«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Премьер-Министр солтүстікқазақстандық аграрийлермен кездесті

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгін, 6 мамырда Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстан облысына келді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.

Үкімет басшысы сапар барысында өңірдегі өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын аралап, әлеуметтік және өндірістік нысандар құрылысымен танысады, облысты кешенді дамытуға байланысты кеңес өткізеді. Үкімет басшысы Қызылжар ауданындағы «Петерфельд Агро» ЖШС-да болды. Онда Әлихан Смайылов көктемгі егіс жұмыстарының барысымен танысты.

Премьер-Министр Солтүстік Қазақстан облысы әртараптандыруда көш бастап тұрған, еліміздің басты астықты өңірлерінің бірі екенін атап өтті. Мұнда майлы дақылдардың егіс алқабы шамамен 1 млн гектарға жетті, бұл – еліміздегі ең жоғары көрсеткіш.

-Өңірдің бәсекеге қабілетті өнімнің ірі өндірушісі мен жеткізушісі болуға барлық мүмкіндіктері мен әлеуеті бар. Маңызды міндет – еңбек өнімділігінің тұрақты өсуін қамтамасыз ету және жаңа технологияларды енгізу. Осы шаралардың барлығы халық табысының нақты өсуіне жол ашуы тиіс, — деді Үкімет басшысы.

Әлихан Смайылов облыс аумағында іске қосылған 22 заманауи ферманың біріне соқты. 5 жыл ішінде өңірдегі сүт өндірісінің өсімі 30%-ды құрады, сүтті қайта өңдеу үлесі 40%-дан 55%-ға дейін артты. Жыл соңына дейін тағы сегіз сүт кешенін ашу жоспарланып отыр.

-Жыл сайын елімізде кемінде 35 тауарлы-сүт фермасын, оның ішінде өнеркәсіп үлгісіндегі 10-15 ферма салу жоспарда бар. Мұндай жобаларды іске асыру өндіріс көлемін ұлғайтуға, сүт өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін арттыруға, импортқа тәуелділікті азайтуға, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Осы бағыттағы жұмысты жалғастыру қажет, — деді Премьер-Министр.

Сондай-ақ, Әлихан Смайылов аталмыш кәсіпорында жергілікті шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесу өткізіп, салық салу, субсидиялау, кадрларды даярлау, тыңайтқыштар жеткізу және ішкі нарыққа шығарылатын ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алу мәселелерін талқылады.

-Субсидиялауға келетін болсақ, мұндағы басты міндет – өнімділікті арттыру, яғни республикалық бюджеттен бөлінген әрбір теңге өнімділікті ынталандыруға бағытталуы тиіс. Осы орайда біз жергілікті атқарушы органдарға өңірдің ерекшелігіне және жағдайға байланысты субсидиялардың өзге де түрлерін қолдануға құқық береміз. Қалай болғанда да, субсидиялаудың жаңа тәсілдері ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер – сіздермен бірге қабылданады, — деді Әлихан Смайылов.

Премьер-Министр шаруалардың сұрақтарына жауап беріп, тиісті мемлекеттік органдарға оларды шешу жолдарын бақылауда ұстауды тапсырды.

Фото: ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсынан

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp