«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қасиетті кәсіп иесі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан универси­те­тінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайрат­кері Зарқын Сыздықұлы Тайшыбайдың отандық журналисти­каны дамытуға қосқан үлесі өлшеусіз. Алдымен Қарағандыда, кейін Қызылжар өңіріндегі М.Қозыбаев атындағы универси­тетте журналистика мамандығын ашып, газет-журналдарды, телеарналарды білікті кадрлармен қамтамасыз ету – екінің бірінің қолынан келе қоймайтын қыруар еңбек.

2001 жылы біздің универси­теті­мізде қазақ тілді журналис­терді даярлайтын бөлім ашыл­ған сәт әлі күнге дейін есімізде. Сол тұста Зарқын Сыздықұлы­ның ұстаздық қырынан бөлек, ұйымдастырушылық қабілеті айқын байқалды. Ғылым мен білім беру жүйесінің ауыртпалығын бір адамдай көтерді. Қазақтілді оқу­лықтар жетіспеді. Амалсыздан кейбірін өзі жазып шығарды. Алаш баспасөзінің тарихына қатысты, журналистиканың құқық­тық негіздері жайлы жазған құн­ды еңбектері жергілікті жерде ғана емес, еліміздің өзге жоғары оқу орындарында да әдістемелік құрал ретіне әлі күнге дейін қолданылып келеді.

Сол қиындығы мен қызығы қа­тар өрілген жылдарға қазіргі күн белесінен көз жүгіртетін болсақ, Зарқын Сыздықұлының алдын көр­ген журналист мамандардың саны 400-ден асқанын аңғарамыз. “Ұстазы жақсының – ұста­нымы жақсы” деген қазақтың мақалы бар, ағамыздың тәрбиесін көрген журналистердің көбі бүгінгі таңда еліміздің БАҚ саласы­ның танымал мамандары ата­нып үлгерді. Қарағандыны айтпағанның өзінде, соңғы жиырма жылдың ішінде оның қолынан қа­нат қаққан солтүстікқазақстан­дық журналистердің алды теле­арналар мен газеттерді басқа­рып отыр. “Qyzyljar” телеарнасы­ның директоры Ерлан Тоқшы­лық, “Soltüstık Qazaqstan” об­лыст­ық газетінің бас редакторы Ер­бақыт Амантайұлы, “МТРА” телеарнасының шеф-редакторы Дана Ғизатова, Қорғаныс ми­нистрлігі медиа-орталығы басты­ғының орынбасары, подполков­ник Руслан Жангулин, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің баспасөз хатшысы Тимур Әбдірешов, “Первый-Северный” теле­ар­насының бас редакторы, “Азаттық” радиосының меншікті тілшісі Нұргүл Алина, “Хабар” мен “Хабар 24” арналарының тілшілері Айдарбек Балғабеков пен Самат Жақыпов және тағы да басқа шәкірттері өз саласы­ның майталман мамандары атанып үлгерді.

Зарқын Сыздықұлының ұстаздығынан бөлек, ғалымдығы – бір төбе. Профессордың қала­мынан туған монографиялар, ғы­лыми мақалалар еліміздің ғылым саласына қосылған сүбелі олжа деп білемін. Тұлғатануға, со­ның ішінде үш жүздің басын қосқан Абылай, қазақтан шыққан кемеңгер Абай, ақиық ақын Мағ­жан жайлы жазғандары – құны ешқашан жойылмайтын туынды­лар. Ғалымның құнды еңбектері мемлекет тарапынан әр жылда­ры жоғары бағаланды. Зарқын Тайшыбай “Қазақстан білім беру саласының құрметті қызметкері”, “Саңлақ автор”, “Қазақ тілінің жа­нашыры” және тағы басқа көп­теген атақтарға ие. Ғылымда қан­ша олжа салса да, ағамыз журналистиканы бәрінен биік қояды. Бұл жайлы сұхбаттарының бі­рінде: “Мен өзімді, ең алдымен, журналиспін деп санаймын. Жа­сы­ратыны жоқ, пенде болған соң, кей замандастарымыз өзінің журналистігін, мысалы, ақындықтан, жазушылықтан, ғалым­дықтан төмен қойып, тіпті “жур­налист” десе, олқысынып қала­ды. Неліктен олай – өздері айта жатар, бірақ, тағы қайталап айтамын, мен журналиспін және осынау қасиетті кәсіптің атауы­на, бағасына, сыны мен сипаты­на лайық болсам, армансыз өтер едім. Кәсіптің, мамандықтың, өнердің, ғылымның шыңына жет­кеннің әрқайсысы-ақ құрметті. Бірақ мен журналистиканың шы­ңына жете алмай келемін, жете де алмайтын шығармын. Өйткені сол “шыңның” өзінің өлшемі қандай екенін білмеймін. Тек қана іздену, талпыну, тағы да іздену, ояң тұстарды толтыру, жетілу, тағы да іздену”, – деген екен Зарқын Сыздықұлы.

“Ат тұяғын – тай басар”. Ұста­зының жолын қуып, бүгінде елде­гі белді журналистердің бірі ретінде танылып жүрген “Астана ақшамы” газетінің шеф-редак­торы Төлен Тілеубайдың ұстазы туралы айтқан мына пікірімен келіспеуге болмайды: “Әкемнен өмір алсам, ал Аристотельден өмірімді жақсы өткізу туралы бі­лім алдым”, – деген екен Ес­кендір Зұлқарнайын. Мен де Ес­кендір патшаның сөзін қайта­ла­ғым келеді. Әрі ұстазым, әрі әкем Зақаңнан арлылық пен мейірім­ділік, батырлық пен әділдік, адалдық пен қарапайымдылық сияқты асыл қасиеттерді бойыма сіңірдім. Зақаң маған күшіме емес, адал ісіме сенуді үйретті. Адал арымның ақ мамық жасты­ғы болатынын санама сіңірді. Шындыққа деген сүйіспеншілікті өмірлік ұстаным етуге баулыды. Сол үшін де ұлағатты ұстазыма мәңгілікке қарыздармын”. Шә­кірт­тің осы бір жүрекжарды пікі­рінен Зарқын ағаның адамгер­шілік қасиеттерінің биік екендігін, өмір бойы атқарған ісінің арты жемісті де жеңісті екендігін кө­руге болады.

2001 жылы Зарқын Сыздық­ұлы қазақ филологиясы кафед­ра­сының жанынан ашқан журна­листика бөлімі бүгінде жеке отау тігіп, журналистика кафедрасы ата­нып отыр. Алғашқы жылдары бакалавр мамандар ғана даяр­ланса, қазір магистрлер де оқы­тылады. Сабақ екі тілде жүргі­зіледі. Журналист мамандардан бөлек, түрлі мекемелерге қажет баспасөз хатшыларын даярлауды да қолға алып отырмыз. Студенттер практикалық дағдыла­рын университет жанынағы “Па­ра­сат” газеті мен арнайы сту­дияда шыңдайды.

Зарқын ағай 2001 жылы АҚШ-тың мемлекеттік департамен­тінің шақыртуымен осы елдің бес университетінде болып, лекция оқыды, семинарлар өткізді, ха­лықаралық конференцияларда қазіргі БАҚ және журналистер даярлау мәселесі бойынша баян­дамалар жасаған болатын. Зарқын Сыздықұлы салып кет­кен сол сара жолды жалғап, мен де қазір мұхиттың арғы жағында тағылымдамада жүрмін. Нақты­рақ Нью-Йорк фильм академия­сында оқып жатырмын. Менің мақ­сатым – білімімді арттыру, бі­лігімді жетілдіру. Кейін АҚШ-тың тәжірибесін жергілікті универси­тетке енгізсем деген ойым бар.

Жол шалғай болғандықтан ағайдың 80 жасқа толған мерей­тойына қатыса алар емеспін. Сон­дықтан жүрекжарды тілегімді газет арқылы жеткізсем деген ойым бар. Зарқын Сыздықұлы, Тәуелсіз ел тарихында өз қол­таңбаңыз бар тұлғасыз! Біз үшін құнды еңбектеріңіздің қыр-сы­рын танып, әр сөзіңізді ыждаһат­пен ойға тоқи білу – үлкен бақыт! Сізді бүгінгі мерейлі күніңізбен құттықтаймын. Шығармашылық табыс тілей отыра, сізге және сүйікті де, аяулы анамыз, барша­мызға қолдау көрсетіп, әр ісімізге дем беріп жүрген Гүлнәр апайы­мызға зор денсаулық, шаттық пен бақытқа толы ұзақ ғұмыр ті­леймін!

Айсұлу ШАЙКЕНОВА,

М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың “Журналистика” кафедрасының доценті.

АҚШ, Нью-Йорк.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp