«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕРЛІКТЕРІ — ЖАДЫМЫЗДА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ұлы Отан соғысының аяқталғанына биыл 77 жыл толып отыр. Сұрапыл соғыс жылдары Отанын қасық қаны қалғанша қорғаған майдангерлер мен бел жазбай жұмыс істеген тыл еңбеккерлерін мерекемен құттықтауға Мәңгілік алау маңына тұрғындар көптеп жиналды. Қолдарына алқызыл гүл ұстаған майдангерлерге құрмет көрсетіп, қаза тапқан боздақтарды бір сəт үнсіздікпен еске алды.

Жеңіс күніне арналған іс-шаралар легі Мəңгілік алау мемориалдық кешенінен бастау алды. Оған облыс əкімі Құмар Ақсақалов, соғыс жəне тыл ардагерлері, Петропавл əскери гарнизонының, еңбек ұжымдары мен күштік құрылымдардың, жастар ұйымдарының өкілдері, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.

– 9 мамыр – барлығымыз үшін ерекше күн. Биыл адамзат тарихындағы сұрапыл соғыстың аяқталғанына 77 жыл толды. Қан майдан көптеген отбасын қайғы-қасіретке ұшыратып, жақындарынан айырды. Бүгін жұртшылықпен бірге ескерткішке гүл шоқтарын қойдық. Майданнан оралмаған солтүстікқазақстандық жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алдық. Біз әрқашан аға буынның ерлігін мақтан тұтып, ардагерлерімізге құрмет көрсетуіміз керек. Елімізде әрдайым бейбітшілік пен тыныштық болсын, – деді өз сөзінде облыс əкімі Құмар Ақсақалов.

Ұлы Отан соғысы жылдары еліміздің əрбір төртінші тұрғыны майдан шебіне аттанып, жауға қарсы соғысқан. Үзіліссіз 1418 күнге созылған шайқастың оты шарпымаған отбасы аз. Жеңіс күні əрбір солтүстікқазақстандық майданда қаза тапқан атасы мен əкесін, тылда еңбек етіп, соғыстың нəубетін қасқая көтере білген ақ жаулықты аналарымыздың ерлігін еске алды.

Қаламыздың бірнеше бөлігінде ұйымдастырылған концерттік бағдарламалардың барлығы да Жеңіс мерекесіне арналды. Əсіресе “Жеңіс” саябағының қақ ортасында орнатылған стеланың жанында өткен мерекелік шара тартымды болды. Тұрғындар қатарлары күннен-күнге сиреп бара жатқан ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне барынша құрмет көрсетуге тырысты. Облыс əкімі Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым етіп, “Жеңіс” стеласына гүл себетін қойды.

Ұлы Жеңіс күніне арналған мерекелік іс-шаралар Орталық алаңдағы үлкен концертке ұласты.

Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp