптың деректі, танымдық, ғылыми құнын жоғары бағалай келіп, Ақаң мынадай тұжырым айтады: “Кі­тапты оқып танысқан адам мұндай ең­бек тек жанкешті, “жалаңтөс” зерт­теушінің қолынан ғана келгеніне көз жет­кізеді. Оның мәнісі – тұтас бір ғы­лыми-зерттеу институты әлденеше жылда орындай алатын еңбекті бір ғана зерттеушінің сәтімен тындырып, қолымызға бергендігінде деуіміз ке­рек”. Абылай атын аңыздан осылай ара­шалап, қалың қазақтың өз тілінде қос­пасыз таза деректер берген автордың бұл олжасы ұлттық тарих ғылымындағы сәтті талпыныс еді. Бірақ, неге екені белгісіз, құрметті тархшыларымыз көрмегенсіп, үнсіз қалды. Анда-санда үзінді алып, сілтеме жасағаны бол­маса.

Бірақ зерттеуші Зарқын Тайшыбай мұнымен тоқтаған жоқ. Абылайта­ну­дың тарихнамалық және тарихи проблемаларын “Қазақстанның тұрақты дамуының негізі болып табылмақ ұлттық идеяны қалыптастыру үдерісі” де­ген тақырыпта конкурсқа қатысып, 2007 және 2013 жылдар арсында “Елі­міздің зияткерлік әлуеті” бағдары бо­йынша екі рет мемлекеттік грант жеңіп алды. Сол қаржыға бұрынғы зерттеу­лерін жалғастырып, Мәскеу мен Санкт-Петербург, Омбы архивтерін айлап жатып ақтарды. Жасаған жұмыстарының бір бөлігін республикалық “Мәдени мұра” бағдарламасына ұсынып, 2011 жылы 1260 бет екі томдық зерттеуін мемлекет қаржысына “Қазақтың ханы – Абылай” деген атпен бастырып, та­ратты. Абылай ханның өмірі мен қызметіне байланысты 600 құжат, түсіні­гімен, монографиясымен беріліп тұрса, мұның ішінде 250 құжат ғылыми айналымға тұңғыш рет қосылып отыр. Ав­тордың айтуынша, бұл қостомдық әлі де жартылау шаруа болса керек. Қалғаны кезекте.

Енді міне, былтырғы жылдың соңын ала “Абылай хан тарихын” үш томдық түрінде бітіріп, тағы ұсынды. Аса құнды еңбек.

2013 жылы Абылай ханның 300 жылдығы мемлекеттік деңгейде атап өтілгенде есте қалғандай бір белгі “Абылай хан” тұлғалық энциклопедиясы еді ғой. “Қазақ энциклопедиясы” бас­пасының директоры әрі бас шығару­шысы ретінде мемлекеттік тапсырыс алған бойда мен көрнекті абылай­танушы ретінде редакция алқасы құра­мына М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профес­соры Зарқын Тайшыбайды енгіздім. Оным ақталды. Энциклопедия – білім кені, халық қазынасы болса, Абылай хан туралы ғылыми, біліми-танымдық еңбекке бағалы үлес қосқан зерттеуші ағамыздың ғалымдық тұлғасы тағы бір кез биіктеп кеткенін көріп отырмыз.

Бір адамға жетерлік осыншама құрмет пен мадақ, әрине, бұрын да айтылуы керек еді. Бірақ сәті енді келіп қалыпты. Әріптес журналист әрі ұстаз, әрі ғылым қайраткері Зарқын ағамыз 80-ге толып отыр.

Бауыржан ЖАҚЫП,

Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, профессор.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp