«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰСТАЗ ТАҒЫЛЫМЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жылдар жылжып, заман өзгерген сайын көптеген кәсіп түрлері керексіз болып қалуда немесе орнын жаңа ма­мандықтар басуда. Дегенмен уақыт көшінен қалмай, түрлі өзгерістерге тез бейімделетін қызмет түрлері де бар­шылық. Солардың бірі – ең көне мамандықтар қатарындағы журна­листика. Америкалық жазушы Роберт Сильвестр бұл кәсіп түрін әлемдегі екінші көне мамандыққа теңеп, осы атаумен кітап та жазғаны белгілі. Елі­міз егемендік алғаннан кейін отандық бұқаралық ақпарат құралдарына ойы азат, санасы еркін, ұстанымы берік тіл­шілер қажет болды. Бұл мәселені әр­бір өңір, соның ішінде әрбір газет пен журнал, телеарна мен радио өз бетінше шешті. Амалсыздан басқа сала мамандарын, соның ішінде жазу мен сызуға бейім мұғалімдерді, дауысы бар, дикциясы дұрыс деп әншілерді қызметке алды. Бірақ бұл – тығырықтан шығатын жол емес еді. Ал Алматыдағы жалғыз университеттің түлектері сол кездегі астананың төңірегінен аспайтын.

Үш жүз жыл бодандық қамытын киіп келген елімізге үлкен серпіліс ке­рек еді. Бұл істе Ахмет Байтұрсынов­ша айтқанда, “халықтың көзі, құлағы һәм тіліне” баланатын ақпарат құрал­да­­рына үлкен сенім артылды. Журна­листің басты мақсаты – халықтың қа­мын ойлау. Қандай өзекті мәселені көтермесін, журналистика соның бәрін халықтық тұрғыдан қозғауға, халық­тың сөзін сөйлеуге күш салады. Орыс пуб­лицисі Николай Михалковский айт­қандай: “Журналистика қоғаммен бірге өмір сүріп, қоғаммен бірге ты­ныстайды. Қоғам тірлігінің тамыры қиылса, журналистика да бітіп тынады”.

Заман аңдысын алыстан аңғара­тын Зарқын Тайшыбай кәсіби журналистерсіз ақпарат көші түзелмейтінін бірден аңғарды. Аңғарды да Алматы­дан кейін елімізде журналистер даяр­лау ісін Қарағандыда қолға алды. Кенді өлкедегі жағдай түзеле бастаған тұста осы миссияны теріскейде жүзеге асыру үшін ат басын Қызыл­жарға қарай бұрды. Бұл мыңжылдық­тар түйіскен тұс болатын. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті жанынан қазақ журналистикасы бөлімінің ашылуы аспанкөздер басым өңір үшін айтулы жаңалық­қа айналды.

2003 жылы ауыл мектебін бітіріп, тілші боламын деген арман қанатын­да қалаға алып-ұшып жеттік. Еліміз­дің білім саласына Ұлттық бірыңғай тестілеу енгізілерден бір жыл бұрын оқу бітіріп кеткеніміз қандай жақсы болған деңізші. Мектептегі емтихандардың жартысын ауызша, кейбірін жазбаша тапсырып, университетке түсу үшін қалаға тарттық. Дайындалуға берілген уақыт – бір ай. Болашақ ұстазымыз Зарқын Сыздықұлымен танысқанымыз осы кез. Оқуға түсуге бір көмегі тиер деген ниетпен мек­тепте алған грамоталар мен мақтау қағаз­дарын, аудандық газетке шық­қан мақалаларымның қиындысы са­лынған папканы құшақтап аудиторияға кір­дім. Оншақты жас жиналып қалыпты. Кейін бәрі дерлік мықты журналистерге айналды ғой, ол кезде ауыздарынан ана сүті кеуіп үлгерме­ген қарадомалақтар. Бар байлығымды жайып тастап, мақтанып көрсетіп жатқанмын. Захаң бір жымиды да: “Мыналарды өзің жазып әкелген­сің бе? Мөрі қайда?” – деді бір бу­ма қағазды маған қарай итеріп. Қып-қызыл болып кет­тім. Қарасам, шыны­мен де, кейбіріне мөр басылмапты. Ауыл мектебінде оған кім назар ауда­рып жатыр дейсіз. Мән берместен бер­генін ала беріппіз ғой. Осылайша алғаш рет журналистік қырағылық де­геннің не екенін ұқтым.

Мамандық бойынша пәндердің барлығын Зарқын Сыздықұлы өзі оқытты, тек тіл мен әдебиет және тарихты ғана өзге факультет ұстаздары берді. Сондықтан да болар, кей күндері таңертеңнен кешке дейін ұстазымыздың ғана лекциясын тыңдайтынбыз. Басында Захаңның сабақ бойы, сабақ бойы деймін-ау, күн ұзаққа түрегеліп тұрып дәріс оқитынына таңғалатынбыз. Орындыққа неге отырмайды екен деп ойлап қоямыз. Себебін кейін білдік қой, омыртқасына ота жасатқанын. Отыруға болмайды екен. Сағаттап тапжылмай тұрып сабақ беру – ерлікпен пара-пар ғой. Осы сәттен бастап ұстазымыздан қайсарлықты үйрендік.

Зарқын ағай өз пікіріңді ешкімнен қорғаламай ашық айту, шындықты жасырмау, өтіріктен аулақ болу сияқты қасиеттерді шәкірттерінің бойына сіңіруге тырысты. Жалпы ол кісінің алдында жарты сағат отырған адам ұлтшыл болып шығатын. Ал төрт жыл бойы дәрістерін тыңдаған біздің “жағ­дайымыз” айтпасақ та түсінікті. Университеттегі жиналыстардың бірінде қазақ топтарына арналған оқу залының жағдайы орысша оқитын студенттердікіне қарағанда өте нашар екенін айтып, ректорды “жағадан алғаным” бар. Жүздеген студенттің ал­дында шындықты бетіне айтып, “абыройын түсіргенім” үшін оқудан шығара жаздаған. Бірақ ұстазымыз үйреткендей тура жолдан тайған емеспіз. Әлі де шамамыз келгенше сол ұстанымға берікпіз.

Ол – кісі әрбір қадамын аңдап басатын, айтар сөзін ойланып барып айтатын адам. Алайда батыр аңғал ке­летіні сияқты кейбір сәтте езуге күлкі үйіретін қылықтары да бар. Топтағы ұлдардың саны бір қолдың саусағындай ғана, оның өзінде бәрі бірдей оқуға келе қоймайтын. Ал қыздар жағы қалмайды, ең соңғы сабаққа дейін отырады. Қызық осы кезде бастала­ды. Захаң ақ “Жигулидің” жарығын өшіруді үнемі ұмытып кететін. Кешке дейін тұрғанда аккумляторда қуат қалушы ма еді? Итеру керек. Қысқа көй­лек, біз өкше туфли киген группалас­тарымның Пушкин көшесінің бойы­мен ары-бері ақ “Жигулиді” итеріп жүргені есіме түссе, қазір бір күліп аламын. Ағайдың қызықты оқиғалары бұнымен бітпейді. Бірде бензин құюға тоқтап, ақысын төлеуге кеткен Гүлнәр жеңгейді жанармай құю стансасында қалдырып үйіне кетіп қалғаны бар. Автотұраққа өзі қойған көлігін ұмытып үш күн іздеп, полицияға хабарлай жаздағаны да бір қызық әңгіме.

Алматыдағы аға буын журналис­тер арасында өздерін “Шерағаңның шинелінен шыққанбыз” деп санайтын әріптестеріміз бар. Ұстазды құрмет­теу үшін бұдан асқан теңеудің қажеті жоқ-ау, сірә. Біз де бұл тіркесті өзіміз­ше өзгертіңкіреп, “Захаңның шапанынан шыққанбыз” деп мақтанып жүре­міз. Жақын­да университетке жолым түс­ті. Са­бақ болып жатыр екен. Рұқсат сұрап кіріп, аудиторияның артқы орынды­ғына жайғастым. Студенттердің бірі сұрақ қойып, екіншісі сабақ айтып жа­тыр. “Ата, мен айтайыншы…”, “Атай, мынаның жауабы қалай?..” деп жан-жақтан шулауда. Зарқын ағамызды, Зарқын Сыздықұлын қазіргі шәкірт­тері “ата” дейтінін бірінші рет естідім. Естідім де таңғалдым. Қандай жара­сымды көрініс! Қарап отыра бергің келеді!

Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan” газетінің бас редакторы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp