Қоғамда қалыптасқан күрделі саяси жағдай бәрімізді қатты алаңдатқаны белгілі. Кешегі қаралы қаңтар оқиғасынан кейін сансыз сауалдар сананы сансыратып, көкейге тікендей қадалды. Енді не болады, қайда барамыз, кімге сенеміз деген сықылды болашаққа күмәнмен қараушылық, торығушылық, сенімсіздік бұлты көңілімізді торлағандай күй кештік. Осынау алмағайып кезеңде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауын жариялап, еліміздің саяси жүйесін түбегейлі өзгертуге бағытталған, ауқымы кең, мазмұны терең бағдарламалық реформа жайлы егжей-тегжейлі баяндап берді. Мемлекет басшысының: “Маған елімнің амандығы мен жерімнің тұтастығынан асқан ешбір құндылық жоқ. Халыққа қажетті реформаларды жүзеге асыру – менің Мемлекет басшысы ретіндегі басты міндетім. Саяси жаңғыру болмаса, елімізді орнықты дамыту, ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгеріс жасау мүмкін емес”, – деген сөздерінен адалдық пен әділеттіліктің нышаны айқын байқалып тұрды.
Бұл бастаманы жұртшылық бірден қолдап, саяси өзгерістерге, яғни жергілікті өзін-өзі басқару ісінен бастап, жалпыұлттық сипаттағы мәселелерге дейін – барлық деңгейде шешім қабылдауға белсене қатысуға дайын екендіктерін көрсетті. Енді міне, сол өрелі өзгерістерді бастаудың оңтайлы уақыты туды. Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, мүлтіксіз іске асырылатын бастамалар қаңтар оқиғаларынан әлдеқайда бұрын мұқият ойластырылып, пысықталған. Алуан түрлі ұсыныс-пікірлер мұқият зерделеніп, қоғамның қажеттілігі мен сұранысына негізделген саяси жүйені жаңғыртудың кешенді бағдарламасы қабылданды. Қоғамды дәйекті түрде демократияландыру жолында мемлекеттің орнықты әрі басқаруға икемді болуы бірінші кезекте ескерілді. Өйткені, ішкі-сыртқы геосаяси шиеленісі кезінде жалпыұлттық мақсаттан ауытқымау, бірлікті сақтау өте керек. Президенттің: “Реформа жасап жатырмыз деген атақ үшін ғана реформа жасаудың ешкімге қажеті жоқ. Мен мұны бірнеше рет айттым. Біз бұл өзгерістерді жұртқа жақсы көріну үшін жасамаймыз. Құлаққа жағымды, бірақ орындалуы екіталай, күмәнді көрсеткіштерге алданбаймыз”, – деуінің мәні тереңде жатыр. Кез келген өркениетті елдің тәжірибесіне үңілсек, мәселені әр кез ашық талқылап, оңтайлы жолдарын азаматтармен, түрлі қоғамдық ұйым-бірлестіктермен ақылдасып отырады. Осы үрдіске батыл бағыт алған Қазақстан сонда ғана экономикадағы, саясаттағы жасанды монополиядан саналы түрде бас тартып, “халық үніне құлақ асатын мемлекет”, әділетті қоғам құруға шындап бет бұрады. Бар құзырет бір қолда шоғырланған басқару жүйесі қоғамды ұйыстыра алмайтынына, керісінше, бюрократизм, қағазбастылық, сөзуарлық белең алатынына көзіміз анық жетті. Басқарудың суперпрезиденттік үлгісінен мықты Парламенті бар президенттік республикаға көшу қадамы билік институттарының тепе-теңдігін қамтамасыз етумен бірге өкілеттіктердің әртараптануына зор септігін тигізері анық. Мұның өзі өкілді билік тармағын қайта құрып, нығайтуға жағдай туғызады. Түптеп келгенде, саяси жаңғыртудың басты мақсаты саяси үстемдікке барынша шек қою, көппартиялық жүйені дамытуға тың серпін беру, азаматтарды мемлекетті басқару ісіне кеңінен тарту, сайлау үдерісін жаңғырту болып табылады.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІ сессиясында сөйлеген сөзінде саяси және қоғамдық плюрализмнің радикалды сипат алуына, азаматтарды кемсітуге, олардың ары мен намысын таптауға жол берілмейтінін айта келіп, Қазақстан халқы Ассамблеясы жаңа жағдайда бейбітшілік пен келісім жөніндегі саясатымыздың берік әрі институционалды тірегі қызметін атқаратынына сенім білдірді. Тәуелсіздік жылдарындағы үлкен жетістіктеріміздің бірі – елімізде тұратын барлық этнос өкілдерінің жалпыазаматтық құндылықтарды құрметтеуі және өздерін Қазақстанмен байланыстыруы. Елімізді дамытудың өзекті мәселелерін талқылау үшін қоғамды жұмылдыруға бағытталған Ұлттық құрылтай жалпыұлттық диалогтың әмбебап моделіне айналары сөзсіз. Президент Қазақстан қоғамның барлық саласында батыл өзгерістер жолына түскенін атап көрсетіп, Конституцияға елдің саяси жүйесін түбегейлі өзгертетін толықтырулар енгізу туралы бастама көтерді. “Біз жаңа мемлекеттік модельге, мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылының жаңа форматына көшеміз. Бұл сапалы түрде өзгертуді Екінші Республика деп атауға болады. Жұмыс тобы Ата Заңның 33 бабына түзетулер әзірледі. Бұл – тұтас Конституцияның үштен бір бөлігі. Түзетулердің тарихи маңызы бар. Бұл мемлекеттілігімізді дамытудың жаңа кезеңін білдіреді”, – деді.
Шыны керек, көпшілігіміз Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасы Парламент ауқымында қаралады деп ойлаған едік. Алайда Қасым-Жомарт Кемелұлы қолданыстағы заңнамада орныққан рәсімді бұзып, Ата Заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың алдағы ел болашағына айрықша әсерін ескеріп, республикалық референдумда қабылдау жөнінде маңызды қадам жасады. Жалпы референдум мемлекеттік маңызы бар мәселені халықтық дауысқа салу деген мағынаны білдіреді. Мұндай демократиялық құрылым алғаш рет Швейцарияда қолданылған. Референдумның негізгі екі түрі бар. Резолютивті референдумда қабылданған шешімнің ешбір қосымша бекітусіз бірден мемлекет аумағында міндетті күші болады және жаңа референдумда ғана күші жойылады. Консультативті референдум белгілі бір мәселе жайындағы халықтың пікірін білу үшін өткізіледі. Мұндай референдумның қорытындысы билік үшін міндетті болмайды. Халықаралық құқықтық мәселе бойынша референдум өткізу ХХ ғасырдың соңында кең өріс алды.
Қазақстанда референдум өткізу туралы шешімді Президент қабылдайды. Тәуелсіз ел тарихында екі референдум өтті. Біріншісі 1995 жылы 29 сәуірде болып, ел Президентінің өкілеттік мерзімін ұзарту ұсынылды. Ал 1995 жылы 30 тамызда ұйымдастырылған референдум жаңа Конституцияның жобасына арналды. Бір таңданарлығы, “Республикалық референдум туралы” Конституциялық заң қабылданып, содан бері Ата Заңға төрт рет өзгертулер енгізілгеніне қарамастан, халық талқылауына салынбаған, Парламент арқылы қабылдатып келген. Мемлекет басшысы бұл жолы ескі сүрлеуден мақсатты түрде бас тартып, сайлаушылардың еркіне салуды жөн көрді. 33 бапқа 56 өзгеріс енгізілетінін ескерсек, саяси жүйедегі түбегейлі бетбұрыстарды мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы болып табылатын халықтың қатысуымен шешу өте құптарлық. Сөз арасында Қазақстанда бірнеше рет референдум өткізуге қатысты бастамалар көтерілгенімен, билік тарапынан қолдау таппағанын айта кеткен жөн. Соның бірі жер дауына байланысты.
Республикалық референдум дегеніміз – Қазақстан Республикасы Конституциясының, заңдарының және мемлекет өмірінің өзге де неғұрлым маңызды мәселелеріне арналған шешімдердің жобалары бойынша бүкілхалықтық дауыс беру, азаматтардың өз ықтиярымен қатысуы және пікірін ашық білдіруі. Ол жалпыға бірдей, тең және төте қатысу құқығын беріп, жариялылық принциптеріне негізделеді. Бір ескертетін жайт, сот төрелігі, қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік, салық саясаты, бюджет, билік орындарының құзыреті, басқару нысаны, адам бостандығы мен құқығы, әкімшілік-аумақтық құрылым, шекара мәселесі референдумға негіз бола алмайды.
Бұл жолғы референдумды 5 маусымда өткізу жоспарланып отыр. 18 жасқа толған Қазақстан азаматтарының барлығы ұлтына және нәсіліне қарамастан қатыса алады. Сот шешімімен іс-әрекетке қабілетсіз деп танылғандар және бас бостандығынан айырылғандар дауыс бере алмайды. Қоғамдық бірлестіктер мен азаматтар референдумға шығарылған мәселелер бойынша жиналыстар, митингілер өткізуге құқылы. Бақылаушы болудың, дауыс беру тәртібінің, референдум нәтижесін шығарудың өзіндік шарт-талаптары бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев референдум маңызды демократиялық институт екенін, бүкілхалықтық дауыс беру арқылы Ата Заңды өзгерту халықтың еркін білдіруінің жарқын көрінісі екенін айтты. Конституцияға түзетулер енгізумен айналысқан жұмыс тобы қажетті толықтыруларды әзірледі. Солардың ішінде жердің және табиғи ресурстардың иесі халық деген норманы біржола бекітудің саяси мәні айрықша. Осыған орай Конституцияның 6-шы бабына “Жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер және жануарлар әлемі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Мемлекет халық атынан меншік иелігін жүргізуге құқылы” деген редакцияда беру ұсынылған.
Сондай-ақ 27 жылда алғаш рет өткізілгелі отырған референдумда 1995 жылы таратылған Конституциялық сотты қайта құру, жұмыс тәртібін реттеу, Президентке саяси партияларға мүше болуға, ал оның жақын туыстарына саяси және квазимемлекеттік секторда лауазымды қызмет атқаруға тыйым салу, Парламент жұмысы мен сайлау жүйесін өзгерту, адам құқықтарын қамтамасыз ету, тағы басқа мәселелер қамтылып, үлкен өзгерістер мен келелі бетбұрыстардың басы болғалы тұр.
Ақмарал ИБРАЕВА,
тарих ғылымдарының докторы.