«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Петропавлда жеке тұрғын үй құрылысына жер телімін алу үшін кезекке қалай тұруға болады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Енді қалада жеке үй салу үшін жер учаскесін алуға eGov.kz порталы арқылы кезекке тұруға болады. Бұған дейін қазақстандықтар әкімдіктерге өтініш жазып, қыруар құжат жинағанша табанынан тозатын. Әрі, қағазбастылықтың салдарынан тізім дұрыс қалыптаспай, өтініш берушінің әуре-сарсаңға түсетін кездері де аз емес-ті. Боған қоса, кезекке қою үшін кемі 12 күн уақыт керек болатын. Qyzyljarnews.kz порталының тілшісіне үйден шықпай-ақ кезекке тұрудың артықшылығы, қай аудандардан жер телімі берілетіні мен қанша адамның тізімге тіркелгені жайлы Петропавл қалалық жер қатынастары бөлімі басшысының орынбасары Қайрат Елеусізов баяндады.

— Петропавлда жеке тұрғын үй құрылысына жер алу кезегінде қанша адам тұр?

— Петропавл қаласының аумағында жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алуға өтініш бергендер тізімінде 14510 адам бар.

— Биылғы бағдарламаға дейін жерге кезекке тұрғандар мен электронды платформа арқылы тізімге енгендердің мүмкіндігі бірдей ме? Бұл екі түрлі кезек пе, әлде біреу ме?

-Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдерін алуға кезекте тұрғандардың тізімі 2005 жылдан бастап жасалды. Кезекке қою өтініш берілген күн бойынша жүзеге асырылады және бірыңғай болып табылады.

— Жеке тұрғын үй құрылысына Петропавлдың қай аудандарында жер телімдері беріледі?

— «Солнечный-2» және «Южный» шағын аудандарында жеке үй салуға арналған учаскелер бар, сол жақтардан беріледі.

— Былтыр қанша учаске бөлінді?

— 2021 жылы кезекте тұрған 150-ден астам адамға жер учаскесі берілді.

— Петропавлда жер учаскесін алу үшін қалай және қайда кезекке тұруға болады?

-2022 жылдан бастап кезек электрондық форматта қалыптастырылады. Жер учаскесіне EGOV порталы арқылы өтініш беру қажет («Жылжымайтын мүлік» қосымша беті — «жер қатынастары» – «жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскесін алу үшін қарау немесе кезекке қою (10 сотық жер)» – «Қызметке онлайн тапсырыс беру» – «Өтініш түрі» «жеке тұрғын үй құрылысы үшін кезекке қою «кезек»).

— Жер телімін алудың ережелері қандай?

— Жер учаскесі кезегі келген адамдарға электр және су желісі тартылған дайын учаскелерден беріледі. Жер учаскелері уақытша пайдалануға 3 жыл мерзімге беріледі.

Осы уақытта жеке тұлғалар жер учаскесін игеруі керек, атап айтқанда үй салып, аяқталған құрылыс объектісін пайдалануға енгізіп, кейіннен қала әкімінің атына жер учаскесіне жеке меншік құқығын беру туралы өтініш жолдауы керек.

Pexels иллюстрациялық фотосы

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp