«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗАҚСТАН — ШАТТЫҚ ҰЯЛАҒАН ШАҢЫРАҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгінде көптеген ұлыстардың ортақ шаңырағына айналған байтақ Қазақстан бейбітшілік пен келісім арқылы әлемге үлгі болуда. Қазақ халқы алмағайып замандарда шартараптан бас сауғалаған, тағдыр тәлкегімен жерімізден пана тапқан жұртты бөле-жармай бауырына басты. Сондықтан болар, еліміздің дүйім тұрғындары 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесін ерекше салтанатпен тойлайды.

Бұл мереке еліміздің өзге өңірлеріндегідей Петропавл қаласында кең көлемде аталып өтілді. Айтулы мерекеге орай қаланың орталық алаңында мерекелік концерт ұйымдастырылып, түрлі іс-шаралар өткізілді.

Аталған мереке елімізде 1996 жылдан бастап аталып келе жатқанын айта кеткен жөн. Қазақстан аумағында тұрып жатқан 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті, бейбітшілікте, ынтымақта өмір сүруде. Әрбір ұлтқа салт-дәстүрін, мәдениеті мен әдебиетін дамытуға мүмкіндік алған. Жалпыхалықтық сипат алған бұл мерекеде ұлттық мәдени орталықтар мен өнер ұжымдары жиналғандарға ерекше көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Мерекенің ашылу салтанаты орталық алаңда болып, “Ұлттар бірлігі –ұрпақтар тірегі” атты концертте қаламыздың өнер ұжымдары ән айтып, биден шашу шашты.

Іс-шаралар облыс орталығының түрлі аудандарында да ұйымдастырылды. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан орталық алаңға жиналған жұртшылық мерекелік концерттен ерекше әсер алды. Бір-бірін мейраммен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.

Сондай-ақ осы уақытта көңіл көтеруге арналған “Достық планетасы” интерактивті алаңы өз жұмысына кірісті, қыз-келіншектерге арналған “Радуга красоты” бьюти-аймағы өз жұмысын бастады. “Достық шаңырағының астында” атты фотозона, әшекей-бұйымдар жасаудан түрлі шеберлік сағаттары да қалалықтарға мерекелік көңіл күй сыйлап, уақытты тиімді өткізуге мүмкіндік берді.

Мереке күні Qyzylzhar ART-орталығы жұмысын қайта бастады. Жеңіс саябағында балаларға арналған театрландырылған ойын бағдарламалары, “Сағындырған әндер-ай” ретро фестивалінің жазғы маусымының ашылу салтанаты өтті. Мереке мезеті мұнымен тоқтап қалмай, қаламыздың басқа да өнер орталықтарында концерттік бағдарламалар өз жалғасын тапты.

Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp